Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап алғаш рет өңірлік кадр резервіне іріктеу кезеңі өз бастауын алады

Бүгін Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының жанындағы ӨКҚ брифингінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының м.а Руслан Шарипов және Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Қасмов Рүстем алғаш рет ұйымдастырлып жатқан өңірлік кадр резервіне іріктеудің ерекшеліктері туралы айтты.

Спикердің айтуынша, өңірлік кадр резервіне іріктеудің ерекшелігі мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу болмақ. Осылайша, кезекті іріктеу 7 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады:

1) индустрия және өнеркәсіп;

2) экономика және қаржы;

3) әлеуметтік сала;

4) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым;

5) агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары;

6) цифрландыру;

7) экология.

Талаптарға сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 3 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

Өңірлік кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 5 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс.

Бірінші кезең – резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау. Ол 2024 жылдың 1-31 наурызы аралығында onir.pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асырылады.

Қажетті құжаттар тізімі:

— Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі;

—        білім туралы құжаттардың және оларға қосымшалардың көшірмелері. (шетелдік дипломдардың көшірмелеріне заңнамада айқындалған тәртіппен осы құжаттарды тану туралы куәліктердің көшірмелері қоса беріледі);

—        еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі (Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес);

—        соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметімен расталған іріктеу тәртібінің нысаны қосымшасы бойынша өңірлік резервке кандидаттың қызметтік тізімі;

Анықтама: құжаттарды тапсыру сәтінде жұмыссыз болып табылатын кандидаттар соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметі растаған еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады;

—        түрлі түсті фотосурет.

Екінші кезең – Заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу.

Тестілеу Мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдарының тестілеу залдарында офлайн форматта екі блокта өтеді.

Үшінші кезең – «Құзыреттерді бағалау» Астана қаласында Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді (алдын ала 22 сәуір – 7 маусым).

«Конкурсқа қатысу бойынша шығыстарды (әңгімелесу өтетін жерге бару және кері қайту, тұрғын үй-жайды жалдау, тұру, барлық түрдегі байланыс қызметтерін пайдалану және басқалар) қатысушылар өз қаражаты есебінен жүргізеді», – деді Руслан Шарипов.

Төртінші кезең – «Комиссиядағы құрылымдық сұхбат» кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес жобаны презентациялау форматында өткізіледі.

Бесінші кезең – «Комиссияның отырысында» резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады.

Өңірлік резервтерге алынған адамдардың тізімі комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, сондай-ақ онлайн-платформада жарияланатын болады.

Сонымен қатар, салалық бағыттары мен резервшілердің нақты санын өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарын ескере отырып, Өңірлік кадр комиссиялары айқындайды.

Руслан Шамелұлының айтуынша, Агенттік тарапынан іріктеудің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша onir.pkrezerv.gov.kz жарияланып, барлық азаматтар үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады.

Брифинг соңында МҚІА Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушысы жастарды іріктеуге белсенді қатысуға шақырып, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастыру маңыздылығына тоқталды.

Атап өту керек, кандидаттар іріктеуден өту тілін таңдап, әр кезеңнің өту күні мен уақытын таңдай алады

Өңірлік резервте болу мерзімі — 2 жыл..

 

ҚР МҚІА Жамбыл облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі