ЗӘҢГІНІҢ ШЫЛАУЫНА ОРАЛҒАН ҚЫЗ – ҚАЗАҚ ҮШІН ЖОҒАЛҒАН ҚЫЗ
Жуырда «Алматы Арена» сахнасында ән шырқап кеткен американдық Akon-ның кеші ел аузынан түсер емес. Бұл жолы кілтипан алыстан ат артып келген өнерпаздан емес, өзіміздің қаракөздерімізден шықты. Өнер иесімен қосыла шырқаған қыздар оған деген «құрметті» іш киімін лақтырып білдіріпті. Масқара. Естімеген елде көп.
Қайда бара жатырмыз? Осы ой мені соңғы жылдары қатты мазалайтын болып жүр. Тап бүгінгі тірлігімізге қарап «ұлт болып қала аламыз ба, жоқ па» деген күдік те бой көтереді. Иә, күн сайын тотыдай түрленген ғалам, адам баласының бар болмысын ұрлап, қадір-қасиетін тонап, салт-дәстүрін сыпырып алып кетіп жатыр. Қарап отырсаң өркениеттің шыңына шыққан елдер кері кетуде. Абай айтқан «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық» адам баласын аздыруда. Азғындаған балалар, есірткіге елтіген жастар, еркекшора қыздар, қатынға үқсаған жігіттер әлемде көбеюде. Өкінішке қарай бізде де бар. Ара-тұра өз құқықтарын талап етіп шерулетіп қояды. Тап осы қарқынмен жылжи берсек, «Қызға қырық үйден тыю, ұлға отыз үйден тыю» болмаса, қазақ деген ұлы халықтың жер бетінен жойылып кетуі тақау. Осы орайда мемлекет билігі ұлттық идеологияны ту етіп көтермесе – кеш болмақ.
Шашын бояп, құлағына сырға тағатын қызтеке ұлдар мен ерлерше киініп, шарт-шұрт түкіретін еркекшора қыздарды көрсем түңіліп кетемін. Бір өкініштісі, солардың теріс әрекеттерін мінеп, түзу жолға бастайтын аға-апаларымыз үнсіз қалып, еш іс-әрекет танытпай жатқандығы жанға батады. Үкімет «Сен тимесең мен тимен бадырай көз» кейпінде. Қашан тоқтам болады? Меніңше, бар мәселе еліктеуде болып тұр. Өйткені бүгінгі таңда теледидарымыз бен интернетіміз жат елдің сериалдарына толы. Соларға үңілген оқушы қыздарымыздың кәріс әртістеріне ғашық болып, соларға тұрмысқа шыққысы келетіндерін байқадым. Бұл ұят емес пе?! Бүгінде қыздарымыздың кәріс бойжеткендері сияқты қысқа көйлек киюге деген құштарлықтары да басылар емес. Яғни, «Етегіңді жауып жүр» деген дана халқымыздың ақылын елейтін қыздар азайып бара жатыр. Ал ер азаматқа тән қасиеттерден жұрдай жігіттерді көргеніңде, ашуға булығасың. Мәселен, бүгінде кей жастар «Ninety One» тобының әншілерін үлгі санайды. Бет-шашын бояп, құлақтарына сырға тағып, тыртиған шалбар киген бұл «өнерпаздарға» еліктеуге бола ма?! Ділі біздің қазақы дәстүрімізге жат халықтың киносын көріп, әнін тыңдағанда тұрған ештеңе жоқ делік. Алайда, өз ұлттық құндылықтарыңды жоғалтып, жылтырағанға еру – шалыс басқандық емей немене.
Атам заманнан қазақ отбасында бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген даналыққа толы нақыл арқылы халқымыздың бала тәрбиесіне қаншалықты мән бергенін түсінеміз. Ежелден қазақ баласы «Әкең келе жатыр» деген бір-ақ сөзбен тәрбиеленді. Ал балаға дастарқан басына әкесі келмей, тамаққа қол созбауды, «әкеңе айтам» деп баланы тәртіпке шақыруды аналары үйрететін. Еліміздің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, келешекте ана, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындырып, әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, шыншылдыққа баулыған. Бойжеткен, ару қыздарын сырт көзден сақтаған. Қыз ибасы, қыз әдебі дегенге жеңіл-желпі қарамаған. Гендерлік саясатты дамыту, әйел мен еркектің теңдігін жолға қою ісі айналып келгенде әйелдерді «еркектерден қай жерің кем?» деп елірте беру емес. Бұлай ұғыну қисынсыз. Кейбір әйел заты қиындыққа шыдамай, еркекше шылым шегіп, шарап ішіп, өмірін өксітіп жатады. Бұл – әрине, біздің қазаққа жат қылық.
Көпке топырақ шашқаным емес, аға ұрпақтың ісін жалғап, тектілігін сақтаған қазақтың жігіттері мен қыздары баршылық. Бірақ өте аз. Қазақ қоғамындағы жастардың шетелдің шым-шытырық дүниелеріне еліктейтіндері жақсылық нышаны емес. Білгенге өз қағынан жеріну. «Заманы басқаның адамы басқа» екен деп, жігіттер қыздардың сызыла күліп, майыса жүргенін қайталаса, намысын ұмытып, өзімшілдікпен күн көрсе, ұлттың ендігі күйі қандай болмақ?! Қызың шетелдің зәңгі әншіне іш киімін лақтырса жеткен жеріміз осы болғаны да.
Кеңестік заманды қоя қоялық, азаттық алған 32 жылда тәуелсіз қазақ даласына, ашық-шашық жатқан қаласына кімдер келіп кімдер кетпеді десеңізші? Рим папасына да елден асырып құрмет көрсетіп, қолын сүйгенге мәз болған басшыларды да көрдік. Айта берсек, рухани, мәдени шегарамыздан әнші де, күйші де, көгілдір де, жезөкше де, ұры да, қары да, суайт та, жексұрын да, сатқын да, қаскөйде еркін кіріп, ойына келгенін жасап, аларын асап-асап, кетерінде ұлтымыздың бетіне түкіріп кеткенін есіме алсам, еңсем түсіп, езіліп кетем. Осылардан ұлтқа, ұрпаққа қандай тағылымды тәрбие бар? Біздің жеріміз кім көрінген келіп, шешініп боғауыз ән айтып, тайраңдап жүруіне кім кінәлі? Үкімет пе, Мәдениет министрлігі ме? Олар егер ертең ұлт жойылса кімге басшылық жасайтынын неге ойламайды осы?
Әрі бармай-ақ күні кеше ғана елді масқара еткен оқиғаны айтпай кетсем арға сын!
Тәрбие қайда барады?! Соңғы жылдары елімізде шетелдік әншілер жиі концерт бергіштеп кетті. Оларға кім рұқсат береді? Үкімет, жауапты министрлік неге бақыламайды? Қазақ сахнасы кім көрінген кіріп шыға беретін «Проходной двор» ма? Өткенде әуежайдан аяғын жер-көкке тигізбей күтіп алған шетелдік әншіге біздің намыссыз қыздарымыз ішкиім лақтырыпты. Бұл әншінің аты түгіл қай елден екенін де білмейтіндер көп. Десе де ішкиім лақтырып, өзгенің қойнына кіруге дайын тұрған қыздар күллі қазақ қызының атына кір келтірді деп ойлаймын.
Себебі бораттан кейін қазақ қыздарын (орысша айтқанда) «доступно» көргені секілді, мына әрекеттен кейін де қаракөздеріміздің арына нұқсан келуі мүмкін…
Ұлттық құндылығымыз бен ұлттық тәрбиемізге кір келтірген қыздар күллі қазақ қыздарының алдында кешірім сұрауы тиіс!
Иә, депутат Аманжол Әлтай мәдени атрибуттарды ілгерлетуде, насихаттауда талғамды болу керек екенін алға тартып өткір депутаттық сауал жолдады жоғарыға. «Ұлттық музыкалық мұрамыздың символы — қасиетті домбыраны жезөкшелік пен әйелдерді қорлауды насихаттаудың айқын сипатына ие «Smack that», «hypnotiser» сияқты әндерді орындайтын әншіге беру – парықсыздық, ұлттық құндылықтарды табанға таптау деп қабылдаймын», – деді ол депутаттық сауалында.
ДЕПУТАТТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫНА СЕЛТ ЕТПЕГЕН ҮКІМЕТТЕН НЕ ҚАЙЫР?!
Аманжол Әлтай жастар Тик-Ток пен Инстаграмның тұтқынына айналып, ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақтаған құндылықтарымыздан, ұлттық тәрбие өнегесінен ажырап бара жатқанына алаңдайтынын жеткізді. «Нақты дәлел: Астанада өткен Akon-ның концертіне байланысты бірнеше аспектлерге тоқталайын: Біріншіден, концерт кезінде жанкүйер жастар әншіге іш киімін лақтырып, төмен моральдық мінез-құлық көрсетті, еліміздің беделіне нұқсан келтірді. Екіншіден, ұлттық өзегі әлсіз, өзгені пір тұтқыш жастар әндердің контекстінде байқалатын гендерлік кемсітушілік мәселесін, қыздардың намысын, абыройын қорлайтын теріс мазмұнын аңғармай есі кетті.
Үшіншіден, «smack that» әнінің мәтінінен эротикалық сипаттағы нәпсіні қоздыруға итермелейтін, сананы лайлап, тәрбиеге теріс әсер ететін қауіпті мазмұнды аңғарамыз», – деді депутат. Бұл ретте, Әлтай мәдениет және ақпарат министрлігі шетелден елімізге кіретін мәдени өнімдерге, гасрольдік сапармен келушілерге қойылатын нақты талаптар жиынтығын әзірлеу керек екенін айтты.
Одан бері қаншама күн өтті. Мыңқ еткен үкімет, селт еткен министрлік жоқ. Ойбай кешіріңіздер, депутаттың сауалына сәйкес министр Аида Ғалымқызы пікір білдірді. Ол бұл ұят екенін айтты. Бірақ қалай тыю керек екеніне, қандай да бір тосқауыл қою керектігіне тоқталмады.
Ағайындар-ау, ұлттық мүдде, ұлттық тәрбие сөз болып жатқанда бұл не деген бейқамдық? Жоғары жаққа депутаттың үні жетпесе, біздің сөзіміз кімге дәрі?
Естеріңізге салсақ, америкалық танымал әнші Akon-ды әуежайдан жылы қарсы алған астаналықтар кәде сый ретінде домбыраны сыйға тартқан болатын. Кейін бір бағдарламада оның үстіне шапан жапты. Міне, жеткен жеріміз?
Акон кім? Шынымды айтсам тіпті білгім де келмейді. Қазақ халқына түр келбеті ғана емес, бар болмысымен, жын ұрған әнімен жат. Шайтани музыка кімге керек? Әлде ұлтымызды құртуға, ұл мен қызымызды анаконда секілді жұтуға келді ме? Қайда жүрсің, қазаққа жаны ашитын шенеунік тұлға? Қорғансыз қазақ – осылай-осылай жер бетінен жойылып, кете бере ме? Тоқтам қайда? Ұлттық рух қайда? Елді жетістікке жеткізетін де, кері кетіретін де басшысы. Талай-талай марғау басшылар ұлтының түбіне жеткен, құрдымға жіберген. Тарихтан соны біле тұра, қамсыздығымызға жөн болсын! Алаңсыздығымызға ем қонсын!
Ешкім ұл-қызын жаман болсын деп тәрбиелемейді. Әркім өз денгейінде тәрбиесін береді. Бұл жерде ең басты сорақылық-имансыздық. Имансыз ұлттан түрлі көргенсіздік көріністер көрініп отырады. Иманды қыздар Аконның концертіне бармайды. Ол жерде отырғандардың көпшілігі діннен хабарсыздар. Өз ұлтынан безгендер. Иманынан айырылған өңкей, порнозвездалар,гейлер, жезөкшелердің мекені болған европаның жолына еліктеген ессіздер көп бізде. Көбі ана тілінен алыс, салт-дәстүрінен қалыс қалған ұрпақ. .Қазақы тәрбиесі бар, иманды қыздар өзіміздің қазақ концертіне барар еді. Қазақтың өнеріне баға берер еді. Ақылды қыз зәңгі Аконнің концертіне барғанша, он есе арзан өзіміздің концертке бармай ма? Мына түрімізбен алда әлі талай сорақылықты көреміз бе деп қорқамын. Мұндай көргенсіз қыздардың қай жерін ақтап аларсың.
Қазақ қалтасында ақшасы болса бәрінің қолжетімді болғанын қалайды, сол үшін үнсіз тоналып, сол арқылы өркениетке ілесеміз, тып-тыныш іргелі ел боламыз деп ойлайды. Бұның ар жағында қазақты азғындау арқылы діннен бездіріп жер бетінен жойып жіберу идеалогиясы жүріп жатқанымен ешкімнің шатағы жоқ.
«Қыздары ұяттан жұрдай екен дейтін болды» бізде өткен концертті көрген өзге жұрт. Өлім-ау, өлім. «Бір құмалақ,бір қарын майды шірітеді»-деген осы-ау. Қазағым, жұртым парасатты, ынтымақты, мәдениетті, көңілі ояу, көреген көзді, намысты жұрт қашан болар екенбіз!
Қыздарымыздың бүгінгі келбеті осындай. Әрине инабатты ибалы қыздар баршылық. Бірақ өте азайып барады. Жүрегіме осы батады.
Әлеуметтік желі бетінен бір кісінің ашынып «Осы қара нәсілді жігітке жиіркеніштеріңді, ашуларыңды, мазақтарың мен боқтықтарыңды аямай отырсыңдар,ағайын. Сонда сендердің орыс шовинистерінен, неміс фашистерінен, ЮАР расистерінен қай жерлерің артық? Бұл байғұс өз елінде өз стилін тауып, атағын шығарып, байып, АҚШ негрлерінің фольклоры мен қазіргі өнерін дүние жүзіне жарнамалап жүргеннен басқа жазығы жоқ. Бізді масқара қылып жүрген бұлар емес, 40 үйден тыйым көрмеген, көп бергенге көтін ашып жүрген, басында тауықтың миындай миы жоқ, санасы тайыз, мәдениеттен жұрдай, ұлттық ар-намысы жоқ өз қыздарымыз. Сол концертте сахнаға дамбалдары мен емшекқаптарын лақтырып, жалаңбұт қалған біздің ҚЫЗДАРЫМЫЗ!» дегенін оқыдым. Оқыдымда ойға баттым. Рас-ау. Қара нәсілді әншінің кінәсі не? Ол өз жұмысын жасап жүр. Бәлкім өз ұлтының жоғалған дүниесін жаңғыртып жүр. Сол үшін оны кінәлауға бола ма? Кінә, сол зәңгіні «құдай» көрген, соңынан жүгірген, ақымақ қыздар емес пе! Олай болса алдымен қазағым-ау өз қызымызды тәрбиелейік. Салт-дәстүрмен сусындатайық. Өзгеге күң емес, күндей жарқырап көрінуін, жаттың қолына ешқашан тимейтін асыл дүниеміз екенін мақтанышпен көрсететін күн туса шіркін!
Ал Динара Сәтжан секілді «жаңа қазақтың» қызы бағдарламасына арнайы шақырып әншінің арқаына шапан жапты. Және құшып сүйіп мәз болды. Міне, қазағым бүгінгі ел алдында жүрген қыздарыңның бір шоғыры. Қазақ қыздары әншіге іш киімдерін лақтырып естен тандырса, екінші біреулері үстіне шапан жауып құдасындай құрмет көрсетіп шығарып салды. Қайран шапан қор болдың-ау. Сен ардақты ақсақал мен елге пайдасы тиген зиялыға лайық едің. Қадіріңнің түскені болар, шеттен келген, ұлтыңның ұлы мен қызының басын айналдырып, анайылықтың шыңына шығарған әншінің иығында кеттің. Қайтейін, қайтейін!
ҰЛТТЫҚ МҮДДЕДЕН АРТЫҚ ЕШТЕҢЕ ЖОҚ, РИНАТ МЫРЗА!
Жаныма тағы бір батқаны, Ринат Зайытовқа журналист шетелдік әншілердің қазақ жерінде тайраңдап жүруіне «Депутат ретінде талап қоюуға болмай ма» деп сұраған еді. Сондағы депутаттың жауабының түрін қара «Мұндай жағдай талай болған. Кейінгі кезде ғана емес. Қойыңдаршы. Оның алдында кім келмеді? Уитни Хьюстонның сахнада қисалаңдап жүргенін ұмытып қалдыңыздар ма? Қазір содан басқа мәселе жоқтай бәріңіз жан-жақтан әншілерді талқылап кеттіңіздер», — деді Ринат Зайытов. «Аманжол Әлтаев өткенде сауал жолдады ғой. Сіздерге таңқаламын. Басқа тақырып жоқтай, шетел әншілерін талқылап жүрсіздер», – деді Зайытов.
Осы жерде мынаны айта кеткен жөн. Шетел әншісі елді, жастарды бұзуға келіп отыр. Оны Аманжол Әлтай өз депутаттық сауалында айтты. Себебі әнде нәпсіні қоздыратын, әйел затын кемсітетін иірімдер бар екен. Бұл ұлтты қорлау емей немене. Егер ұлтыңды мазақ етіп, сахнаңда сайрап жатса, талқыламағанда не істейміз. Жалпы ұлттық құндылықтан артық, қазақы танымнан ардақты дүние болмауы тиіс. Ал оны «басқа тақырып жоқ па» деу ұлтқа жаны ашымастың сөзі! Айтарым осы!
О бастан гендерлік саясатқа қарсы адаммын. Оны ашық айтып келемін, талай мәрте жаздым да. Бүгіндері ер азаматқа дікеңдейтін, ойына келгенді жасап секеңдейтін, бетімен кеткен қыздардың көбі гендерлік саясаттың берген «жемістері». Гендерлік саясат туралы қоғамда сан түрлі пікірлер бар. Біреу мақтап, біреу даттап жатады. Екі тараптыңда сөзіне құлақ түрсең, айтылған ойлары қамшының өріміндей бірі мен бірі үйлесім тауып жарасымды жұп құрап, алды артыңды матап тастайды. Дегенмен батысқа қарап көш түзеуге қарсымын. Жаһандану деп жарияға жар салып жүргендергеде айтарым бар. Гендерлік саясат сөз болғалы ұлттық менталитет, әдет-ғұрып қыр астында қалды. Оны қолдайтындар осы жайлы тіс жармайды. Сондықтан дауға басымды шатпас бұрын шариғатқа жүгінбекпін. Себебі, қазақтың имандылығы исламнан бастау алады. Шариғат бойынша отбасының тізгіні еркекке жауапкершілік ретінде тапсырылған. Еркектер әйелдерге пана, қамқор, басқарушы.
Енді ата-баба ұстанған салт-дәстүрге үңіліп көрелік. Мұнда да әйелдерге деген ұстаным шариғаттан алшақ жатқан жоқ. Кемсітушілік, қорлау, мүсіркеуден ада. Қызын еркелетіп, әлпештеп өсірген халық, Айғаным, Зере Ұлпан секілді аналарында көкке көтерген. Билігіне бағынып, бітіміне көнген. Бірақ осы аналарымыз тайраңдап төске өрлемеген. Ер азаматтарды бағалап, қадіріне жете білген. Өкінішке қарай, біз тамырымыздан ажырап барамыз.
Мен өзім де анамын. Сан жылдық педогогикалық тәжірибем де жетерлік. Гендерлік саясаттың жақсы жақтары бар екенін жоққа шығармаймын. Не нәрсеге де бір жақты қарауға болмайды. Алайда, ұлтымыздың менталитетіне қайшы келетін тұстарының көп екенін айтпай кету арға сын. Сондықтан қолыма қалам алып отырмын.
«Қыз өссе елдің көркі» деп бабаларымыз айтып кеткендей, аялап өсірген қыз баланың бірінші міндеті теңін тауып отау құру. Кім бұған дау айтады. Екінші, шаңырақтың ұйтқысы болу. Дүниеге сәби әкеліп, демографиялық өсімге үлес қосу. Ерінің қас-қабағына қарап, ас-мәзірін дайындап, балаларының күлкісіне шомылып отыру. Бұл да болса әйел затына — табиғаттың берген ерекше сыйы, тартуы. Шындығына келгенде әйел затына бұдан асқан бақыттың керегі бар ма? Әрине жоқ.
Гендерлік саясатқа басқа қырынан қарасақ елімізде әйел адамдардың бәрінің бірдей өз құқығын біліп, қорғай білмейтіні рас. Зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатқандар да мол дейтін мамандар пікірімен келіспеуге болмас. Алайда, «бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербететін» нәзік жандылар гендерлік жолмен «ұшпаққа» шығады деу орынсыз. Кейде маған осы гендерлік саясатты дамыту айналып келгенде әйелдерді «еркектерден қай жерің кем» деп еліртуге бастайтындай көрінеді. Себебі, биліктің дәмін татып қалған әйел затының, отбасы ошақ қасында үстемдік етпесіне кім кепілдік береді. Ер азаматты төрге шығаратын да, көрге сүйрейтін де — әйел. Билік баспалдағына көтерілген төмен етектілердің бәрі болмаса да көбінің күйеулерімен «тең» дәрежеде сөйлесетінін көріп жүрміз. Тіпті ұятты жағдайға барып жүргендері де бар.
Гендерлік саясаттың біздің ұлтымызға тағы бір бергені, қырыққа келгенше кареьера қуып «кемпір» болғанын білмей қалған қыздар көбейді. Мұның қасіреті көп. Гендерлік саясат шектен шықса, өз қағынан жеритін қыз бен ұл көбейе бермек. Бұдан асқан қасірет бар ма!
Белгілі жазушы Роза Мұқанованың мына жазбасы көңілге қонымды, жүрекке толымды шығыпты. «Ер-азаматтың бәрі шетінен дүниеқоңыз, балаға алимент төлемейтін, қашқынбай мен қуғынбай, қылмыскерлер екен! Расында солай ма?.. Дүниесінің бәрін өз атына заңдастырып, еркегін қуып жіберген әйел қаншама. Балаларын әкеге қарсы айдап салып, дүние мүлкін тонап, қаңғытып жіберген әйелдер қаншама? Қартайған әкені қорлап, жәбірлеп, қоғамға жағымды көрінгісі келетін байшыкеш отбасылар ше?.. Сондықтан әйелге арашашы болып, ер азаматтарды жау көргенді қоя тұралық. Еркекке де, Әйелге де АДАМ деп қарап үйренейік!
Біразың шабаланып та қаларсыңдар. Дегенмен Ер азаматтың көтерер жүгі әйелден салмақтырақ! Еркегің болмаса ҚОРҒАНСЫЗСЫҢ. Өзің де, балаң да қорғансыз. Сондықтан азаматыңа кішірейіп отырып, қылығыңмен, сән-салтанатыңмен жаға отырып, ошағыңды өшірмеуді үйрен! Өзіңді өзің сыйлап, тәрбиелеп ҮЙРЕН, қазақтың қызы!!!».
СЫРТТАН КЕЛЕТІН ӘНШІЛЕР – САРАПТАУДАН, СҮЗГІДЕН ӨТУІ ТИІС
ТҮЙІН СӨЗ: Тәртіпсіздік жасаған көрерменді жазалау керек депті ҚР Еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Майра Керей ханым: «Әр жердің тыйымы мен тәртібі болады. Келген көрермен де осыған орай этикаға бағынуы керек. Кино мен театр саласында да солай ғой, жарыққа шығатын туындының белгілі жас шамасынан жоғары көру қажеттігі белгіленеді. Мәдени ортаға барған адам қоғам азаматы ретінде не киіп, не айтып, не қоятынын білуге тиіс. Сол сияқты келуші өнерпазға деген тыйым да алдын ала ескертілгені жөн.
Мысалы, Қытай сырттан келген өнер иелеріне ішкі саясатына қарасты талап қояды. Концертті қоюдағы мақсатынан бастап, айтатын әнінің сөзіне дейін зерделейді. Осы үрдіс бізге де қажет сияқты.
Мәселен, өнерпаз халықтың алдына наша шегіп, спирттік ішімдік ішіп немесе өзге діни көзқарасқа үгіттеп, тіпті болмаса жалаңаш күйде шығып кетуі мүмкін. Шақырған компания сырттан келетіндермен арада келісімшарт жасарда осындай талап-тыйымдарды пысықтап алғаны дұрыс. Ал шақырушыларға лицензия берген мекеме осыны талап етуге тиіс. Қайткен күнде әнші мен тыңдарманға қатысты таразыны тең ұстаған жөн».
