Алакөл, сенің орның алабөтен!

Кейінгі жылдары «Қазақтар демала білмейді» деген қағиданың күлі көкке ұша бастағандай. Өзге өңірлерді қайдам, жаз болса болды, «Қапшағайға барайық» деп қақылдаған бала-шағадан бастап, «Алакөлге барамыз» деп ала шапқын болып жүретін алматылықтар санының арта түскені байқалады.

ТОЗАҚ ЖОЛ

Биыл жазда сол дүрмекке ілескен бір топ құрдастар Алматының «Сайран» автобекетінен ақшам кіре аттандық. «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» жобасы бойынша жасалып жатқан Қапшағай тас жолының Талдықорғанға дейінгі жай-күйі бізге белгілі. Біресе жолдың оң жағына, біресе сол жағына шығып, бұралаң қақса да, кей тұстарда бұрқыраған шаң өкпемізді қапса да, қапа көңілдерімізді қалжыңға жеңдіріп, жасалып жатқан жолдың келешекте жайлы болатынына көңілімізді сендіріп, жүйткіп келеміз. Түн ауа облыс орталығының автобекетінде жарты сағаттай аялдаған автобусымыз ары қарай қозғалды. Бірақ, бағанағыдай жүйткігеніміз жоқ, тасбақа аяңға бастық. Неге? Өйткені сәл қатты жүрсе болды, автобусымыздың доңғалақтары қайда бұрсаң да қашып құтыла алмайтын жол ойықтарына түсіп, бас бермес асаудай мөңки бастады. Ол мөңкіген сайын ішкенің ірің, жегенің желім болады, тіпті ішекқарның солқылдап, ақтарылып қалардай күй кешесің. Мұндай кезде Алакөлге апарар жолдың сырын білетіндердің сөзіне құлақ асып, әрқайсысымыз өз автокөлігімізбен шықпақ болған бастапқы ойымыздан айнығанымызға қуандық. Әйтпегенде көліктеріміз сынып, далада қалуымыз да әбден мүмкін еді ғой.

img-20170109-wa0030

Менің ойыма осыдан бес-алты жыл бұрын Ақсу, Сарқанд, Алакөл аудандарына іссапармен келген кезім оралды. Онда да жол дәл осындай ойқы-шойқы, шұрқ-тесік болатын. Сол «баяғы жартас, бір жартас». Әйтпесе, Шығыстағы көрші Қытай елімен сауда саттық жасасып, етене жақындастырып тұрған халықаралық «Достық» бекетіне де дәл осы жол апарады екен. Рас, бұл трассамен ауыр жүк машиналары көп жүретіндіктен, жиі бұзылуы мүмкін. Дегенмен, жол сапалы жасалса немесе жөнделсе, дәл мұндай күйге жетпес еді ғой. Демек, сапалы жол жасауға ешкім де басын ауыртқысы келмегені ме? Рас, біздің Алакөлге сапарымыздың аз алдында, сол кезде ҚР Премьер-министрі, басқаша айтқанда, Бас уәзір болған Кәрім Мәсімовтің «Достық» кеден бекетіне келіп кеткенін баспасөз жарыса жазғантын. Кәрекең сол сапарында тікұшақпен келіп кетпесе, мына жолдың сыйқын көріп, бір оң шешімге келген болар деген дәмелі үміт те көңіл түбінде қылаң беріп қалды. Әй, қайдам, бірақ!.. Не керек, 12-13 сағат бойы тоңқаңдаған автобуста тоңқыған біздер, ертесі сәскеге таяу көз жетер жері көкжиекпен шектескен көгілдір көлдің шетіне де іліктік-ау, әйтеуір! Алыстан біз барып түсетін Көктұма ауылы да көгереңдеді. Ауылға кіріп, автобустан түскен жерден өздерінің жекеменшік қонақүйлеріне түсуіне үгіттеген жергілікті тұрғындар анталай ұмтылды. Бірақ осы өңірдің тумасы Толқын досымыз бен оның жары Валя ханым біздің жағдайымызды жасап, жатын орнымызды жайлап қойған болатын. Сау етіп түсе қалған жиырма шақты «клиенттен» қағылғандар мұрындарын тыржитып, еріндерін жыбырлатып қала берді. Бірақ олар сағат сайын ағылып келіп жатқан демалушылардың көптігіне байланысты, өздерінің клиентсіз қалмасына сенімді еді.

Қонақүй демекші, жалпы Алакөлдің Шығыс Қазақстанға қарасты аумағында демалып қайтқандардан онда қонақүйлер мен түрлі демалыс орындарының ашылып жатқанын естігеніміз бар. Сондай-ақ, Алматы облысының Алакөл ауданындағы Қабанбай мен Көктұма ауылдары да демалыс аймағы ретінде, туристік қызметтер көрсетуден кенде емес екен. Тіпті, Көктұманың ішіндегілерін айтпағанда, сыртын ала көл жағалай кереге көтерген қонақүйлер де көбейе бастаған. Сондықтан облыстық әкімдік бастап, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі қостап, Алакөл аумағында біраз жобаларды іске асыруы тиіс деп ойлаймын. Олардың ең батысы — жоғарыда сөз еткен жол мәселесі. Егер Алакөлге апарар жол тақтайдай тегіс әрі кең болса, Қазақстанды қойып, алыс-жақын шетелдерден де демалушылардың көбейетініне шүбә келтірмеңіз.

ЖЕРДЕГІ «ЖҰМАҚ»

Түрлі дерек көздерінен білуімізше, Алакөл — Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары аймағында орналасқан, суы минералдарға бай, тұзды көл. Ұзындығы — 120, ені 45-50 шақырым, тереңдігі 30-35 метр 280px-alakol_and_sasykkolболатын Алакөлге ірілі-ұсақты он бестен аса өзен құйса, олардың ішінде негізгілері Үржар, Қатынсу, Емелқұйса, Ырғайты, Жаманаткөл, Тасты екен. Әрине, көлге келген адам ең алдымен неліктен Алакөл атанғаны жайлы сұраққа жауап іздері хақ. Бірақ біз «Алакөл» атауын оның «Алакта», «Алактагол» сияқты көне атауларынан іздегеннен гөрі, алыстан қарағанда кейбір тұстары көгілдірленіп, ал кейбір тұстары қошқыл көк болып көрінетіндігінен деп жорыдық. Бұдан бөлек, көлдің бір жартысы ащы, бір жартысы тұщы болғандығынан деген де болжамдар айтылды.

Біз келіп түскен Көктұма ауылы осы Алакөлдің батыс жағалауына жапсарласа қоныстаныпты, ал біз жолай соғып өткен Қабанбай (бұрынғы Андреевка) ауылы да көлікті жанға көлден көп шалғай емес. Қабанбайдан 15 шақырым жерде көпшілікке аты мәлім Барлық-Арасан шипажайы бар екен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Алакөл мен Жалаңашкөл суларының емдік қасиеттеріне қызығатын ресейліктер жер шалғайлығына қарамастан, Алакөлге балық аулап, демалу үшін көп келеді екен. Олардың біразын өзіміз де кездестірдік. Жағасы түрлі құстарға, суы алуан балыққа бай әрі ем Алакөлде сонау Кеңес кезінде ғарышкерлер үйі жұмыс істеп, Алакөл суы арқылы ғарышкерлердің бойындағы радиациядан арылтқан екен. Тіпті, тарихта Шыңғыс хан айлап жатып, Алакөл суына шомылдыру арқылы жаралы әскерлерін жарақаттарынан айықтырыпты-мыс. Алакөлге жоғарыда айтқан он бес өзен құятындықтан және Жалаңашкөл, Сасықкөл сияқты көлдермен жер асты сулары арқылы өзара байланысып жатқандықтан, енді біраз жылдардан кейін, көлемі жағынан Балқашпен теңесуі де бек мүмкін екен.

УАНАС ҚАҚПАСЫ

Көлдің оңтүстік-шығыс жағында көпшілікке аты мәлім Жоңғар қақпасы орналасқан. Айтпақшы, құлаққа түрпідей тиетін осы «Жоңғар қақпасы» атауы, белгілі картограф-ғалым Молдияр Серікбаев ағамыздың тікелей араласуының арқасында, жоңғарлармен соғыста елі мен жері үшін жанын қиған Жаназарұлы Уанас батырдың атымен аталғанын бүгінде біреу білсе, біреу біле бермес. Орайы келгенде айта кететін бір жайт, осы Уанас қақпасынан азынай соғатын желден электр энергиясын өндіріп, пайдалану, тіпті көршілес Қытайға сату жайлы жағымды жаңалық бар. Бірақ ол қашан іске асары белгісіз. Белгілісі, жоба алдағы уақытта Астанада өтетін «ЭКСПО — 2017»ге ұсынылмақ. Осы орайда, тағы бір айта кететін жайт, жоғарыда аты аталған Молдияр көкеміз «Жоңғар Алатауы», «Іле Алатауы» деген атауларға да қарсы екенін талай рет айтқан болатын. Енді бұл атаулардың өзгеру, өзгермесі келешектің еншісінде.

БИЛІК НАЗАРЫНА!

Әрине, Алакөлдің асыл қасиеттерін қанша айтсақ та тауыса алмаспыз, дегенмен жоғарыдағы қысқаша мағлұматтарды айта отырып, «қолда бар алтынымыздың» қадіріне жете алмай отырған жоқпыз ба деген ойымызды да айта кеткенді жөн көрдік. Айтып бастасақ, осыдан біраз уақыт бұрын телеарналардың бірінен жағасын толқын шайып, жарқабақпен қоса үй-жайы көлге құлаған бір азаматшаның зарын көрсеткен еді. Көктұмаға келгелі осындай бірді-екілі қираған жұртты біз де байқадық. Оның кебі биыл болмаса, келер жылдары көршілес көше тұрғындарына келетіндігінен, тіпті, келешекте жыл сайын көлемі ұлғайып келе жатқан көл Көктұманы басарынан қауіп бар екен. Мүмкін бұл қауіп жағалау маңындағы өзге ауылдарға да төнетін шығар, бірақ мен оларды көрмегендіктен, тек қана Көктұмаға қатысты айтып отырмын. Ал енді, жағалауға жақын тұрса да жаз айларында үйлерін жалға беруші жергілікті тұрғындардың арасында, қолда бар мүмкіндікті жіберіп алмас үшін жанталаса үйлерін жалғап жатқандар да баршылық екен. Міне, осы жыл сайын күзге салым көтерілетін толқынның кесірінен морылып, құлап жатқан жағалауды бетонмен жадағайлап жауып, ойпаң тұстарынан арнайы каналдар тартып, суармалы алқаптарға айналдыру керек сияқты. Рас, Алакөлге келушілер көп. Бірақ әркім өзімен-өзі. Жағажай жабайы күйде. Абайламасаңыз, шомылушылар шоғыры көп жағалаудан көлге түсер таяз тұстарында құлаған үйлердің арматурасы арсиған темір-бетон қалдықтарына жарақаттанып қалуыңыз да бек мүмкін. Оларды арнайы техникамен тазаламаса, адам қолымен алып тастау мүмкін емес. Мұндай адам денсаулығына қауіпті тұстарда ешқандай ескерту белгілері де қойылмаған.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Айта берсек, Алакөлде болған бір аптадай уақыт ішінде көл жағасында бірде-бір құтқарушы немесе медициналық көмек көрсетушілер мен тәртіп сақшысының көзге түспегендігі таңқалдырды. Жабайы жағажайда, тіпті терең суға шомылып жүрген естері кіресілі-шығасылы мас адамдар да кездесті. Әйтеуір, әбүйір болғанда, «бишараларды» суға кетіп, тұншығып өлгеннен жүзе білетін икемдері ғана құтқарып тұрды. Одан кейін айта кететін негізгі мәселе: шомылушылардың көпшілігі Көктұманың орта бүйірінен түсетін тұсында екендігіне қарамастан, бірде-бір әжетхананың жоқтығы еді. Тек жоғарғы доға тұсына барып суға түскенімізде ғана үш-төрт әжетхананың сұлбасын байқадық. Оның өзі көлденең тасталған жалғыз тақтайдан абайламай аяғың тайып кетсе, астына құлайтындай, аяқ қояр жері жоқ. Кешкісін әрбір жеке қонақүйден эстрада әуендері естіліп, көңілді шақ басталады. Біз де өз қонақүйіміздің алдына масаға қарсы түтін салып, қалауымызша көңіл көтеріп, ән айтып, өлең оқып өткізуге тырыстық. Дегенмен, күндізінде волейбол, футбол, тағы басқа да спорттық ойындар ұйымдастырып, ойнататын немесе кешкісін концерт қойып, түрлі қызықты ойындар ұйымдастырып, демалушылардың көңілін көтеретін орталық алаңдар болса, тіптен жақсы болар еді ғой. Бұл да бір мәдениеттілігіміз бен өркениеттілігімізге сын емес пе?!

Қойшы, сонымен армансыз бір апта шомылған біздер Алматыға пойызбен қайтамыз деп шештік. Жоғарыда айтқан жол азабын шеккенше, бұл да дұрыс болды. Десек те, ауылдан бір шақырымдай сыртындағы «аспан асты» теміржол стансасына келгенімізбен, шыжыған күн миымызды шыжғырып, тығылар көлеңке іздедік те қалдық. Теміржол бойы құжынаған халық. Алматының теміржол бекеттері мұның қасында бекер қалсын. Бірақ осыншама халыққа қалқа болар бір жаппаның жасалмағаны жаныңа батады екен. Бір жақсысы, жаңбыр жаумады. Әйтпегенде, қаншама халық малмандай су болар еді. Жергілікті аудан, облыс әкімдері Алакөлге келмей, осының бәрін көрмей жүр деймісіз. Әрине, келді, көрді де. Бірақ өз көліктерімен келіп, жағдайы жасалып тұрғанда бас ауыртқылары келмеген болар.

000115d

ЖАЛАҢАШКӨЛ

Алакөлге келіп тұрып, Жалаңашкөлге бармай кетуді өзімізге айып санап, бір күнімізді соған арнадық. Бастапқыда әркімнің «Жалаңашкөлге түсу еразаматтардың денсаулығына зиян екен» деген алыпқашпа сөздеріне алдарқанып қалғанымыз да бар. Дегенмен, Алакөлдің жағасын алашапқын кезіп жүріп, бір целлофан қара және сары батпақты 400-500 теңгеден сатып жүргендерден естуімізше, батпақ Жалаңашкөлдікі екен. Ендеше, неге сонда барып, емін-еркін батпаққа аунап қайтпасқа. Тағы да сол жоғарыда сөз еткен «аспан асты» теміржол стансасынан Достық бекетіне қарай баратын пойызға мініп, 40-45 минут дегенде Жалаңашкөл стансасына да жетіп келдік. Жамандағаным емес, стансадағы жұпыны үйлердің арасымен өтіп, көлге жетем дегенше кенезең кеуіп кетердей көрінеді екен. Ал көлдің өзі керемет қой, әрине. Ұзындығы 9, ені 5,8 шақырым ағынсыз көлдің ең терең жері 3,2 метр. Біз армандап барған қара батпақты көл айналасындағы қамысты көлшіктерден таптық. Көпшіліктің көкейінде «Көптеген шипажайларда осы Жалаңашкөлдің қара батпағын емдік тұрғыда пайдаланады екен, ендеше, неге осы Жалаңашкөлдің өзінен бір шипажай ашып қоймайды?» деген сұрақ тұрды. Бірақ бұл сұрақты кімге қоярымызды білмедік.

ТҮЙІН: Міне, осылайша, жердегі жәннаттарымыздың бірі — Алакөлге сапарымыздан жазған аз-кем репортажестелігімде, шомылып, рахаттанған тән рахатынан гөрі, отандық туризмді дамытуда Алакөлде атқарылар жұмыстардың баршылық екенін, егер айтылған кемшіліктер орнына келіп жатса, Ыстықкөл, Анталья, Тайланд пен Малайзияға, тағы басқа жақтарға барып демалатындардың Алакөлге ағылатынын айтқым келді. Ауасы — дем, суы — ем Алакөлдің ендігі тағдыры мен туризмге ашылар есік жанашыр атқамінерлердің қолында. Айтқан уәжімізді тыңдар құлақ болса, алтын сырға соларға!

Жанбақыт Мерекеұлы