Көзбояушы кәсіпорындар кімді алдайды?
Тәуелсіздік жылдары Президенттің тікелей қатысуымен ашылып, артынан өнім шығара алмай, жұмыстары сиырқұйымшақтанып барып, ақыры тоқтап тынған кәсіпорындар саны жетерлік. Мұндай бір-ақ күндік кәсіпорындар саны едәуір болғандықтан, қайсыбірінің аты-жөндерін хронологиялық тәртіппен атап, қанша қаражаттың түбіне су құйылғанын ғана атап өтсек дейміз.
Қайда біздің «Тұлпарымыз»?
Солардың алғашқысы өткен ғасырдың соңында, яғни 1996 жылы қазақстандық «Достық-Интеравто» мен оңтүстіккореялық LG International Kia Sportage моделінің қазақстандық үлгісі — «Тұлпар» автокөлігін жасау және жылына оның 40 мың данасын шығаратын зауыт құрылысы-тын. Қос тараптың қол жеткізген уағдаластығы бойынша зауыт жобасына қажетті 1 млн. АҚШ долларының 60 пайызын Қазақстан қаржыландырмақ болған. Алғашқы өнім 1997 жылы наурызда шығып, сәуір айында шыққан автокөліктің бірі Н.Назарбаевқа сыйға тартылған еді. Сөйткен зауыт 1998 жылы тоқтап қалды. 2003 жылы Балқашта «Қазақмыс» корпорациясының басты жобаларының бірінен саналатын, жылына 100 мың тонна мырыш өндіруі жоспарланған зауыт ашылды. Оның ашылу салтанатына Елбасы да қатысқан. Зауыт құрылысына 120 миллионнан астам қаржы жұмсалды. Ал 2009 жылы зауыт өз жұмысын тоқтатты. 2006 жылы Қазақстанның Ресейге жасатқан «Қазсат» спутнигі ғарыш кеңістігіне шығарылды. Оның құны 65 млн. доллар тұратын. Спутник 2008 жылы істен шығып, ғарыштағы қоқысқа айналды.
«Биохим» көзден бұл-бұл ұшты
Нақ осы 2006 жылы Солтүстік Қазақстан облысында «Биохим» зауыты ашылып, Елбасы оның ашылуына да қатысқан. Жобаның құны 88,6 млн. АҚШ долларын құрады. Ол жылына 57 мың тонна биоэтанол, 19200 тонна балауыз, 24 мың тонна жем-азық ашытқысын, 25600 тонна көмір қышқыл газын, 58 мың тонна ұн, 50 мың тонна кебек өндіреді деп жоспарланған. Өнімнің 30 пайызы ел ішінде, 70 пайызы экспортқа шығарылмақ болған. Онда 300-ден астам адам жұмыс істеуі тиіс болатын. 2012 жылы бұл кәсіпорынды банкрот деп тану жөнінде сот процесі өтті. 2007 жылы Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында цемент зауыты салынбақ болып, ол Елбасыға таныстырылған еді. Жобаның құны 210 млн. долларға бағаланған. Зауыт жылына 2 млн. тонна цемент шығаруы тиіс болатын. Жоба 2010 жылы тұйыққа тіреліп, оған түрткі салған себеп ретінде жобаны энергетикалық қуат көздерімен қамту жайын, оған кететін шығындар мен ресурстарды есептеуді қарастырмаған жобалаушылар салғырттығы алға тартылған-ды.
Басталмай жатып жоқ болған «Ақтау-Сити»
2007 жылы Елбасы Ақтау қаласында «Ақтау-Сити» қала құрылысы жобасын бастау рәсіміне қатысты. Жоспар бойынша, жаңа тұрғын үй құрылысының көлемі 4 млн. шаршы метрге тең болуы тиіс-тін. Нәтижесінде бәрі жоспарлағандай болып шықпай, нысан тоқырауға ұшырады. 2008 жылы Президент Теміртау қаласындағы кремний зауытының ашылуына қатысты. Бұл зауыт бүгіндері жұмыс істемей тұр. Өткен жылы «БТА банк» SiliciumKazakhstan компаниясына берген 420 млн. долларға жуық несиесін қайтаруға байланысты сотқа жүгінді. Компанияның бас директоры Александр Сутягин 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол ашылып, артынан жабылып қалған «Биохим» кәсіпорнының да жетекшісі болған-ды.
«ҚазАвиа-Спектрдің» ұшағы неге ұшпады?