Бұл – TikTok-тан алған тәрбиенің «жемісі» дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сембек Жұмағалиев: «Әлтаевтың ұлттық тәрбиені жандандыруға қатысты бастамасын қолдаймын. Себебі жастарымыз әлеуметтік желінің құлына айналып жатыр. Анығын айтқанда, оларды Тик Ток пен инстаграм тәрбиелеп жатыр. Теледидардың өзінде көріп жатқаны «Қосылайық» пен «Қалаулым» сынды бағдарламалар. Бүтін елдің алдында бір-біріне бейәдеп сөздер айтып, бір-бірін жұлып жатқан қыздар. Ондайды көріп өскендер анайы әрекет атаулыны қалыпты жағдай деп қабылдайды.
Қыздар іш киімін лақтырса, әнші де сондай деңгейде деген сөз. Себебі оның әнін түсінетіндер солай елітеді, ал түсінбейтіндер билейді.
Дегенмен оны да кінәлауға келмес, біздікілер оның репертуарын біле тұра шақырды, ол болса келді. Бірақ мұндай әншілерді елге шақыру жалғаса бермеуі керек. Шақырған күннің өзінде олардың әніне, мәніне назар аударылу қажет».
Сөз соңында тағы бір айтарым, бізге, қазаққа, билікке Өзбекәлі Жәнібеков пен Ильяс Омаров секілді ұлты үшін отқа да, суға да түсуге дайын азаматтар керек. Әйтпесе күнде қуарып, күнде суалып берекеміз қаша бермек. Қазақты қорлау қай заманда да болған. Тіпті кешегі кеңестік дәуірдегісі тіпті көтензорлық. Не естімедік, не көрмедік. Бәріне шыдадық, бәріне көндік. Атағынан ат үркетін Алла Пугачеваның қазақты «бараны» дегені көп айтыла бермейді. Сол сөзді естіген бетте, ұлттық рухы оянған тұлға Өзбекәлі Жәнібеков Алланың жолын кеседі. Сөйтіп оны өзі қызметте тұрғанда елге жақындатпайды. 1980-ші жылдары Өзбекәлі Жәнібеков ҚазКСР Мәдениет министрігін басқарып тұрғанда «Арлекино» әнімен әлемге аты шыққан Алла Пугачеваның Алматыдағы Ленин атындағы сарайда (қазіргі Республика сарайы) екі концерті бір күнде өтеді.
Екінші концерттің соңына таман көрермендердің қошаметі шаршатқан Алла Пугачеваның сахна сыртындағы акустикалық микрофонның қосулы тұрғанын аңдамай: «Оһ, как надоели мне эти бараны!» деген сөзі естіледі. Залдың алдыңғы жағы гу етіп барып, бір басылады. Бірақ грузин мен армянға қарағанда «толерантты» қазақ концертті соңына дейін тыңдап қайтады. Ертеңінде бір «баран» Пугачиханың ол сөзін министрлікке жеткізеді. Өзағаң ҚазТВ-дан (әлде Қазрадиодан) концерттің жазбасын алдырып, Алланың айтқан сөзінен құлағдар болады.
Міне, сол күннен бастап, Алланың Қазақстанға концертпен келу жолы жабылады. Ертеңінде КСРО Мәдениет Министрлігі мен КПСС Орталық Комитетінің мәдениет бөлімі бұл жағдайдан хабардар болады.
Содан 1991-ші жылға дейін – Өзбекәлі Жәнібеков ЦК-ның хатшылығынан пенсияға кеткенге дейін, Алла Қазақстанға аттап баса алмады. «Союзконцерт» бірлестігінің Қазақстанға гастрольдік бағдарламасынан Пугачева сызылып тасталып отырды. Сызып тастауды қызметтен кеткенінше талап еткен – Өзбекәлі Жәнібеков. Мәне нағыз нар тұлға!.
Мұны Ермұрат Бапи жазыпты. Алла разы болсын оған.
Айтқым келгені осы еді.
Сәуле Мешітбайқызы,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері