Заңгер кеңесі: Азаматтардың сұрақтарына жауап
Тұрғын үй, пәтерге қатысты азаматтардың сұрақтарына заңгер Абзал Құспанның жауабын беріп отырмыз.
Сұрақ: Менің әпкем жақында дүниеден озды. Күйеуі бар, балалары жоқ. Әпкемнің атындағы үй мен көлік бар еді. Оның туған сіңілісі ретінде мен иемдене аламын ба?
Жауап: ҚР Азаматтық Кодексінің 1061-бабына сәйкес, өмірден озған әпкеңіздің бірінші кезектегі мұрагер болу құқығы мұра қалдырушының балалары, оның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы бола алады. Яғни сіз екінші кезектегі мұрагерлер қатарына жатасыз. Ал Азаматтық Кодекстің 1060-бабы, 3-бөлігіне сәйкес, «Заң бойынша мұрагерлердiң әрбiр келесi кезегi алдыңғы кезектегi мұрагерлер болмаған, оларды мұрадан шеттеткен, олар мұраны қабылдамаған не одан бас тартқан жағдайда, осы кодекстiң 1074-бабының 5-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, мұрагерлiк құқығын алады», — делінген. Тиісінше, сіздің ол мүліктерге мұрагерлік етуге құқығыңыз жоқ.
Сұрақ: Мен пәтер жалдап тұрамын. Пәтер қожайыны осыдан жарты жыл бұрын үйіне жаңа жиһаздар әкеліп, ай сайынғы пәтерақы мен коммуналдық төлемдерден бөлек алдын ала 40 мың теңге алған еді. Ол ақша пәтерді босатқан кезімде ғана берілетіндігі айтылды. Мен пәтерді 3 айға жетпей босатып бердім. Бірақ алдын ала алған ақшамды қайтармай жүр. Не істесем екен?
Жауап: Егер осы айтылғандар жазбаша түрде рәсімделсе, онда ешқандай мәселе жоқ, сотқа беру арқылы кері өндіріп ала аласыз. Егер бәрі ауызша келісілген болса, онда сотта жауапкер (үй иесі) мойындамаған жағдайда 40 мың теңге бергеніңізді дәлелдеу мүмкіндігінен айырыласыз.
Дайындаған Жұлдыз ӘБІЛ