ТАС МҮСІН «Желтоқсан желі 86».
Халқымыздың тарихи мұрасын сақтауда музейлердің маңызы зор. Музей тек жәдігерлерді сақтап қана қоймай, оның құндылығын, тарихын халыққа жеткізуде еңбегі зор. Тарихи кезеңдерді тек сипаттамай, заттай деректер арқылы айғақтайды. Музей қорында қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын оқиғалардың бірі Желтоқсан көтерілісіне қатысты жәдігерлер сақтаулы. Бұл жәдігерлер Желтоқсан оқиғасына қатысқан жүрегі жұртым деп соққан жамбылдық азаматтар жайлы мол ақпарат береді.
Осындай тарихы ерекше, әсерлі жәдігердің бірі –тас мүсін. Туынды «Желтоқсан желі 86» деп аталады. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастарған арналған. Екі бөліктен тұрады, астыңғы бөлігі 1986 жылғы аязды суық күндердегі мұзға ұқсатып жасалған, жастардың көрген азабы мен қиыншылығы, қайсарлығы мен өжеттілігі, тағдырына түскен сызаттарды бейнелеу үшін сұр тастар таңдалған. Үстіңгі бөлігінде ана бейнеленген, яғни ананың махаббаты, мейірімі тұрғанда ешқандай рухтың сынбайтындығы, болашаққа деген сенім мен үміттің артатындығын көрсеткен. Туынды Шу ауданындағы табиғи тастардан жасалған. Биіктігі 60 см, ені 45 см, салмағы 50 кг нан асады.
Туынды 3 жыл бойы жасалған 2016, 2017, 2018 жылдары. 2018 жылы ресми түрде «Желтоқсан 86» орталығына тапсырылып, бүгінде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы. Тас мүсіннің авторы Шу ауданының тумасы суретші-мүсінші, карикатурашы Қали Қораласбаев.