Жошы ханның қазасы. «Ақсақ құлан» аңызы.
Жошы өлімін өзімше ұзақ зерттедім. Жувәйни, Нәсауи (Мұхаммед сұлтан мен Жәлел-ад-Диннің қасында жүрген, хатшысы болған, сол заманды көзімен көрген тарихшы), Юан ши, Моңғолдың құпия шежіресі, Бартольд, қағанатқа келген Карпини, Рубрук жазбалары, Әбілғазы, Өтеміс қажы мұралары, Мағауин мен Зардыхан Қинаят зерттеулері, қысқасы, осы аталған деректерді түгін қоймай қопардым. (Бір жорамал бар, қазірше айтпаймын).
«Ақсақ құлан» күйін Кет-Бұқа кейінірек шығарған, соған ілесе аңыз да тараған деген ойға келдім. Бір деректе, Кет-Бұқа Жошы өлгенде 16-17 жастардағы бала жігіт жобасы дейді. (Кей деректе қырық жас шамасында делінеді). Үлкен адам болғанның өзінде, бұл жерге құлан мен домбыра қалай қиысып кеткені жұмбақ. Қаһарлы қаған алдына барып, оның күй тартуы халықтық эпос болуы мүмкін. Шыңғысқа естірткен аты белгісіз орда жыршысы, қарт адам делінеді. Көшпенділер салтында өлімді жас бала емес, ауызы дуалы, сабырға шақыра алатын сыйлы қария естіртеді. Алдыға үлкен адамды салады.
Көне түрік жырында қария жыршы қаған алдына келіп:
Тенгиз баштан булғанса, ким тондурур, а ханым,
Терек тубтын жығылса, ким тургузур, а ханым? – дейді.
Шыңғыс қаған:
Тенгиз баштын булғанса, тондурур ұлум Жошы-дур,
Терек тубтын йығылса, тургузур ұлум Жошы-дур.
Жыршы бастапқы сөзін қайталайды. Көз жасы әппақ сақалын жуған.
Сонда Шыңғыс қаған:
Көзуің йашын чокуртур көңлүң толды болғаймы,
Жырың көңүл өкуртур Жошы өлди болғаймы? – дейді. Сосын, кешіктен сардары жалайыр Алшыдай ноян мен Жанай ноянға: «Жошы өлімін кім естіртсе, соның ауызына ерітілген қорғасын құйыңдар!» дейді.
Қиын сәтте ақыл тапқан жыршы:
Сөйлемекке эерким йоқ сен сөйледиң а, ханым,
Өз йарлығың өзге жаб айу сөйледиң а, ханым! – деп тіке жауап қайырады.
Қаралы хабарды қабылдамасқа шарасы жоқ қаған:
Қулун алған қуландай қулунимдин айрылдым,
Айырлышқан аңқаудай ер ұлумдан айрылдым – депті.
Әр секундті қабағымен бағып, қара терге түскен қалың ноян, тайшы, мыңғандар дүрк көтеріліп қайта бір тізерлеп, қағанға көңіл айтады.
Ал, «Ақсақ құлан» күйінің қашан шыққанын зерттеу де маңызды.
(Жошы өліміне қатысты әр аңызды пайымдап көру керек).
Келесіде Жошы ханның өлімін Бөрте-енеге естірту одан да қиын болған деседі. Оның амалын ақылды қаған өзі табады. (Қызық болса, бөлек пост етіп жазармын).
Ұларбек Дәлейұлының фб парақшасынан