Мойнымызға міндет болған білімдер
«Ғылым іздеу әрбір мұсылманға парыз». (хадис)
Имам Ғаззалидің «Ихия-у улумиддин» атты кітабынының «Әрбір мұсылманға парыз ғылымдар» деген тақырыбында әрбір білім іздеуші мұсылманға, оның ішінде халыққа діни дәріс беруші ұстаздарға өте пайдалы мағлұматтар қамтылған. Негізінде жалпы ғылымды алсақ та, шариғи ғылымдардың өзін алсақ та бір адамның түгел игеруі қиын. Сондықтан әрбір кісінің мойнына парыз болған ғылымдарды анықтап алу білім үйренуші кісіге аз уақыттың ішінде ең қажетті мағлұматты үйреніп, пайдалы білімге қол жеткізуіне жол ашады. (Имам Ғаззали «жоғарыдағы хадистегі «талаб-ул-илми» сөзіндегі «ләмут-тағриф» (есім сөзді белгілі халге ендіретін “әл” артикль) бұл жердегі «талап етілетін ғылымның» мұсылмандарға парыз болған ғылым екенін білдіретінін айтады).
Кейде адамдар көптеген мағлұматқа ие бола тұрып, өзіне тікелей қатысты білімнен хабарсыз болып жататыны ақиқат нәрсе. Мәселен шариғаттағы көптеген тармақ мәселелердегі ихтилафтардан хабардар адамның дәрет пен намаздың парыздарын нақты білмейтіндігін көрудеміз. Бұл олқылық білім алудағы жүйесіздіктен туындауда. Сондай-ақ, мал-мүлкі нисабқа жетпеген отбасылы кісінің зекет жайлы біраз мағлұматқа ие бола тұрып, неке, талақ, ерлі-зайыптылардың өзара міндеттерін білмеуі де осының салдары болып табылады. Бұл жүйесіздік ол кісілердегі кемшілік болуымен қатар, ұстаздарының да жауапкершілігіне тікелей қатысты.
Имам Ағзам Әбу Ханифа мұндайлардың мысалын сахараға сапар шегерде ең қажетті болған суды алмай, түйесіне басқа азық-түлікті арта берген адамға ұқсатқан екен.
Енді мойынымызға міндет болған білімге келетін болсақ, имам Ғаззали ақылды, балиғатқа жеткен әрбір мұсылманның мойнындағы міндеттерін мынадай үш топта қарастырады:
1) Иғтиқад. (Иман келтіру, сену)
2) Фиғл. (иманның талап еткен нәрселерін орындау)
3) Тәрк. (тыйым салынған нәрселерден тыйылу)
Осы міндеттердің ретіне қарай оларды үйренуі парыз болады дейді. Яғни әрбір ақылды адам балиғатқа толған кезінде оған алғаш парыз болатын нәрсе – кәлима шәһадатты, мағынасын түсіне отырып, айтуы, Алланың бірлігі мен Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алланың пайғамбары екендігін растауы. Одан ары қарай иман негіздерін жекелеп үйренуі.
Осыдан кейінгі келетін білімдер әркімнің жағдайына қарай әркелкі бола береді. Біреуге міндетті болған нәрсе екінші адамның жауапкершілігінің тысында қалуы мүмкін.
Имам Ғаззали әркімнің жағдайына қарай парыз болатын білімдерді үш топта қарастырады:
а) Парыздарды орындауға қатысты білімдер. Мысалға, намаз уақытының кіруімен намазға қатысты білімді, рамазанға жетсе, оразаға қатысты білімді, мал-дәулетке кенелсе, зекетке қатысты үкімдерді, қажылыққа шамасы келсе, қажылыққа қатысты үкімдерді үйренуі парыз болады.
ә) Тыйым салынған істер жайлы білуі. Бұлар да әркімнің жағдайына қарай өзгеріп отырады. Мәселен мылқау адамға «пәлен сөзді айту харам» екендігін, соқыр кісіге «мына нәрсеге қарау харам» екендігін үйренулері парыз емес. Яғни адамның істей алмайтын нәрсесінің харам екендігін үйренуі міндетті емес. Керісінше істеуі мүмкін болған харам нәрселері үйретілуі керек. Сондықтан өмір сүріп отырған ортасындағы кездесетін харам істер үйретілуі тиіс.
б) Иман шарттарына қатысты нәрселерді үйренуі. Бір адамның ақида шеңберінде көңіліне ұялайтын күмәндарды жоятындай білім үйренуі парыз. Сонымен қатар өмір сүріп отырған ортасында кең тараған ақидаға қатысты қате түсініктер жайында да қажетті білім алуы міндетті.
Имам Ғаззалидың сөздерінен қысқаша келтірілген осы негіздерді ескеретін болсақ, ұстаздардың халыққа діни білім беруде мына нәрселерге баса назар аудару керек сияқты.
Білім алушының жағдайына қарай оның мойнына парыз етілген істерге қатысты мәселелерді бірінші орынға қою. Жоғарыда айтылған ғибадаттарға қосымша, үйленуге ниетті немесе отбасылы азаматтарға некенің дұрыстық (сыххат) шарттарын, некеде харам етілген істер мен некені бұзатын талаққа қатысты үкімдерді, ері мен әйелінің міндеттері сияқты нәрселерді кешіктірмей үйрету керек.
Мектеп бітіріп мамандық таңдайтын жастарға да қай мамандықтың мұсылманға лайық, қайсысы тыйым салынғанын да үйрету маңызды.
Сондай-ақ әркімнің мамандығы мен кәсібіне қатысты шариғи үкімдер мен харамдарды үйрету. Хазірет Омардың (Оған Алла разы болсын): «Сауданың үкімдерін білмейтін адамдар базарымызға шықпасын» деген әйгілі сөзі осыны меңзейді. Әйтпесе бір мұсылманның отбасында, кәсібінде Алланың әмірлерін толық орындап, харамдардан сақтануы мүмкін емес.
Бүгінгі күні намазда қолды қайда байлау, аяғының арасының қашықтығы сияқты ұсақ мәселелерді (яғни намаздың жарамдылығына зияны жоқ) көп қозғайтын кейбір намазхан жастардың намаздың парыздары мен оны бұзатын нәрселерінен хабарының жоқтығын көптеп көрудеміз. Тіпті парыз бен мустахабтың арасын ажырата алмайды. Көп әйел алуды міндет санайтын кейбір азаматтар некенің шарттары мен талақтың үкімдерінен хабары жоқ. Бүкіл өмірі базарда өтетіне қарамастан сауданың үкімдерінен бейхабар бола тұра шариғаттың басқа мәселелерінен уағыз айтатын қаншама жамағат бар. Осы жамағаттың күнәсінің обалы ұстаздарын айналып өтпейтіндігін, олардың да Алланың алдында жауапты екендігін әрбір дін уағызшысы естен шығармауы керек.
Бір риуаятта имам Шафиғи (р.алейһ) жолда келе жатып талдың бұтағында отырған баланы көреді. Баланың құлап кетуінен қорқып: «Балақай, абайла, құлап қаласың», дейді. Сонда бала: «Уа, имам! Мен құласам бір бала жазым болар. Сіз абайлаңыз, сіз қателессеңіз, артыңнан ерген үммет адасар», деген екен. Сол сияқты бүгінгі аузына дүйім жамағатты немесе белгілі бір аудиторияны қаратқан ұстаздардың қателесуі үммет үшін, халқымыз үшін орыны толмас олқылық болмақ.
Сонымен қатар иманшарттарына қатысты үкімдерге байланысты айтылған жоғарыдағы мәселелер бойынша бүгінгі күні «Аллаға мекен тағайындау», «Алланы жаратылғандарға ұқсатып, оған дене мүшелер телу» сияқты әһлі сүннә уал-жамағаттың ақидасына қайшы тараған пікірлерді де дер уақытында жамағатқа дәйекті дәлелдермен түсіндіріп, адасушылықтың алдын алу маңызды міндет.
Міне осы парыз білімдерді алғаннан кейін басқа білімдерді ретіне қарай үйрену келеді.
УБАЕВ БАТЫРБЕК ТҰРҒАНБЕКҰЛЫ