«Жұлдыздар» өміріндегі жарыс кімге керек?
Қазіргі таңда кез келген әлеуметтік желіні аша қалсақ та, «Google»-дің «іздеу» тетігін басып қалсақ та жұлдыздардың, танымал блогерлердің, саясаткерлердің кейбірінің жеке өмірлерін жарнамалайтын сайттардан көз сүрінеді. «Анау әнші бүйтіпті, анау саясаткер сөйтіпті», деген жазбалар ойыңды сан-саққа жүгіртіп, ақыр аяғында әлеуметтік желіге не іздеп кіргеніңді ұмытып қаласың. Құдды бір, «өсекшілер» мен «өтірікшілердің» мекеніне түскен сияқты күй кешесің.
Жалпы, мұндай жағымсыз ақпараттардың маңыздылығы қандай? Елімізге танымал атақты адамдардың өмірі кімге қызық? Дәл осындай жазбалар бізге не береді, деген сияқты сұрақтар мазалайды келіп.
Оны былай қойғанда, елге жақсы жағынан танылған танымал азаматтардың кейбір әрекеттерінің әшкере болып жатқанын көрсең, көңілің құлазып сала береді. Жарайды, «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ» дейміз-ау, «пенде болған соң ондай қателік кімде де болсын болады», деп те жылы жауып қоятынымыз бар кейде. Бірақ, қоғамда жақсы аты қалыптасқан атақты «жұлдыздардың» жеке өмірлерінде болып жатқан сұмдықтарын естігенде жаға ұстап қалатынымыз тағы бар.
Әсіресе соңғы уақыттарда әнші Қайрат Нұртас және оның отбасының, Ерке Есмахан және оның зайыбы Raim, Мөлдір Әуелбекова сияқты өнер иелерінің жеке өмірі туралы деректер алдыңғы орыннан көрсетіліп те, жазылып та жүр. Ал, осы ақпараттарға пікір білдірушілер алтын уақытын сарп етіп, сол жазбаларға ерінбей өз ойларын жазып отырады.
Сайттардың жағдайы белгілі. Олар бұл тақырыптарды көп қаралым жинап, ақша табу үшін ғана жасайды. Ал, мұндай жазбалар біздің болашақ ұрпағымыздың психикасына қалай әсер ететінін ойлап жатқан бірде-бір жан жоқ. Мейлі, жастарды былай қойғанда, егде жастағылар да танымал адамдардың өміріне қызыға қарайтыны ақиқат. Әттең, дәл осындай сайттарға тосқауыл қойып, заңмен қудалайтын арнайы органдар болса ғой. Мына қоғам барынша түзелер ме еді, кім білсін?!
Қазіргі кезде әлеуметтік желілердің дамығаны соншалық, түрлі сайттар пайда болып жатыр. Олардың ішінде көп қолданатыны: Instagram, Facebook, You Tube және тағы басқалары. Бұл программалар несімен қызық? Тағы да айналып келгенде танымал тұлғалардың жеке өмірі.
Тақырыпты негізге ала отырып, психология ғылымдарының магистрі, педагог-шебер Мира Өскембаевадан сайттардағы бей- берекетсіз жазбалардың адам психикасына қалай әсер ететінін сұрап, білген едік.
Психологтың айтуынша, қазіргі таңда танымал адамдардың өміріне қызығушылық жастар арасында ғана емес, сонымен бірге ересек адамдардың да арасында көп кездесетін көрінеді. «Әрине, жазбалардың кей тұстары мотивация берсе, кейбір тұстары арқылы жастардың еңбек етуге ынтасын су сепкендей басады. Неге десеңіз, мұндай жазбалар оңай олжа табуға итермелейді. Мысалы, блогерлердің өмірін көптеген жасөспірімдер қарап, бақылап, оңай жолмен өмірлерін өзгертуге тырысады. Оңай ақша табудың жолын іздеп жатады. Солай өтірік ойындарға қатысып, ұтылып, дұрыс емес жолға түсіп жатқандары да бар. Өздеріңіз білесіздер, қазірде жасөспірімдер оңай әрі тез олжаға кенелемін деп ойлайды. Еңбекпен табатын ақшаны аз көріп, жеңіл жұмыстарды іздейді. Яғни, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргілері келеді. Бірақ, оңай жолда олжа жоқ екенін жастар түсінуі тиіс. Бұл жастардың бойында жауапкершілік сезімін су сепкендей басып, дамуына кедергі келтіреді. Өзіне деген сенімсіздік пайда болып, еріншектікке бой алдырады. Егер ойындағылары іске аспай қалса, агрессия, стресс, күйзеліске түседі», дейді Мира Аманжолқызы.
P.S. Әрине, әлеуметтік желіні адамдар әртүрлі мақсатта пайдаланады, оның ішінде жаңа нәрселерді жасап, соны жұртқа ұсынуға да мүмкіндік бар. Бірақ көп адамдар жаңа нәрсе жасағаннан, ұсынылып жатқан ақпараттарды тұтынғанды жөн санайды.
Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, әлеуметтік желі пайдасыз деп айтудан аулақпыз. Желіні дұрыс пайдаланып, соның көмегімен біреу өз бизнесін жүргізіп жатса, біреу қайырымдылық жұмыстарын өткізіп жатыр, енді біреуі өзінің оқып, көріп, білген-түйгенін жұртпен бөлісіп жатыр. Одан бөлек, түрлі сайттар арқылы соңғы жаңалықтар мен оқиғалардан әрдайым хабардар болып отырасың. Оған қоса, түрлі көңіл көтеретін музыкалар мен әндер, фильмдер мен кітаптар, лекциялар мен мақалаларды да қалағаныңша тауып оқуға болады.
Мақпал СҮЙІНБАЙ