БӨРТЕ-ЕНЕГЕ ЖОШЫ ҚАЗАСЫН ЕСТІРТУ

Әлқисса, Ұлұғтағтан жеткен аса қайғылы, тосын хабардан тұтас қағанаттың есі шықты. Бұл шақта Өгелін әже де, қағанның туған інісі Жошы-Қасар да, қағанның сүйіктісі Құлан қатын да бұл дүниеде жоқ-тұғын. Дарабоз Жебе ноян да бұ жалғандық емес…
Бөрте ене Ұлұғ Орданың қорғаныс нояны Темуге отшыгенмен іргелес, Керүленнің Көде аралындағы көктеулікте отырған. Жошы хан мезгеу айынан бұрын, қаңтардың (көшпенділер ақпан айын солай атаған) соңғы торығымында оқият ажал құшқан. Бұл мезет қыпшақ даласын, Ұлытауды қасат қар басқан, аң атаулы іш көтерген шақ. «Ұлы Жасақ заңында» аңшылық немесе ұлы аблақта (аса ірі әскери жаттығу) ұрғашы, ішті аңдарды аулауға мүлде тыйым салады… («Ақсақ құлан» аңызының кейін шыққанына бір дәлел).
Ауыр қаза ең алдымен қағанның өзегін оттай қарыған. Жошы ханзада ат жалын тартып мінгеннен бастап, әкесінің ең парасатты, ержүрек ұлы, қиыннан жол табатын батыр көмекшісі-тын. Қаған оны жанындай жақсы көрді. Қайсыбір қауесеттерде айтылғандай, Жошы өлімінен бұрын мұрагер мәселесі қозғалмаған. Мың өзгертіліп, мың түрленген, татар Шикі-Құтұқ жазды делінетін «Құпия шежіредегі» әлгі бір «Құлан қатын айта қалған екен, Шыңғыс қаған елп етіп, дереу мұрагер сайлай қойды» деген жері жолай қосылған жаяу хабар. Шынайы деректен гөрі қызба әфсанаға жақын.
Әр істі салмақпен байыптап, жеті өлшеп бір кесетін қағанға бұл үлкен жоғалту, орны толмас қаза еді. Енді оны төрт ұл, бес қыздың анасы, өзімен бірге көрмегенді көріп, қолтығынан сүйеген, жабықса жебеген бәйбішесі Бөрте-енеге естірту керек. Бөрте үшін аса ауыр жайды хабарлауға атақты нояндары тұрыпты, өзінің де дәті жетпейді. Қорыққаннан емес, аяулы бәйбішенің қайсқан қалын, есі ауған сәтін көргісі келмейді.
Көргісі келмейді, қартайған Бөртенің бетін жырта, әппақ қудай шашын жұлып барып, жығылғанын.
Қаған өз қайғысымен өзі болып жатқан тұста, Ұлұғ Орда маңы, кешіктен мыңдықтары, Керүлен мен Онан бойында қаздай тізілген қалың атты жасақ мазасыз күйде қалған.
Қағанаттың бетке ұстарлары, кексе нояндар Буыршы мен Желме бастаған түменбасылар қаған көңілін аулайды. Баяғыда, жау әкеткен құла үйірін қуа шыққан бала Темужінге ерген сәтінен бастап, қилы-қилы заманды сөз етеді, сөзге шешен Буыршы.
«Жошы ұлың менің де балам еді ғой. Оң ханның Қаратүн орманынан, Бөртені алып қайтқан жолда туған оны Саба ноян екеуіміз алғаш көргенбіз. Туған адам өледі. Тәңір дәргейіне қайту – бәріміздің үлесімізде. Бүгіле берме! Алып ерлерің, тайшы-нояндарың, кешіктен мен тұрғауыт, кептеуіл мен қорушын жасағың қырық шырағын жағып отыр. Бөрте-енеге естіртудің амалын өзің тауып бер» дейді.
Қияттардың Есугей батыр шыққан боржығын әулетінде басқалармен де ортақ «Ата-бабамыз Бөрте бөрі мен Ғуа (сұлу) марал екеуі Марал көлі (Көкшетеңіз-Балқаш) жақтан келген» дейтін аңыз бар. Оған күлі қағанат сенетін, шежіре есебіндегі сол жырды әр бала жаттап өсетін.
Сонымен, қаһарлы Шыңғыс мынадай айла табады. Ол тұста қаған жарлығы Тәңір бұйрығы ретінде қабылданатын. Ешкімнің бұлтаруға мүмкіндігі жоқ. Сол ізбен Бөрте-енеге арнап, арнайы жарлық жаздырады.
🪶«Мәртебелі хан ұлдар мен бегім қыздардың анасы, Тәңір алқаған Шыңғыс қағанның ханымы Бөрте қатынға мәлім болғай!
Біздің бабаларымыз Марал көлінде Тәңір шапағатынан жаралған. Олар Бөрте бөрі мен Ғуа марал еді. Біздің ұлымыз Жошы да Тәңір шапағатымен Бөрте-ененің құрсағында жаралып, бізге уақытша ханзада ретінде жіберілген екен. Көктен жарлық келіп, Жошы ұлың Бөрі бабамыз туған мекенде, Тәңір ғұзырына кетіпті. Қазаға қарсыласу – Көкті қаһарландырады.
Көкте Тәңір, жерде қаған бір. Әлем иесінің таңба мөрі».
Қаумалаған нояндарын, шоқыдай берік, жартастай сұсты батырларын алып, өзі де артынан баруға қам қылған. Жарлық хатты Жошы-Қасардың батыр ұлы, жақкер Есүңке мергеннен беріп жібереді.
Тұңғыш ұлының қаралы хабарын Бөрте-ене осылай естіген екен…
Ұларбек Дәлейұлының фб парақшасынан