Бабалар сөзі-тәрбие көзі
.Елді кім, үйді кім бүлдіреді? — деп сұрапты қарт немересінен.
— Ата, елді өсекші бүлдіреді, үйді ақылсыз бала бүлдіреді.
— Жоқ, балам, олай емес! Есіңде болсын, ақылсыз басшы елді бүлдіреді, ақылсыз әйел үйді бүлдіреді.
Әкім – ақылсыз болса – ел тозады, өсек әкімді өсірмейді. Өсекті тыңдау — әкімге жараспайды, өсиетті тыңдамау тақтағы ханға жараспайды, — депті қария.
— Үйдегі алтын қазық кім? — депті қарт.
— Ата, үйдегі алтын қазық ер жігіт, — депті немересі.
— Жоқ балам, үйдегі алтын қазық – ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі қызға үлгі, әке тәрбиесі ұлға үлгі. Ана ақылшың, әке қамқоршың, ағаң қорғаушың, інің сүйенішің, қарындасың қанатың екенін ұмытпа. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде, — дейді қарт.
— Өмір сүру үшін не қажет? — депті қарт.
— Ата, өмір сүру үшін алтын, ақша, нан, мал қажет, — депті бала.
— Жоқ балам, адамның өмір сүруі үшін су, от, тұз, қыз, ақыл қажет. Су тіршіліктің нәрін береді, от өмірдің сәнін береді, тұз астың дәмін келтіреді, қыз көңілдің сәнін келтіреді, ақыл өмірдің мәнін береді. Адам ақылмен ағайынды табады, ақылсыз адам ағайыннан безеді, — депті қарт.
— Шындықты не бұзады? – депті қарт.
— Ата, шындықты тіл бұзады, — депті.
— Дұрыс, балам, шындықты тіл бұзса, өкініші көбейеді, не өсек көбейеді. Шындықты білу қиын, айтылған сөзді тоқтату қиын. Адал адам шындықты білсе, өсек қылады. Өсек ерді бұзады. Өсекті көп айтқан шындықты білмейді, шындықты білген өсекшіге ере бермейді. Өмірде шындықты өсек бұзады, — депті қарт.
— Адамға ақыл беретін кімдер? — депті қарт.
— Ана тілі ғой ақыл беретін, — депті немересі.
— Жоқ балам, ана тілі ойды өсіреді. Адамға ақыл беретін ата-ана, ұстаз, досы екенін ұмытпа. Ата-ана ақылын баласы мен қызына айтады, ұстаз шәкіртіне айтады. Жақсы ақыл адамды тез есейтеді. Адамға ақыл беретін адал дос. Адал дос ақылшың, ақылшы дос – жақының. Досы көптің табысы көп, табысы көптің жақыны көп. Достықтың көзі ақылдан басталады, — дейді қарт сонда.
— Адамның ақылы қайда? — депті қарт.
— Адамның ақылы тілінде, ата, — депті жігіт.
— Жоқ балам, тіл ақылдың айнасы, ақыл істің пайдасы. Есіңде болсын, ханның ақылы тағында, әкімнің ақылы жанында, ғалымның ақылы басында, ананың ақылы жасында, жігіттің ақылы жақсылығында, ақымақтың ақылы кім көрінгеннің қалтасында, — депті қарт.
— Достықты нығайтатын не? — депті қарт.
— Ата достық пен жолдастықты ынтымақ, бірлік, теңдік, туыстық, бауырмалдық нығайтады.
— Дұрыс, балам, сенің айтқаның достық пен жолдастықты дамытады. Есіңде болсын, шын достың ақылдыға тән екенін ұмытпа. Өмірде дос болуды ойласаң “Сәлеметсіз бе, кешіріңіз, рахмет, сау болыңыз, сәлем айтыңыз, рұхсат па?” дегенді үйрен. Сәлемдесуді білген кешіре де біледі, кешіре білген рахмет те айта біледі. Жөн сөз көңіліңді өсіреді, жөнсіз сөз өміріңді өшіреді, — депті қарт өз ойын қосып.
«Бабалар сөзі – тәрбие көзі» деп дана халқымыз бекер айтпаған ғой. Сондықтан, әрбір тәрбиелі, иманды, ибалы ұл-қыздарымыз қарияларға жақын болып, ол кісілердің өмірлік қазыналарынан өнегелі жолдарын үйреніп, ақылдарына құлақ аса білуі керек. Қариясын сыйлаған, ақылына тоқтаған ұрпақ ешқашан жаман болмайды.
Шәбден Нұрғалиұлының Facebook парақшасынан