Бұл Қуаныш!

Мақаланы дайындап, бөлім басшысына қол қойғызған соң,»Уф», деп, «Әп, піссімілләні» айтып, мақаланы келесі сынақтан өткізуге апарамыз. Кабинетке келген соң дегбіріміз қашып, телефонға қарап елеңдеп отырғанымыз сол.
Ішкі телефонның қысқа қоңырауы «шыр» ете қалды бітті, жүрек дүрсілдеп қоя береді.
Телефонның арғы жағынан «Бұл Қуаныш, маған келіп кетші», — десе біттік дейміз. Басқаны қайдам, өзім ішкі телефон жарты сағаттың ішінде үн қатпаса қуанып, компьютерлік бөлімге жүгіретінмін.
Дереу Қуаныш ағаның қолы қойылған мақаламды алып, бір көз жүгіртіп, бүгін аман өттім деп шүкіршілік ететінмін.
Ал ішкі телефон шырылдаған күні, бас салбырап, көз жасаурап, енді осы кемшілікті жібермеспін деп тістеніп жүргеніміз.
Бірін көпше, бірін жеке айтып жатқаным, Қуаныш ағаның мектебін көрген жас журналистер бас қоса қалсақ, ағамыздың бізді қалай тәрбиелегенін айтсақ, әңгімеміз ұқсас шығады.
Жеке шақырып алып, кемшілігімізді осып тұрып айтқанымен, «летучкада» Қуаныш аға жастарға қатты араша түсіп, мүйізі қарағайдай ағаларымыздың сынынан қорғап қалатын. Ой ол күні бізден бақытты адам жоқ. Анау-мынауды менсінбей кетеміз. Сөйтіп жүріп адам болдық. Біреуге мынаны былай жазғаның не дейтіндей болып қалыппыз, бірақ соны ағалардай айта алмай жүрген секілдіміз.
Бүгін біздің ұстазымыз Қуаныш аға Иембердиевтің туған күні! Аға, сізге бәрі үшін мың алғыс! Сіздің мектебіңізден өткенімізді мақтан тұтамыз!

Ардак Усеинова