АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ БІЛІМ САЛАСЫ: ЖЕТІСТІКТЕР МЕН ЖОСПАРЛАР

Абай облысында оқушы орындарының тапшылығын жою мақсатында 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 700 орындық 11 жаңа мектеп салынады. 2023 жылы облыста барлығы 5 мектептің құрылысы басталды.Балабақшалардағы орын тапшылығын жою мақсатында 2027 жылға дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 9 балабақша салу жоспарлануда. Сондай-ақ, былтыр күрделі жөндеу жұмыстары 11 білім беру ұйымында, ағымдағы жөндеу жұмыстары 143 мектепте жүргізілсе, 2024 жылы екі білім беру ұйымына күрделі жөндеу,  61 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Сондай-ақ өңірде 70 мектеп жаңа 86 модификациялық және STEAM кабинеттерімен жабдықталды. 2024 жылы қосымша 50 мектеп 50 жаңа модификация кабинетімен жабдықталмақ.  Сонымен қатар кәсіптік техникалық білім беру бағыты бойынша IT колледжін ашу жоспарланып отыр.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсету мақсатында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттер саны артып келеді. Облыс бойынша 335 баланы қамтитын 14 мектепте инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері жұмыс істеп тұр. 2023 жылы Семей қаласында 33 баланы қамтитын 2 ИҚК ашылды. Облыс бойынша 9 ППТК, 4 ПМПК жұмыс істейді. 2024 жылы қосымша 52 балаға арналған 4 ИҚК, Курчатов қаласында 1 ППТК ашу жоспарланған.

БІЛІМ САПАСЫ-БАСТЫ КӨРСЕТКІШ 

Абай облысы педагогтерінің IT бағытта кәсіби шеберліктерін арттыру, инженерлік бағытта қызығушылығы бар білім алушыларды оқыту, білім саласында цифрландыру және инновация бағыты бойынша жүйелі жұмыс нәтижесін беріп келеді. 

Алматы қаласында өткен «Almaty Tech Cup-2023» ІХ Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар чемпионатында облыс командасы жоғары нәтиже көрсетіп, облыс мерейін асқақтатты. Республика бойынша 2000-ға жуық қатысушы жиналған додаға Абай облысының оқушылары мен колледж студенттері қатысты.Тартысты бәйгеде Абай облысының командасы тасымалдаушы роботты ұсынып, І орынға ие болды.Чемпионат қорытындысы бойынша Абай облыстық құрамасы Индонезияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алып,  халықаралық чемпионатта жүлделі 3-орынға ие болды. 

Биыл жұмысшы мамандықтарын меңгерген студенттер үшін үлкен мүмкіндік тудыратын, ғылымға кең жол ашатын ауқымды чемпионатта Абай облысы алғы шепте көрінді. «Worldskills Kazakhstan-2023» ҮІІІ республикалықчемпионатында Абай облысының студенттері үздік атандыРеспубликалық кәсіби шеберлік чемпионатында алғашқы қатардан көрінген аймақ құрама командасы командалық есепте 30 құзырет бойынша 6 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Облыс студенттері бар кәсіби шеберліктері мен дағдыларын көрсетіп, еліміз бойынша ең үздік атанды. Жеңімпаздар 2024 жылғы қыркүйек айында Францияның Лион қаласында өтетін Worldskills халықаралық чемпионатына аттанады


БІРТҰТАС ТӘРБИЕ БАҒДАРЛАМАСЫН ОҚУ-ТӘРБИЕ ЖҮЙЕСІНЕ ЕНГІЗУ

Абай облысында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу мақсатында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» іске асырылуда. Мемлекеттік орта білім беру ұйымдары мен ата-аналар арасындағы тиімді өзара іс-қимыл үшін жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары» 301білім беру мекемесінде ашылды және осы орталықтардың жұмысын үлестіру бойынша 342 педагог арнайы курстан өтті.

Абай облысының аумағында 12 балалар сауықтыру лагері бар. Кешенді даму жоспарына  сәйкес қала сыртындағы 3 маусымдық лагерь салу көзделген. Биыл Абай ауданында 40 орындық жазғы сауықтыру лагері ашылады.  

Абай облысы болып құрылғалы білім беру жүйесін жетілдіру, мемлекеттік бағдарлама қойған міндеттерді шешу жұмыстары қарқынды жүріп келеді деп есептеймін. Өңірлік білім беруді жаңа сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік бере отырып, биыл да жаңа белестерге қол жеткіземіз деген сенімдемін. Абай облысының білім саласын дамыту бойынша жұмыстар барлық бағытта жалғасады.