ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҒЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСЫП, ТҰРҒЫНДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында орналасқан жылу қазандығының жағдайымен танысты. «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты №2 қазандық арқылы «Жаңа қаладағы» 13 көпқабатты үй, 892 пәтер жылумен қамтамасыз етілуде.
Жылу беру мәселесі облыс әкімінің қатаң бақылауына алынған. Өңір басшысы қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен жылу орталығының басшысына орталықта тәулік бойы кезекшілік орнатып, тұрақты бақылауды тапсырды. Орталықта 7 қазандық бар. Бәрі жаңа, әрі жұмыс істеп тұр.
– Жылу орталығын, қазандықтарды тұрақты бақылап жүрміз. Барлығы жаңа және жұмыс істеп тұр. Жылу мөлшері талапқа сай. Жылудың сапасы түсуінің бірінші себебі – насостардың күші жетпеген, оларды ауыстырдық. Мәселе шешілді. Екіншіден, терезелердің сапасына да тіреліп тұр. Қатты дауыл салдарынан үйлер салқындады. Ал жалпы жылу өз мөлшерінде беріліп жатыр, – деген Дархан Сатыбалды құрылысты талапқа сай атқармаған мердігерлерге тұрғындармен кездесіп, олқылықтардың орнын толтырып беруді тапсырды.
Тұрғындар тарапынан жеделсаты, терезенің сапасыздығы, ыстық судың жоғары қабатқа көтерілмейтіні, кейбір сыртқы есіктердің сапасыздығы туралы пікірлер айтылды. Үйлердің бәріне зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Облыс әкімі тұрғындардың үйін аралап, көріп шықты. Тұрғындармен еркін пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдады. Кездесуде көтерілген мәселелер хаттамаға енгізілді. Шаһар басшысына, жауапты басқарма басшыларына және мердігерлерге тапсырмалар берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі