ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ҚАУІПСІЗ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 7 МЫҢНАН АСТАМ БЕЙНЕКАМЕРА ОРНАТЫЛДЫ

Түркістан облысында балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында «Қауіпсіз мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында биыл облыстағы 908 мектепке 7 100 бейнекамера, бала саны 700-ден асатын 284 мектепке турникет, 193 мектепке қоршау орнатылуда. Бұдан бөлек, 573 мектеп кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, 937 мемлекеттік білім беру ұйымының барлығына дабыл батырмасы орнатылды. Сонымен қатар, 119 мектептің санитарлық-гигиеналық тораптары жаңартылды.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, облыстағы мектептерде 1-4 сыныптағы оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін тапты. Айта кетейік, Түркістан облысында биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 53 222 бала барды, 11-сыныпты 29 422 оқушы бітіреді. Өңірде жалпы 1 029 мектепте 519 мың оқушы білім алады. Оның 908-і — мемлекеттік болса, 121-і – жекеменшік. Облыста 1 393 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 98,5%-ды құрайды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі