БҰРЫНҒЫ ӘЙЕЛІНЕ ХАТ
Баяғыда сенің маған айтқан сөздеріңнің бәрі айна-қатесіз орындалғанын білсең ғой. Мен қазір бұрынғыдай келбетті, денсаулығы мықты еркек емеспін. Ол мені мал санайды. Былай қарасаң, тәп-тәуір доцентпін, ғылымға еңбегім сіңген қызметкермін. Ол мүлдем тамақ істемейді. Бүгін, екінші қаңтар, ішім бұратылып аш жатырмын. Көз алдыма сен дайындаған буы бұрқыраған дәмді тағамдар елестейді.
Саған ананы да, мынаны да жеуге болмайды дейді. Менің жасымда ет те, нан да жеуге болмайды екен. Ішіне бөдене салып пеште қуырып беретін үйрегіңді айтпай-ақ қояйын. Қарным шұрылдап ашқан кезде сүйретіліп ас үй жаққа бет алсам, шешесімен қоса құрып кеткірлер, мені ас үйдің маңына жуытпайтын болды.
Мынадан туған балаларым барып тұрған оңбаған болып шықты. Ал екеміздікі қандай періште десеңші, сабағын да жақсы оқыды. Сенің анаңмен қарым-қатынасымыз керемет болды деп айта алмаймын, дегенмен қазіргімен тіпті салыстыруға келмейді. Иә, арамызда не жағдай болмады, бәрін де көрдік, бірақ сенімен бірге сүрген өмірім, есіңде ме, бал айымызды өткізген орталық пансионаттағыдай — нағыз жұмақтың жұмағы болыпты.
Сені тастап, мына қарғыс атқырға кетіп бара жатқанда неге менің аяғымды кесіп тастамадың? Бәріне сен кінәлісің! Әншейіндегі қасарысқан мінезің қайда қалды? Өз ұстанымыңда қатайып тұрып алып, мына қанішерге жібермей қоюың керек еді! Әрине, қазір саған бәрібір, сонау Аустралияда рахат өмір сүріп жатырсың. Ортақ балаларымыз саған коммунизм орнатып берді, ал маған тіпті жаңа жылда құттықтап бір де қоңырау соқпады. Мен де оларды асырадым ғой, өмір сыйлағанымды айтпағанда.
Сара, егер мен, алда-жалда өліп қалсам, осы сенің бар күнәң кешірілмес дақ болып саған таңбаланады. Кезінде менің анама өміріміздің соңына дейін бірге боламыз деп сөз бергенсің. Міне, мен ажал аузында жатырмын, ал саған … бәрібір!
Автор: В_Зеленогорский
Аударған: З. Сабитова