АРДАГЕРЛЕР АЗАЙЫП БАРА ЖАТЫР
Бүкіл елге қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда елімізден екі миллионға жуық ұлдар мен қыздар Ұлы Отан соғысына қатысты. Олардың қатарында Сарысу жерінен майданға аттанған жауынгерлеріміз де бар. Олар Отан үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосқан аға буын өкілдеріне бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз.
Жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміздің қатары сиреп барады.
Бүгін аудан жұртшылығы соғыстың соңғы сарбаздарының бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері Шаменов Кемелбек қарияны соңғы сапарға шығарып салды.
Шаменов Кемелбек 1921 жылдың 15 наурызында Оңтүстік Қазақстан облысы Шәуілдір ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. 1941 жылы бүкіл елге қасірет алып келген соғыс өрті тұтанғанда қолына қару алып, елін қорғау үшін майданға аттанды. Неміс басқыншыларына қарсы соғысып, Отанын қорғады. Соғыстан ауыр жарақат алып оралғаннан кейін, елді көркейтуге бар күш-жігерін салды. «Алексей нан» заводында жүк тасушы, кейінен ұзақ жыл ауданымыздағы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде зейнетке шыққанға дейін еңбек етті. Кемелбек аға өзінің ұзақ жылғы ғұмырын Сарысу ауданының, Жаңатас қаласының өсіп-өркендеуіне арнады. Зейнетке шыққаннан кейін де аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде аудан өміріне, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Жастардың ақылшысы болды.
Ұрпақ өсіріп, бірнеше немере, шөбере сүйген ауданымыздың абыз ақсақалына, қазыналы қариясына айналды. Ұлы Отан соғысындағы және еңбек майданындағы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, көптеген салалық және мерекелік медальдармен марапатталды.
Сарысу ауданының Құрметті азаматы атанды.
Ауданның абыз ақсақалына айналған ардагер ағаның майдан даласындағы ерлігі, елі үшін еткен еңбегі өскелең ұрпаққа үлгі, тәбиелік мәні зор.
Жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін Ұлы Жеңіс сыйлаған қадірлі Кемелбек ағаның жарқын бейнесі жерлестерінің есінде ұзақ уақыт сақталатын болады.