ПОЙЫЗ ЖОЛАУШЫЛАРЫ ҚАЖЕТТІ КӨМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛУДЕ

Жолаушыларға көмек көрсету жұмыстары жалғасуда. Қазіргі кезде қалың қардың салдарынан уақытынан кешігіп, Шу қаласының вокзалына тоқтаған пойыздардың жолаушыларына қажетті көмектер беріліп жатыр.
Жергілікті әкімдік пен құзырлы органдар тарапынан кезекшіліктер ұйымдастырылып, жолаушылар мен жолсеріктерге ыстық тамақтар ұйымдастырылып, үлестірілуде. Осы орайда, жолаушыларды ыстық тамақпен қамту жұмыстарына ауданымыздың жеке кәсіпкерлері де көмек қолын созып, қала тұрғындары да мейлінше атсалысуда. Аталған көмек темір жол желілері толық тазаланып, пойыздар өз кестесімен жүргенге дейін жалғасатын болады.
Құрметті жерлестер, табиғи апаттың айтып келмейтіні анық. Дегенмен де, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынына қазіргі қиын кезеңде тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмыз. Бұның барлығы өз жерлестеріміздің игі іске келгенде қарап қалмайтындығының, қиындыққа тап болғанда бір үйдің баласындай біріге кететінінің арқасы екені сөзсіз. Барлық жерлестерімізге тек алғыс айтамыз.
Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі