Алаш шенеунігі, қазақ тілінің тағдыры сенің қолыңда!
Бұл мақаланың жазылуына түрткі болған нәрсе Жамбыл облысы шенеуніктерінің мемлекеттік тілді білу деңгейінің тексерілуі еді. Қазақы облыс деп жүрген шенеуніктердің «тілі» аса қуанарлықтай болып шықпапты. Олардың 300-ге жуығы қазақ тілін шала түсінсе, 50-і мемлекеттің төл қызметкері бола тұра мемлекеттік тілді мүлдем білмейді екен. Ал осындай тексеріс Солтүстік өңірлердің шенеуніктеріне жасалcа ше? Онда оның қорытындысына бұдан да әрмен ренжуіңіз әбден мүмкін-ау.
Жалпы шенеуніктер ірілі-ұсақты әкімшіліктерде, үкіметтің сан қилы жүйесінде қызмет істейтінін бала да, шаға да біледі. Елбасымыздың саясатын жүзеге асыратын, орындайтын алып аппарат десе де болады. Алып аппарат демекші, елімізде олардың саны 100 мыңнан асып жығылады. Ал 130 миллиондай халқы бар Жапонияда 9-ақ мың! Міне, парадокс!
Аузыменен құс тістеген, әлемдегі технологиясы дамыған бай мемлекеттің дәулетін тасытып, билігінің құлағында тұрған өзі аз ғана шенеуніктердің құдыреті неде? Шенеуніктеріміз он есе көп бола тұра Жапониядай бола алмауымыздың сыры неде? Жақында үкіметіміз шенеуніктердің санын азайтып, қысқартылмағандардың айлығын көбейтіп, сапасын күшейтеміз деді. Ел елең етті. Үкіметтің бұл маңызды ұсынысы жүзеге асса, бір жағынан қаншама қаржыны үнемдеуге себі тиер еді. Екінші жағынан, әрине, олардың сапасын күшейтеді. Шенеунік білімді де білікті, бастамашыл, жан-жақты, жаңашыл, тәртіпті, мемлекетшіл, отаншыл, адал, батыл, ұлтшыл, салт-дәстүрімізді қадірлейтін жан болуы тиіс. Егер, шынтуайтқа келсек, мемлекетіміздің, Отанымыздың тағдыры сол шенеуніктің қолында екенін ұмытпауымыз керек. Оны мемлекеттік қызметке қабылдағанда жоғарыда айтқан мәселелерді оның миына, көкірек сарайына құю керек сияқты. Егер шенеунік мықты болса, Елбасымыз айтқан дамыған отыз елдің қатарына кірудің түк қиындығы жоқ.
Шенеунікке қажетті жалпылама қасиеттерді жоғарыда айтып өттік. Біздің шенеуніктерімізде құлақ қақпай орындаушылық қасиет қалыптасқан. Жоғары жақ айтты ма, оның дұрысбұрыстығына қарамай, робот тәрізді бірден жүзеге асыруға тырысады. Біздіңше, ол толыққанды шенеунік емес. Қандай мәселе болса да жаңашылдықпен, жанашырлықпен қарап, бәсекелестікке қабілетті елдің өкілі ретінде әрекет жасамаса, онда бәрі бекер. Мемлекетіміздің №1 патриоты шенеунік болуы тиіс. Бұрын шені төмендерден парақорлар шыққанда ел оларды «шабақтар ғой» деп менсінбеуші еді. Енді қазір олардан лауазымды қызметтегілер де қалыспайтынын көріп, естіп жүрміз. Өз Отанының, мемлекетінің қаржысын жымқыру сатқындықпен тең. Ондай сатқындарды Қытайда сөзге келмей атып тастайды екен. Ал біз түрмеге тығуын тығамыз да, егер молырақ ақша төлесе, жылын кемітеміз немесе босатып жібереміз.
Әбден мол қаржыны жымқырып жинап алған жемқор шенеунікке ақша деген не тәйірі? Сондықтан шенеуніктің ең басты сапасы тазалығы болуы тиіс. Егер ол шенеунік таза, адал, иманды болмаса, онда мемлекетті тонап, оған зор қауіп-қатер төндіреді. «Айлығын көбейтіп, одан адалдықты талап етеміз» деген соттарымыз жеуден, жемқорлықтан тыйылды ма? Әрине, олардың бәрін қаралаудан аулақпыз. Бірақ соттардың әділетсіздігі, олардың парақорлығы айлығын көбейтсек те, әлі де біржола тыйылған жоқ. Сондықтан айлығы көбейген шенеунік пара алмайды деп кесіп айта алмаймыз. Біздің қоғамда көкесі барлар жұмыстың жақсысына тұрады. Ондай көкесі бар адамдар айлығы мол шенеуніктік жұмысқа жаппай ұмтылатыны сөзсіз. Онда сапа туралы айтып ауыз ауырту бекер. Сонда не істеуіміз керек? Әрине, шенеунікті қатаң түрде електен өткізу арқылы жұмысқа алуымыз қажет. Ең бастысы оның жемқорлық дертіне ұшырамау жағын қарастырған абзал. Бұл жөнінде әрбір шенеунікке ант қабылдатуымыз қажет .
Әлбетте, оның өмірбаянын, тегін, жан дүниесіне барлау жасап, әбден тексеру комиссиясының басты шарты, талабы болған жөн. Екінші үлкен талап болашақ шенеунік ел тарихын, салтдәстүрлерді, мемлекеттік тілді жетік білуі, әнұранды жаттап, мемлекеттік қызметкердің этикасын жадына тоқуы тиіс. Әсіресе мемлекеттік тілді білуі қатаң тексеріліп, одан қатаң түрде емтихан алынған жөн. Сөздің қысқасы, болашақ шенеуніктің жан дүниесі рухани жағынан бай болғаны дұрыс. Тіптен оның әдеби кітаптарды оқу жөніндегі деңгейін де қадағаласа артық емес.
Иә, шенеунік мырза, мемлекетіміздің болашағы, тіптен оның мемлекеттік тілінің тағдыры да, халықтың жағдайы да сіздің қолыңызда. Бұл қызметке келдіңіз бе, пендешілікті қойып, барынша таза, әділ болуға тиіссіз. Халық сіздің үнемі сол биіктен көрінуіңізді талап етеді.
ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ,
ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі