«Мен бұған нық сенімдімін»: Тоқаев 2026 жылғы сай­лауға қатысты тараған қауесетке жауап берді

Президент бұл сұхбатында өзінің жетіжылдық бір ғана мерзім туралы идеяны осыдан 15 жыл бұрын жабық пікірталастарда айтып жүргенін де жеткізген.

“Бұл – жалған ақпарат. Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін. Конституциялық реформа – Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ”, – деді президент.

Тоқаев президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейтінін баса айтады. Сөзінше, бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген.

“Ақыры осы тақырып қозғалған екен, бұған қатысты кейбір жайтқа кеңірек тоқталып, мән-жайын аша кетейін. Мен жетіжылдық бір ғана мерзім туралы идеяны осыдан 15 жыл бұрын жабық пікірталастарда айтып жүрдім. Сол кезде ұсыныс аса қолдау таба қоймады. Өзім Президент болып сайланғаннан кейін, осы бастамамның артықшылығы мен кемшілігін әбден салмақтап, оны қалай жүзеге асыруға болатыны жөнінде көп ойладым.

Суперпрезидентке тән өкілет­тік­терді жою үшін 2022 жылы Консти­туцияға бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Мен сол кезде жетіжылдық бір мерзім идеясын қайта ұсындым. Бастамама бүкіл халық қолдау білдірді. Осымен бұл әңгіме тәмам”, – дейді президент.

 

«Jetisý» газеті