ШАРУАЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАУЫ ТИІС
Үстіміздегі аптаның сәрсенбісінде аудан әкімі Әлихан Балқыбеков Қылышбай ауылдық округінде орналасқан Оспанбай Ибраевтың иелігіндегі «Нұрасыл» шаруа қожалығында болып, қыстың суық күндеріндегі шаруашылық жағдайын көріп қайтты. Аудан басшысымен бірге аудан әкімінің ауыл шаруашылық саласына жетекшілік ететін орынбасары Ержан Әмірханов, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуандық Төлеубеков, аудандық ветеринариялық станциясының бас маманы Болатбек Серікбаев және Қылышбай ауылдық округінің әкімі Бәкір Исабековтер барды.
Шаруаның қыстың суық күндеріндегі жағдайын көруге барған жұмысшы топ қора-жай, шөп жиналған мая, жем, отын жиналған қамбаларды көріп шықты.
Зейнетке шыққаннан кейін жұбайы Роза апке екеуі өздеріне ұнамды шаруашылықты игеріп отырған Оспанбай аға аудан басшылығына мемлекеттік мекемелерден көрсетіліп жатқан қызметтерді атап өтіп, алғысын білдірді.
–Жалпы ауданда ветеринария, ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген мамандардың жұмысына көңілім толады. Шаруаларға ұсынылатын көмектің бәрі дер кезінде көрсетіліп келеді, күн қуатын пайдаланатын электр жүйесін алдық. Малдарымыз уақытылы емделіп тұрады. Ауыл әкімі Бәкір де жиі-жиі келіп жағдайымызды біліп тұрады. Жем-шөп жеткілікті. Ауданда шаруаларды қолдау жоғары дәрежеде деп бағалаймын, – деді Оспанбай Қапанұлы.
Содан соң, аудан басшысы Әлихан Әбілашұлы мал шаруашылығында еткен еңбектеріңіз берекелі болсын! Қыстан аман-есен шығыңыздар! Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, асылдандыру бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жақсылықтарын көріңіздер, депОспанбай ағаның кәсібіне сәттілік тіледі.