ҚАЖ қызметкерлері мектеп оқушыларымен кездесті
Кез келген мамандықтың өзіндік ерекшеліктері мен талаптары болары анық. Ал, қоғамның тыныштығы үшін тағдырын тәуекелге тігіп, қылмыспен күрестің алдыңғы сапында жүретін құқық қорғау органдарының қызметкері атану – халық алдындағы жауапкершілік.
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 түзеу мекемесі бастығының орынбасары, әділет майоры Олжас Бектаев пен осы мекеменің тәрбие және кадр жұмысы жөніндегі тобының аға инспекторы, әділет капитаны Әмина Масатбай облыс орталығы Тараз қаласының іргесінде орналасқан Жамбыл ауданындағы бірнеше оқу ошағына арнайы барып, жоғары сынып оқушыларымен кездесті.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы мен әлемдегі алғашқы ғарышкер Юрий Гагарин атындағы мектептер мен №1 және 12 білім ұясында өткен кездесулер барысында ҚАЖ қызметкерлері жоғары сынып оқушыларын болашаққа қадам басар кезде «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» абзал екенін баса айтты.
Сондай-ақ, олар жасөспірімдерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясына оқуға түсуге шақырды.
Өз кезегінде мектеп оқушылары аталған академия жөнінде кеңінен білуге құмартып, көкейлерінде жүрген сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Ал, ұстаздар ұжымы оқушыларға кәсіби бағдар берген ҚАЖ қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.
Aqjol Aqparat