Жолаушылар жағдайы жасалуда
Жаңа жыл және мереке күндері қарсаңында тасымалдауға тартылған теміржол көлігінің қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. ҚТЖ-да жолаушыларды уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету үшін жедел штаб жұмысын жалғастыруда.
Жолаушылар ағыны бір минутқа да тоқтамайды. Вокзалдар штаттық режимде жұмыс істеуде. Жолаушылар мен қала маңындағы пойыздар мереке күндері жұмысын жалғастыруда. Жолаушылардың жайлылығы үшін жедел іс-шаралар жүргізіліп, қосымша пойыздар мен тіркеме вагондар есебінен 22 мың орын қосылды.
Өткен 2 күнде қосымша пойыздармен, тіркеме вагондармен қар басқан аудандардан 4 мыңнан астам жолаушы эвакуацияланды.
Теміржол инфрақұрылымын қардан тазарту тәулік бойы жүргізілуде. 29-31 желтоқсан аралығында темір жолдардан 25 мың текше метрден астам қар шығарылып, 7,3 мың шақырым жол тазартылды. Темір жол инфрақұрылымын қардан тазарту жұмыстарына 90 астам мамандандырылған қар тазалау және қардан аршу техникасы мен 4,6 мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылды. Қажет болған жағдайда техника мен теміржолшылардың саны ұлғайтылатын болады.
Осы күні 2 мыңға жуық машинист пен олардың көмекшілері рейске шықты. Ауа-райының қолайсыздығында қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін локомотив бригадалары ерекше қырағылық танытады.
Мерекелік көңіл-күй қалыптастыру үшін вагондар жаңа жылдық тақырыпта безендірілді. Кішкентай жолаушыларды Жаңа жылдың басты кейіпкері — Аяз Ата мен Ақшақар құттықтап, тәттілермен таратуда.
ҚТЖ қазақстандықтарды келе жатқан Жаңа жылдармен құттықтайды және жолаушылардан вокзалдар мен перрондарда мұқият болуды, ал жүргізушілерден теміржол өткелдерінде жол қозғалысы ережелерін сақтауды сұрайды.