2011 жылы Қарағанды облысына барған сапарында Елбасы «ҚазАвиа-Спектр» серіктестігінің ауыл шаруашылығына ұшақ шығаратын зауыт ашылуына қатысты. Жобаның құны 1,648 млрд. теңге тұрса, мемлекет оған «Жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 750 млн. теңге, «ҚазАгро» ұлттық холдингі 846 млн. теңге жеңілдетілген несие берді. Ашылған кезде жылына 36 «Фермер-2» және «Фермер-500» ұшағын шығарады деп жоспарланған бұл зауыт бір жылдан кейін де бірде-бір ұшақ шығармады. Қазір де: «Соның өнімін пайдаланып отырмыз, оған деген сұраныс керемет», — деген сөзді ести алар емеспіз. «
MaxLight» зауыты қайда жоғалды?
Ақтаудағы «Аққу» брэндімен дайын өнім «шығарып жатыр» деген «Каспий Электорникс» планшетті компьютер мен тұрмыстық техника шығыратын зауыты көзбояушылықпен айналысып, күллі ел алдында абыройы айрандай төгіліп, масқара болғаны күні кеше-тін. Ал 2011 жылы Шымкентте отандық өнім шығарып, электр қуатын үнемдейтін «MaxLight» зауыты ашылғанда, бөркімізді аспанға лақтырып қуанғанымыз рас-ты. Бірақ қуанышымыз ұзаққа бармай, біраз уақыттан кейін зауыт жабылып тынған. Сол жерде жұмыс істеген 40 шақты адамның қазір қайда жүргені беймәлім. Зауыттың тоқтап қалуына өнімнің нарыққа төтеп бере алмауы, өнім шығаруға қажетті барлық бөлшектердің шетелден әкелінетіні себепкер болған дескен биліктегілер. Елбасының қатысуымен өткен телекөпір кезінде салтанатпен ашылған оңтүстік өңірдегі тағы бір өндіріс Шымқаладағы қорғасын зауытының базасындағы аккумулятор зауыты-тын. Отыз бес миллионға жуық АҚШ доллары жұмсалған бұл өндіріс жылына 1,5 млн. дана аккумулятор батареяларын шығаруды жоспарлаған еді. Жүзден аса адамды жұмыспен қамтымақ болған. Алайда 2009 жылы ашылған өндіріс екі айдан соң жабылып қалған. Артынан қорғасын зауытының өзі де тақырға отырып, банкрот болып тынған.
«Шымкент-Кашемирдің» тұсауы дұрыс кесілмепті
Шымкентте «Шымкент-Кашемир» тоқыма өнімдерін шығаратын фабриканың да тұсауы кесілген. Оған 560 миллион теңге жұмсалды. 270тей жұмысшысы бар-тын. Бұл нысан әсіресе мал шаруашылығын дамытуға үлес қосар деп үміттенгенбіз. Өйткені жоспар бойынша фабрика жергілікті төрт түліктің жүнін шикізат ретінде пайдаланбақ болған. Кейін жоспар қағаз жүзінде қалып, қазір өндіріс орны тек жүн талшықтарын жуып, оны шетелге шығарумен ғана шектеліп отыр.
Бар болғаны 6 ай жұмыс істеген зауыт
Тағы да осы Шымкенттегі қоқыс өңдеуге тиіс зауыт бір жылдан бері қаңтарылып тұр. Лентасы қиылмай жатып жабылып қалған зауыт бар болғаны алты ай ғана жұмыс істепті. Ал соңғы телекөпір кезінде жаңадан ашылды деген кәсіпорындар қатарында Қарағандыдағы көмір кен орнының да аты аталған. Сол кешен көп өтпей-ақ өртке шалдығып, ондағы өрт сөндіру жұмыстары төрт күнге созылғанын телеарналар дабыл қағып көрсеткен-ді. Жер астында қалған жүзден астам кеншілер жер бетіне өз күштерімен шығып, дес бергенде, адам шығына болмаған. Ондай бүгін ашылып, ертең жабылып жатқан нысандар мұнымен ғана шектелмесе керек. Сонда әлгіндей нысандарды жергілікті шенеуніктер көзалдау үшін аша ма, болмаса ұпай жинай ма? Осы екеуінің қайсысы болса да, қазынаның қыруар қаржысына салынған жаңа кәсіпорын осылайша жұмыс істемей қалса, қыруар қаржы желге ұшпай ма?
…Ендеше, ондай «мырзалыққа» жол берген құзіретті органдар басшылары мен лауазымды тұлғалар неге заң алдында жауап бермейді? Әлде олар: «Қағаз бәрін көтереді. Қаржы менікі емес, мемлекеттікі, дұрысы сіздер мен біздердің табан ақы, маңдай терімізбен тапқан ақшамыздан салық ретінде мойнымыздан сығып алып отырған қаржы, сондықтан оған бас ауыртып қажеті шамалы», — деп ойлай ма?
Ермек Сахариев