Ананың алғысына бөленді
Жазы желді, қысы қарлы Сарысуымның табиғат тартуы кімді де болсын таңғалдырмай қоймасы анық.
Он екі айда құбылып тұратын ауданның сырлы мінезіне сын тағатындар да жетерлік. Сарысудың тоқтаусыз желі ұйытқып соққанда жылы жақтан келгендер жыларман күйге түсері бар.
Үйренген тұрғындарға боранның өзі үрейлі емес.
Міне, тағы да ауданымызға қалың қар жауып, көшелерге ақ кілем төселгендей әдемілік пен әсемдіктің әсерін сыйлап тұр.
Әдемілігі мен әурелігі қатар жүретін қыс мезгіліне жастарда қарап отырмай, алғысқа кенеліп келеді.
Саырсулық жастар қашанда көмекке мұқтаж жандарға қол көмек көрсетуді әдетке айналдырған десек те болады.
Осындай игі істің бірін бүгін Тоғызкент ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі маманы Есенберлі Абай атқарды.
Ауданкүл апамыздың үй айналасындағы қарды өз тракторымен ысырып, тазалап берген әріптесіміз ақжаулықты ананың алғысына бөленді.
Осындай ерікті түрде жақсылық жасап жарысатын жастарымыз Сарысуда жетерлік.
Ақиқатында білмеген нәрсемді үйреніп, жадыма түйдім. Жаны жақсылыққа толы жастардың игі істері ойыма өзгерістер әкелуде десем артықтық етпес.
Біз – өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз.
Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттеріміз көп.
Мал-мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған.
Осындай аттай жақсылық жасар жандарымыз көп болса, қоғам өзгермей тұрмас. Елге зиянымды емес, жарарымды бергім келеді дейтін жас ұрпағымыз көп болғай.
Асылжан Пазылбеков,
Сарысу ауданы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры