ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «БҰЛ – КЕМШІЛІКТІ КЕШІРМЕЙТІН САЛА»

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облыста орын алған табиғи сипаттағы апаттар және олардың салдарын жою барысы бойынша мәжіліс отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, барлық құзырлы орган басшылары, аудан, қала әкімдері және өзге де жауапты тұлғалар қатысты. Мәжілісте облыс басшысына орын алған жағдайлар бойынша атқарылған жұмыстар барысы баяндалды. Облыс әкімі табиғи сипаттағы апаттар мен олардың салдарын жою барысы бойынша барлық жұмыстарға егжей-тегжейлі талдау жасауды қатаң ескертті.
— Төтенше жағдайдың салдарын жоюға емес, алдын алуға басымдық беру қажет. Бұл мәселені талдап, кешенді жұмыс атқару керек. Ала жаздай дайындық тоқтаған емес. Алайда әлі де әлсіз тұстардың бары білінді. Табиғаттың тосын мінез танытуына жан-жақты дайын болуымыз керек. Бұл – қателікті көтермейтін, кемшілікті кешірмейтін, аса үлкен жауапкершілікпен атқаратын сала. Осыны естен шығармаңыздар,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Отырыста облыс әкімінің бірінші орынбасары З.Жолдасов, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы А.Төлешов, Кентау қаласының әкімі Ж.Тасов, Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков, Түлкібас ауданының әкімі Н.Ізтілеуов, Бәйдібек ауданының әкімі Е.Нұрмаханов, Сауран ауданының әкімі М.Таңатаров соңғы тәулікте атқарылған жұмыстардың барысын баяндады.
10-14 желтоқсан аралығында облыс аумағында температураның күрт төмендеуі және қалың қар, дауылды желдің әсерінен бірқатар апатты жағдайлар орын алды. Осыны ескере отырып, Түлкібас ауданы және Кентау қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар жарияланды.
Ауа райының аяқасты құбылуына байланысты, бұрқасын боран салдарынан Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар жол уақытша жабылған. Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек аудандарында облыстық маңызы бар жолдар қар құрсауында қалды. Толассыз жауған қардан тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Облыстық маңызы бар 16 жол қардан толық тазартылды. Қардан тазарту жұмыстарына 200-ден астам адам мен 100-ге жуық арнайы техника мен жұмылдырылды. Қар құрсауында қалған 74 жеңіл және 16 ауыр автокөлік, 357 адам шығарылды.
Облыс аумағындағы республикалық жолда тұрып қалған 600-ден астам автокөлік пен 1 мыңнан астам адам бар. Олар жылу пунктіне орналастырылып, ыстық тамақпен қамтылған.
Мәжілісте «ҚазАвтоЖол» АҚ тарапынан орын алған техниканың жетіспеушілігі, жолдардың кеш тазалануы секілді орын алған кемшіліктері айтылды. Облыс әкімі мәселені тыңғылықты зерделеп, тиісті органдарға хаттама жіберуді тапсырды.
Дауылды желден Кентау қаласындағы 10 нысанның шатыры мен терезелеріне және сыртқы қаптамаларына зақым келді. Оларды қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
— Кентаудағы жылу орталығының қазандықтары қазір қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Дауылды желден «Оңтүстік ЖарықТранзит» ЖШС-нің электр желілерінің апатты өшуіне байланысты бірнеше рет тоқтау орын алған болатын. Қазандықты қайта іске қосқаннан кейін желілерде пайда болған гидравликалық соққы әсерінен ішкі кварталдық желілер зақымданды. Оған қоса, тұрғындар тарапынан пәтерлерде жаппай суды ағызу фактілері анықталды. Бұл өз кезегінде жүйедегі жылу температурасын көтеруге және қалыпты режимге жеткізуге кері әсерін тигізді. Аталған мәселені шұғыл шешу мақсатында жергілікті полиция департаментімен бірлесіп, үйлерді аралау және тұрғындарға суды әдейі ағызбау бойынша түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды,- деді облыс әкімінің бірінші орынбасары З.Жолдасов.
Шұғыл шаралар нәтижесінде, жылу жүйесінде орын алуы мүмкін қауіпті апаттар тоқтатылып, жылу режимі тұрақталды. Жылу сапасын арттыру бойынша жұмыстар әліде жалғасуда.
Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда.
Сондай-ақ Бәйдібек, Сауран, Ордабасы және Түлкібас аудандарында дауылды желден электр желілері үзіліп, бірқатар абонент жарықтан ажыратылды. «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің өкілдері мен жергілікті әкімдік тарапынан қалпына келтіру жұмыстары үдіксіз жүргізілуде.
Қалпына келтіру жұмыстары бойынша демеушілер тартылуда. Облыс әкімі барлық жұмыстарды қысқа мерзімде, шұғыл түрде аяқтауды тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі