Адами құндылықтар насихаты

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Достық үйінде» «Мәміле» қазақ тілі пікірталас клубы жобасы жұмысын қорытындылады. Оған клуб мүшелері, этномәдени бірлестік, «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері, тіл үйренушілер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Жиынды мекеме басшысы Мүбарак Жинақбаева ашып, жүргізіп отырды. Жиында қазақ халқының тарихи және мәдени мұрасын, салт-дәстүрлерін, менталитетін және өмірлік құндылықтар жүйесін зерделеу арқылы мемлекеттік тілді үйрену көзделген.

Бұған дейін 7 отырысы өткен «Мәміле» пікірталас клубында отбасы, туыстық қатынастар, еліміздің әдебиеті мен тарихына, ұлттық-мемлекеттік мерекелеріміз бен атаулы күндерге, қоғамдағы жастардың мәселелері көтерілді. Әр отырысқа мәдениеттанушы, тарихшы, тілдің кәсіби оқытушылары, креативті, белсенді спикерлер тартылды.

Сондай-ақ, бүгінгі «Мәміле» отырысының қонағы «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, қоғам белсендісі Исламбек Дастан дені жастардан құралған пікірталас алаңы жұмысына пікір білдірді.

Ал, қатысушы жастар ғалым Сәмен Құлбарақтың ұлы Абайдың өмірі туралы ізденістерін және спикер Ринат Нұрақбаевтың отбасы құндылықтары жайлы сабақтарын ерекше атап өтті.

Жалпы, «Мәміле» клубы қатысушыларының жас ерекшелігі және мамандықтары әр алуан. Бірі – дәрігер, бірі ағылшын мұғалімі, теміржолшы, сондай- ақ банк, мәдениет қызметкерлері. Барлығының басын қосқан бір қасиет – мемлекеттік тілді еркін игеруге деген құлшыныс.

Тіл жанашырларына арналған басқосуда Махмұд Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухаббат Турдыеваға арнайы сыйлық берілді.

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, мәртебесін асқақтатуға байланысты іс-шараларға жыл бойы атсалысып келе жатқан клуб мүшелеріне сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.

Аталмыш клуб жұмысы алдағы жылы өз жұмысын қарқынды жалғастыратын болады және онда дәстүрлі жағдайларда қазақ тіліндегі диалогтарда ауызекі сөйлеу дағдылары меңгеріліп, шешендік өнер де игерілмек.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы