МАҚТА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУ БОЙЫНША ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІЛДІ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компаниясының бас директоры Чжан Цихаймен кездесті. Кездесу барысында Түркістан өңірінде мақтаның жоғары сұрыпты түрін өсіру, тамшылатып суғару технологиясын енгізу және мақта өңдеу зауытын салу мәселесі сөз болды.
– Сіздерді Түркістан облысында қарсы алғаныма қуаныштымын. Түркістан – Қазақ халқы үшін ғана емес, Түркі әлемі үшін құнды, тарихи шаһар. Қазіргі таңда Түркістан облысы – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық сондай-ақ, туристік әлеуетке ие. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сіздермен жаңа жобаларды талқылап, әріптестік орнатуға дайынбыз. Өңірімізде ауыл шаруашылығы, өндіріс және туризм салаларына басымдық беріліп отыр. Мақта шаруашылығы дамыған. Сіздермен иірілген жіп, мата және кілем өндірісі мен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі бар. Өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – индустриалды аймақтар және «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы. Аталған алаңдар инвесторларға зауыт ашу үшін дайын инфрақұрылым, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктерді ұсынады. Мақсатымыз – өндіріс орындарын ашып, жұмыс орындарын көбейту, – деді Дархан Сатыбалды.
«Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компаниясының бас директоры Чжан Цихай Түркістан облысында мақта өңдеу зауытын ашуға ниетті екенін жеткізді.
– Біздің компания – мақта кластері бойынша Қытайдағы көшбасшылардың бірі. Мақта өсіру, өңдеу, жіп және мата, киім шығаруға дейінгі жобаларды жүзеге асырамыз. Компания иелігінде 115 зауыты бар. Компанияның жалпы активі 3 млрд. АҚШ долларынан асты. Қытай нарығына 8,5 млн. тонна мақта керек. Оның 3,5 млн. тоннасын шетелден алуымыз керек. Келудегі мақсатымыз – Қазақстаннан мақта сатып алу және мақта өңдеу зауытын ашу. Осында тамшылатып суғару технологиясын енгізіп, жоғары сұрыпты мақта өсіру. Әріптестік орнатуға дайынбыз, – деді ол.
Кездесуде мақта кластерін дамыту мәселесі терең талданып, қос тарап тағы да кездесу өткізу, мақта зауыттары мен алқаптарын бірге аралау жөнінде уағдаласты. Түркістан өңірінің делегациясы компанияның зауыттары мен мақта алқаптарына барып, тәжірибе алмасады. Келіссөз сәтті өтсе, Түркістан өңірінде жоғары сұрыпты мақта өсіріліп, жіп, мата өндіру зауыты салынып, өнімдер шетелге экспортталмақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі