БІЗДІҢ ҮЙГЕ АЛЛА КЕЛДІ
Қайып деген жігіттің отбасы көп балалы. Қара жұмыстан бел жазбай жүретін жігітке үй ішін асырау көп күшке түседі. Күннен күнге жетудің өзі ауыр. Бірақ Қайып мойымайды. Барға қанағатшыл. Табыла қалған жұмыстан қашпай, бұйырған нәпақасын айырып, қаланың бір шетінде үй жалдап тұрып жатады. Әйелі емшектегі сәбиімен отыр. Бүгін оны бір досы отбасымен қонаққа шақырды. Қайып әр немені сылтауратып бас тартып көріп еді, досы қиылып тұрып алды. «Өзім келіп көлікпен алып кетемін, әкеліп тастаймын, сені өзімнің отбасыммен, жақындарыммен таныстырамын» деп те қойды. Досының көңілін қимады, баратын болды. Бірақ қалай барады, өзінде, әйелінде де, балаларының үстінде де жыртық-жамаусыз дұрыс киімдері жоқ. Жұрт көзіне қалай көрінбек? Жігітті намыс өлтіреді деген, осыны ойлап Қайыптың көңілі құлазыды. Оңашада өзінің жай-күйіне көңілі түсіп, жылап та алды. «Мен осындай сорлы болармын ба?.. Бала-шағам маған қарайды, мен жерге қараймын… Бүгін досымның үйіне қалай барамын?.. Барамыз деп қойдым, бірақ бара алмаймыз ғой. Әйеліме досымның қонаққа шақырғанын айтсам, ол менен бетер қорланады-ау…» деп жігіт өз-өзімен күңіреніп, қатты таусылды. Кешке дейін біраз уақыт бар, алайда амалы құрып отыр емес пе, алты адамға кім киім сатып алып береді?.. Қайып досына бара алмайтындарын айтып қайтпаққа беркіді. «Досым біздің үстімізде қонаққа киюге жарайтын бірде-бір киімнің жоғын білмейді, барып айтайын, сәбиіміз ауырып қалды, біз бара алмаймыз» деп… Ол осылай ойлап орнынан тұра бергенде есік қағылды. Баласы барып есікті ашқан, көрші үйдің бойжеткен қызы екен. Екі қолында екі нән пакеті бар.
— Сәлем бердік. Мені сіздерге әкем жұмсаған.
— Сәлематты бол, қызым. Хош келдің, кіре ғой, кел, босағаға тұрма…-деп жатыр бұлар. Ұл-қызы көрші қыздың қолындағы затқа қарағыштай береді.
— Әке-шешемнің екі ұлы басқа жақта тұрады ғой. Балалары баяғыда өсіп кеткен. Сол ағаларым мен жеңгелерімнен олар бізбен бірге тұрғанда көптеген киім-кишегі қалып қойыпты. Енді оларды ешкім кимейді. Балаларының киімдері де босқа жатыр. Мұнда ұл бала мен қыз баланың киімдері бар. Аға-жеңгемнен қалған киімдер де баршылық… міне, осыларды әке-шешем ғой, босқа жатқанша мұқтаж жандарға берейік деген. Менің есіме сіздер түстіңіздер. Әке-шешем онда өзің апарып бере ғой деді, сосын осы заттарды алып, сіздерге келгенмін, аға, апа, алыңыздар… шын жүрегімізден, бұл киімдер тіпті онша киілмеген, арасында киілмей су жаңа күйінде қалғандары қанша ма?!. Кішкентайлар киіп жарытпаған ғой… бәрі жаңа, таза. Алыңыздар, ал мында аздаған жеміс-жидек пен тәттілер бар. Баланың ойыншығын да ала келдім. Біздің үйде босқа жатыр бәрібір. Ал бұлар сіздерге керек болар деп шештік. Аға, апа, ұялмаңыздар, алыңызсайшы,-дейді қыз бала, ал бұлар мұндай тосын сыйды ешкімнен де күтпеген, бәрі сілтідей тынып қарап қалған.
-Қызым-ай, айнам-ай…-дей береді ерлі-зайыптылар.
Көрші қыз заттарды шығарып, үстел үстіне қойды. Өзі күлімсіреген күйі есікке қарай беттеді. Қайып пен зайыбы Сәуленің көзінен ыстық жас ағып бара жатты. Бұл жас мейірімге шөлдеген, сол мейірім шуағы төгіліп бергенде риза болған, ем-шипасын тапқандай күйге бөленген жаралы жүректен шыққан жас еді. Оны байқап қалған көрші қыз бұрылып: Әкем де ескерткен, «бұл біздің шын пейілден көмегіміз. Ар-намысыңызға тигіміз жоқ, көршіміз ғой, қабыл алсын» деген, аға, алыңыздар,-деді. Сосын өзі жақсы танитын төрт жасар Айнашты сұрады.
— Айнаш қайда, көрінбейді ғой. Оған әдемі көйлек бар,-деп, күлімсіреген қалпы есікті аша берді,-жақсы, игіліктеріңізге жаратыңыздар.
Көрші қыз сұраған Айнаш келесі бөлмеде ұйықтап жатқан болатын. Сәлден соң бауырлары оны оятып алды. Әдемі көйлекті көрсетті. Бұл сәтте әке-шешесінен бастап барлығы жаңадан киініп алған, үйдің іші сондай ерекше күйге бөленіп тұрған болатын. Ұйқысынан оянған, айналасын көріп қуанған Айнаштың сондағы сөзі: «Біздің үйге Алла келді ғой?!.» болды. Төрт жасар Айнаштың бұл сөзінен әке-шешесінің көз-көңілі тағы босады. Екеуі де: «Иә, ботақаным!..» деді. Кешкісін досы көлігімен келгенде Қайыптың отбасы қонаққа баруға әзір болды…………
Мұнайдар Баймолда