ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫҢ  ЖОҒАЛСА, ҰЛЫЛЫҒЫҢНАН НЕ ПАЙДА?!

Анамын, әжемін. «Ел анасы» атанып жүргендіктен, ойлайтынымыз ел қамы, ұрпағымыздың болашағы, елімнің ертеңі алаңдатады.

 

Адам үлкейген сайын өткен-кеткенді саралауға бейім тұрады екен. Біз кешегі шежіреге бай қазақтың шал-кемпірлерін көрген, олардың өмірлік ұстанымын бойымызға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Олардың тағылымды тәрбиесін көрген обал мен сауапты, ізгілік пен қайырымдылықты көріп өскен буынбыз. Бүгінде заман өзгерді. Адам да өзгерді. Бұл бүкіләлемдік дағдарыс.  Бұл дағдарыс қазақ халқын да айналып өтпейтіні белгілі. Дағдарыс дауылы соққанда – оған төтеп берер имунитет – қазақы болмыс, тілің мен дінің, ділің, салт-дәстүрің. Бұлардан айырылсаң, қаңбақтай ұшасың! Өзгенің таңсығын құшасың! Саған осы керек пе, қазақ баласы?! Бабадан қалған мына ұлан-байтақ даланы сақтап қалу – өз болмысыңнан айнамасаң ғана қолыңнан келеді. Әйтпесе құрдымға кеткенің кеткен! Шөккенің шөккен! Кей жастардың орысша шүлдірлеп, қазақылықтан безініп, жалаңаш жүргенді, орынсыз күлгенді,  арсыз істерді бақыт сезініп қуанғанын көргенде жаным ауырып, жүрегім сыздап кетеді. Қайда бара жатырмыз?

«Qazaqstan dauiri» басылымы еліміздің бар аймағын жылда аралап жүр. Экспедициямыздың аты да «Ауыл аманаты – ел аманаты». Осыдан-ақ газетіміздің басты ұстанымы не екені көрініп тұр емес пе. Ол – ұлт болашағы. Бабалар аманатына адал болу!  Ұлттық құндылығымыздың өміршеңдігін көрсету, дәріптеу.  Тілдің қадір-қасиетін ұрпаққа сездіру.  Қазақ барда салт-дәстүр сақталуы тиіс. Себебі өзге елдер өздерінде жоқ әдет-ғұрыпты өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге күш салып жатыр. Жоқтан бар жасап әуре. Бәрінің де ойы – ұлтсызданып, жойылып кетуден сақтану. Ал біз, қазақ, өзімізде бар жауһарларымызды бағаламай, кім-көрінгеннің қаңсығына қызығып, тарихтан сызылып кетудің алдында тұрмыз. Билікте отырғандарға айтарым, сендер қазақ ұлтының арқасында ел басқарып отырсыңдар. Ұлтты сақтау – сендерге міндет. Ұлы міндет! Олай болса ұлттық идеология еліміздің бар саласына  тереңдеп енуі тиіс. Балабақша мен мектептен, жоғары оқу орындарынан ұлттық идеологияның иісі аңқып тұрмаса, ертең бәрі кеш болуы мүмкін.

Жасөспірімдердің санасын улайтын жағдай елімізде өте көп. Қаптап кеткен түнгі клуб, лезбиянкалар қоғамы, феминистер ұжымы т.б. да арсыздыққа итермелейтін ұйымдарға неге шектеу қойылмайды? Олардың басты мақсаты – қазақты іштен іріту, жою.  Ұл-қызыңды еліктіріп жүрген де солар.  Мемлекет тарапынан тосқауыл қойылады деп сенеміз. Қазірдің өзінде кейбір жастарымыз басқаларға еліктеп, денесіне сурет салып,  кейбір қыздарымыз шаштарын түрлі түске бояп, салтымызға лайық емес киімдер киіп жүргенін көреміз. Енді жасөспірімдер мен оң-солын ажыратып білмеген жастар осылардың соңынан ерсе, тоқтату мүмкін болмай қалады. Аурудың алдын алмаса, арты не болатыны түсінікті емес пе!

«Не молчи» сияқты сайттар қазақтың болмысына шабуыл жасап, жастарды, әсіресе балғын қыздарды қолдаған болып не істемеді. Ол туралы кезінде «Qazaqstan dauiri» газетіне мақала жаздым. Селт еткен шенеунік болмады. Бүгіндері оның басшысы қашып жүр. Әлі де елімізде ұлттық құндылықтарға шабуыл жасап жатқан сайттарға тоқтам болмай тұр. Еліміздің таным-түйсігін, ғұрып-әдетін түбірімен шірітуге бағытталғанын түсініп, қоғам тарапынан тыйым салынуы керек! Бесіктен белі шықпаған балаларға жат идеологияны тықпалауға түбегейлі қарсымын! Үндемей отыра беруге болмайды! Бұл ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіретін саясат!

«Qazaqstan dauiri» газетінің алдыңғы нөмірінде менің «Ұлттық мүдде жолындағы күрес – ең әділетті күрес!» деген мақалам жарыққа шықты. (№ 1 (1480)  18 қаңтар).  Сайттағы мақалаға көптеген оқырмандар пікір жазыпты. Соның бірсыдырғысын сіздерге ұсынғалы отырмын. Мұндағы мақсат – халықтан қолдау барын білдіру. Ендігісі осы мақалам билік басындағы азаматтарға ой салса.

Нағашыбай Қабылбек:  «Дұрыс пайым! Ұлт болып қалудың картасын сызып беріпсіз, бұдан артық не деуге болады!».

Дәулетбек Байтұрсынұлы: «Жеріне жеткізіп айтқан екен. Жоғарыдағы атқамінер алыптар жаһанданудың ағысымен кете бермей, өз еліміздің ұлттық құндылықтарын басшылыққа алып қызмет етуге батыл болу керек. Ананың ақ тілегі, өткір ұсынысы ескеріледі деп сенеміз».

Дахан Шөкшир: «Ұлттық мүдде қайда, қашанда бірінші орында тұруы керек».

Дана Орманова: «Сәуле Мешітбайқызы өте орынды айтып, жазып отырсыз.

«Жұлдызы жанған ханымдар» деп бастап енді,  «Қанатты әйелдер» деген шығыпты. Атының өзі адам үркетіндей. Жұлдызы жанғандар қайта ұлттық салт-дәстүрді өшіріп, Индияның ба, түріктің ба киімін киіп, үкі тағып шықты. Енді қанаты бар, ұша ма, не болады? Зорлық-зомбылық деп әйелді ерлерге қарсы қойып дандайсытып жатыр. Қайда барамыз? Қайта Ардагерлер, Әжелер әлі де болса Ұлттық КОДЫМЫЗДЫ, дәстүрді сақтап отыр. Сондықтан Ел Президенті Ардагерлерге үлкен жүк артты. Енді Сенат, Мәжіліс депутаттары ҮЕҰ-мен бірлесе жұмыс жасауға үндеу керек. «Аманат» партиясы, «Ақ жол», басқа да саяси партиялар, Ардагерлермен бірлесе жобалар жасап, қолдау керек».

Қажымұрат Нәсиұлы: «Ұлттық мүдде үшін күрес – әрбір қазақ үшін қасиетті борыш, өмірінің мәні, басты мақсаты».

Шадияр Молдабек: «Ұғар құлақ болса, аналық ақ тілек осы…».

Гүлеке Қыдырбай: «Дұрыс айтасыз, қоғамымызға ең үлкен қажеттілік – Ұлттық мүддені сақтау. Сізден артық басқа қалай айтуға болады, тайға таңба басылғандай түсінікті. Тек жетер жеріне жетіп, ескерілсе екен».

Есет Досалы:  «Сәуле әпке! Елдің қасіретін жүрегіңіз жылап айтыпсыз. Сізге Алла разы болсын! Енді тыңдайтын құлақ болғай. Сіздей жүрегі нұрлы аналар көп болғай!».

Берік Жұмабайұлы: «Сәуле Мешітбайқызы, сіздің пікіріңізбен мың пайыз келісем. Өте орынды!».

Иә, ұлттық мүдде жайында Мәжіліс депутаттары да, Сенаторлар да жоғары билікке депутаттық сауал жолдап келеді. Әзірге билік тарапы  үнсіз. Осы күнге дейін қазақтың жоғын түгендеген «Qazaqstan dauiri» газетінде шыққан мақалалар легі бір төбе!  Ең қуанарлығы ұлттың рухы оянып келеді. Халықты қолдау керек. Қорғау керек. Еліміздегі азаматтардың мәдениеті мен ұлттық құндылыққа деген қызығушылығы оянған күні қазақ өзінің кім екенін білетін болады. Енжарлықтан арылып, серпіліп, атқа мінетін болады.

Мәдениет төңірегінде, ұлттық тәрбие жайында сенатор   Нұртөре Жүсіптің депутаттық сауалы өзекті-ақ. Былтырдан бері айтып келеді.  Әттең-ай, тыңдар құлақ болса дейсің. «Жеті атасын жатқа білетін ұрпақ орнына жеті ауыз сөзді әзер айтатын толқын пайда болды. Скринэйджер, зуммер, немесе Z-ұрпақ – өз өмірін электронды құрылғысыз елестете алмайтын жаңа буын. Бүгінде логоневроз ауруы мен Турет синдромы күшейе бастады. Тұтас ұлт пен ұрпақ үлкен қауіп алдында тұр. Ата-аналардың 65%-ы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Бір сөзбен айтқанда, қолына «смартфон ұстап туған» буын өмірге келді, – деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.

Тағы бір сауалында «Қазақта «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бар. Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп жағамызды ұстаған едік. Дәл жаңа жылдың алдында шоколад шыршасын бір минутта тайпап кеткендерді де көрдік.

Кеше ғана болған 21.01.24 жылғы түндегі Алматы қаласындағы жер сілкінісі «біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» таксистердің тірлігі, фейктердің көбеюі жан шошытады.

Осы видеолар халықаралық пабликтерде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Сонда біздің мәдени деңгейіміз, жеткен жеріміз осы ма? Мұндай масқара оқиғалардың себебіне үңіліп көрдік пе? Аш дейін десеңіз, аш емес. Тоқ дейін десеңіз, тобырлық деңгей мынау. Бүгінгідей тоқшылық заманда осыншама тоғышарлыққа бой алдыратындай күйге неге түстік?

Ең алдымен – тәрбие! Біздің елдегі тәрбие мәселесі дұрыс емес. Отбасындағы тәрбие далада қалды. «Біреудің бір затын алма, тегін болса да тиіспе» деген ежелгі тыйым қайда кетті? Халқымыздың «Ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен түйіндеген даналығы желге ұшқаны ма?

Қазақта «көргенсіз» деген ұғым бар. Кез келген адам үшін өте ауыр сөз. Ақ көйлектің жағасы кірлесе, жуып кетіруге болады. Ал ұлттың атына кір келсе, қалай кетіреміз?

Тәрбиемен қатар мәдениет дұрыс болуға тиіс. Абайша айтсақ, «Мәдениетсіз – дүние бос!» деді.

 Respublica партиясының тең төрағасы, Мәжіліс депутаты Руслан Берденов та лудомания  жайлы  былтырдан зар қақсап келеді. «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында көптеген шындықтың бетін ашқан. «Менің көтеріп жүрген сауалым – құмар ойындар. Біз бұл мәселені шешкіміз келсе, бір-ақ айда шеше аламыз. Бұл мәселені депутаттар 2016 жылы, 2017 жылы, 2019-2020 жылдары көтерген, ешқандай шешімі жоқ. Себебі – лобби. Менен көп адам аттарын сұрайды. Ашығын айтсам, ол адамдармен «соғысып» жатқан жоқпын. Маған олардың аты маңызды емес, маған болып жатқан жүйені жөндеу маңызды. Мысалы, кеше әскери кісілермен отырдым, олар маған өздері хабарласты. Олардың сөзінше, соңғы уақытта үш адам осындай ойынның құрбаны болған. Әскери, бізді қорғайтын адамдар осы құмар ойындарға кіріп кеткен. Соғыссыз-ақ күніне 14-15 адам құмар ойындардың кесірінен өзіне қол жұмсап өліп жатыр. Бірақ бұл мәселе шешіліп тұрған жоқ. Маған қарсы ақпараттық шабуылдар жүріп жатыр, жүре берсін. Мен осы жолға шығарда бәрін түсіндім. Өзіңіз ойлаңыз, 1 триллион теңге айналымы бар орталықтар көп және ол ресми ғана. Ал бейресми 3 триллион теңге шығар, ол дегеніміз – 7-7,5 миллиард доллар. Бұл жерде шығын жоқ, тек пайда. Сондықтан бұл бизнестен ешкім айырылғысы келмейді. Сндықтан заңнамалық тұрғыда шешуіміз керек. Бұған тыйым салуымыз керек. Елдің мүддесін ойлайтын депутаттар, министрлер болса, тыйым салуға болады. Мәдениет және спорт министрлігі «дұрыс, бұғаттау қою, бірге күресуіміз керек» дейді. Ертесі күні  «бұған қарсымын» деп хат жазып жібереді.  Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, 2022 жылы ойын бизнесін ұйымдастырушылардан салық кірісі 109 млрд теңгені құраған. Түрмеде отырғандардың отыз пайызы осы құмар ойындар үшін отырғандар. Бұл – нақты ақпарат. Жылына 76-77 миллиард теңге құмар ойындар үшін түрмеде отырғандарды қамтамасыз ету үшін жұмсалып жатыр. Қазір миллионға жақын ойыншы бар. Қатарында оқушылар да көп. Ол – біздің тәуелсіз сараптама, бірақ одан да көп болуы мүмкін. Сол миллионның 300 мыңын емдейтін болсақ, 1 триллион теңге кетеді. Емдеудің бір курсы – алты ай. Бірақ дәрігерлер емделіп кетеді деп кепілдік бермейді. Есірткі, араққа тәуелділікті дәрімен т.б. емдеуге болады. Лудомания, бұл  – психикалық ауру. Дәрімен емдей алмайды. Ақша жағынан бөлек қаншама отбасылар бұзылып, зардабын тартуда.  Жылдам байытуға азғыру, ең алдымен, аз қамтылған адамдар мен жастарды тартады. Осы проблема қайғылы жағдайға айналып отыр.  Бұл жастардың тағдырын бұзады, салдарынан олардың отбасылары зардап шегеді. Нәтижесі де белгілі. Қылмысқа алып келеді. Президент Қ.Тоқаев «Нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр» деп атап өтті. Менің өзіндік позициям – құмар ойындарды, букмекерлік кеңселерді жабу керек. Ал депутат ретінде айтарым – бақылауға алып, лимит қою керек. Зейнетақы қорына қарап лимит қою керек.  Букмекерлік кеңселер осы күнге дейін адамдарды құмар ойындарға тартып, агрессивті жарнамалық науқан жүргізіп, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп отыр. Еліміздегі барлық букмекерлік кеңселерді ойын аймақтарына көшіру туралы шешім нәтиже берген жоқ, өйткені олар интернет арқылы жұмысын жалғастырып жатыр.

Елімізде 350 мыңнан астам лудоман есепке алынған. Психологтардың пікірінше, лудомандардың 95%-ы онлайн казино мен ойын автоматтарының ойыншылары, мұнда нәтижені казино иелері басқарады, ал ойыншылар тез жеңіске жету үшін құрбан болады».

Айтпақшы, Сенаттың тағы бір депутаты Руслан Рүстемов: «Бізде ұлттық контент әлі жеткіліксіз. Жас ұрпақ ғаламтордан көретін дүниелердің кесірінен балалардың тілі қазақша шықпай жатыр. Бұл – өте қауіпті құбылыс!» – деп дабыл қағып, Үкіметтен шара қолдануды сұрады. Ұлттық мүддеге келгенде ұлттық рухы мықты депутаттар бізде баршылық. Тәуба!

Тек Үкіметке сөздерін өткізуде, жақсылыққа шақыруда ауызбіршілік пен ынтымақ болмай тұрғандай көрінеді. Егер Мәжіліс пен Сенаттың депутаттары ұлттық мүдде жолындағы күресте бірлесе «шайқасса», алар асулары мен шығар биіктері де мығым болары сөзсіз. Ондай атты күн туса, Парламент депутаттарын қолдауға мен дайынмын. Қаншама ұлтын сүйетін азаматтар да сапымыздан табылары даусыз.

«Qazaqstan dauiri» газетінің алдағы нөмірінде ұлттық құндылықтар мен кері кеткен мәдениетіміз, арсыз ұл мен бетсіз қыздардың қоғамдағы ролі, оларды еркіне жіберген шолақ саясаттың тигізген зардабы жайлы терең толғамды  мақалам жарық көреді. Ол мақалада ұлттық құндылық мәселесі кеңінен қаузалатын болады.

Сөз соңында әулиеаталық ақын бауырымның, әлеуметтік желіден алынған бүгінгі қоғамның тынысын ашқан, жан тебірентерлік өлеңін назарларыңызға ұсынбақпын. Ақынның толғам-толғауы менің мақаламның жүрек қағысын білдіріп қана қоймай, барлық аналардың  «жанайқайын» жеткізіп тұр.

 

 

 

 

 

 

 

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері

 

Ар жағында мың қасірет бұғып жатқан заң

Салғанын көре бермей пешенеге,

Онда біз дауыс бердік кеше неге?

Жынысың ауысатын заңың шықса,

Обал ғой әкеге де, шешеге де.

Баланың өз әкесін адам көрмей,

Шығып жүре бергені көшеге де.

Отанның болашағы деп қарайық

Отбасындағы құнды мәселеге.

Бір жыныспен бір жыныс үйленуі

Ұлтымызға болмайды еш өнеге.

Баласы үшін әкені торға қамар,

Заң шықса нең оңалып, нең жаңарар.

Ант кезінде шулатқан әрекеттер

Мына заңның қасында жолда қалар.

Партиялап Парламентке барып тұрған

Ойлануы керек қой енді ағалар.

Бұл жобаны кім айтып, кім ұсындың,

Мұндай заң қабылданған құрысын күн.

Онсыз да ұшып жүрген жанымызды

Мынандайды шығарып бір ұшырдың.

Депутаттар, ал енді абай болғын,

Керегі жоқ бұл заңға кірісудің.

Қалай берсеңіздер де Ант бердіңдер,

Соған сай болсын бәрі жұмысыңның.

Жынысты ауыстырар заң шығарсаң,

Ауысқаны сол шығар жынысыңның.

Қолымызда қаламдай қайламыз бар,

Өлең жаздық, басқа не айламыз бар.

Өтінеміз, халыққа қалаулылар,

Бұл заңды алшаңдатып қоймаңыздар.

Отанның болашағын ойламасаң,

Ұрпағыңның ертеңін ойлаңыздар.

Кешегі жүздер қайда жымың қаққан,

Батып тұр жанымызға зілің батпан.

Мұндай заң құрып кетсін әр қазақтың

Жанына бір қорқыныш туындатқан.

Бер жағынан бірдеңе ойлағанмен,

Ар жағында мың қасірет бұғып жатқан.

Оңтүстік ақындарын сапқа жинап,

Байтуов Біржан досты шырылдатқан.

Асықпа қасіретке қол қойғанға,

Қазақы құндылықты қолдан жойма.

Бұл заңға қарсы жалғыз Шым қала емес,

Қарсылық бар Қордайдан, Торғайдан да.

Түркістанды қолдайды жамбылдықтар,

Шығамыз ұлтым үшін зор майданға.

Майдан деген – қарсылық, көнбеу бұған,

Миллиондар қарсы бұған шалғайдан да.

Абай, Жамбыл бабалар кезі болса,

Олар да көнбес еді ондай заңға.

Сондықтан ел тізгінін ұстағандар,

Мұндай қасіреттерді қолдай қалма.

Отбасы бүлінетін заңдарменен,

Отаным өседі деп ойлай қалма.

Халықтың қарсылығын назарға алып,

Сондықтан берекелі кел байламға!

ЕСЕТ ДОСАЛЫ