ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИЛІК КӘСІПКЕР «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА КӘСІБІН ДАМЫТЫП ОТЫР
Түркістан облысында қарқынды түрде іске асырылып жатқан ауқымды жоба – «Ауыл аманаты» жобасы. «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп іске қосқан «Ауыл аманаты» жобасы кәсіпкерлерді жан-жақты қолдауға бағытталған. Осы бағдарлама аясында Төлеби ауданында межеленген 1 млрд 124 млн теңгеге 193 жоба мақұлданды. Жобаның нәтижесінде Бірінші Мамыр елді мекенінің тұрғыны Тимур Жақыпов пластик есік-терезелер дайындау ісін қолға алған.
Жеке кәсіпкер жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие арқылы 8 млн теңге алды. Қазіргі таңда айына 200 шаршы метр есік-терезе дайындайды. Мұнда 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімдеріне Түркістан облысы және Шымкент қаласы тұрғындары арнайы тапсырыс береді.
Кәсіпкердің жұмысымен танысқан аудан әкімі Төлеген Телғараев бизнес саласы бойынша кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жоба бойынша әңгімеледі. Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге, шағын бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан нақты көмектер мен қолдаулар жасалып жатқанын айтып, ісіне сәттілік тіледі.