Тәкаппарлық – Тәңірді танытпай, тура жолдан тайдырады!
Мұны қазақ жастары білуі тиіс!
Жастарды тура жолдан тайдыратын бір-ақ нәрсе бар. Ол — тәкәппарлық! Әдемі көріну үшін қымбат киім кию, шетелге қыдыру, соңғы үлгідегі телефонды несиеге алып қарыздану құптарлық іс емес. Әке-шешеден көп қаражат талап етіп, сырт көзге мақтану мақсатында жоқтан бар жасау үлкен қателік. Өйткені, Алла Тағала: «Алла бүкіл тәкәппар, мақтаншақты жақсы көрмейді», — деген («Хадид» сүресі, 23). Тәкәппарлық адам бойына менсінбеушілік, өзгені кемсіту немесе келемеждеу секілді жаман мінездерді қалыптастырады. «Алла Тағала тәкәппардың дәрежесін түсіреді, қарапайым адамның дәрежесін көтереді» (Табарани).
Дандайсу, өзгені менсінбеу, өзін өзгеден жоғары санау Алланың ашуын тудырады.Бірде Исрафил періште Лаухул-махфузда жазу оқиды. «Ең ұлық періштелердің бірі адасушылардан болады» деп жазылған сөздер тек соған ғана көрініп еді. Мұны оқыған Исрафил періште «сол адасушы періште мен болып қалмаймын ба» деп шошып кетеді, өйткені онда нақты қай періште екендігі көрсетілмеген болатын. Сосын ол бұл көрінген жазулар туралы басқа да ұлы періштелерге айтады. Өз кезегінде олар да өздері туралы ойлап, қатты шошиды. Барлығы жиналып, Әзәзіл (Ол кезде Ібілістің аты Әзәзіл болатын) періштеге келеді. Бүкіл ұлы періште Әзәзілден Алланың алдында өздері үшін дұға етуін өтінеді. Өйткені Әзәзілдің дұғасы қабыл болатын. Сонда Әзәзіл періште: «О, Алла, оларды адасушылардан және өзгелерді адастырушылардан қылма» деп дұға етеді. Ол өзін емес, өзге періштелердің адасқандардан болмауын өтінді. Алла оның дұғасын қабыл етіп, өзгелерді сақтап, ал Әзәзілдің өзін адасушылардан етіп қойды. Әзәзіл өзінің тәкәппарлығынан дұғаға өзін қоспаған болатын. Тіпті адасушылардан болып қалармын деп ойламады да. Бұл оқиға тәкәппарлықтың түбі тұңғиық екендігіне нақты мысал! Тәкәппарлықты «кібір» деп те атайды. Кібір — ширкке алып барады. Яғни, тәкәппарлықтың түбі — рия. Рия — кіші ширк боп табылады. «Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Сондай ақыретке нанбаушылардың жүректері қарсы. Сондай олар менменсушілер» деп ескертеді Алла Тағала Құран кәрімде («Нахл» сүресі 22-аят).
Сондай ақ, келесі аят: «Расында Алла өзін жоғары санағандарды жақсы көрмейді», —деп жалғасады. Тәкәппарлық неден көрінеді? Тәкәппарлық адамның нәпсіге еруінен көрініс табады. Айшаға (р.а.) бір кісі келіп: «Адам өзінің жақсы екенін қайдан біледі?», — деп сұрағанда, «Өзін ең жаман адаммын деп қабылдағанда», — деген жауап естиді. «Ал, өзінің жаман екенін қалай біледі?», — деп сұрағанда, «Өзін ең жақсы адам санағанында», — деген. Егер адам бойында өзін өзгеден жоғары сезіну байқалса, тәкәппарлықтың көрінісі екенін ұғып, сол сәтте нәпсіні жеңіп, қарапайым болуға тырысу қажет. Адам әрдайым қателерін байқап, кемшін тұстарын түзетіп жүргенде ғана оның бойынан ізгілік табылады. Сахабалар Пайғамбарымызға (ﷺ) бір кісінің жақсылықтарын әңгімелеп отырғанда, сол мезет әлгі кісінің өзі шыға келеді. Сахабалар: «Сізге мақтап жатқанымыз осы кісі», — дейді. Алайда, Алла елшісі (ﷺ): «Мен оның жүзінен қарауытқан шайтани нәрсе көріп тұрмын», — деп жауап берді. Әлгі кісі салем беріп қасына келгенінде, Алла елшісі (ﷺ): «Әй, пәленше, Құдай үшін айтшы, нәпсің іштей сен ең жақсы адамсың» деп жатыр ма?», — дегенде, ол «Иә» деп айтқан екен. Нәпсі адамды тәкәппарлыққа, мақтаншақтыққа, сабырсыздық мен арсыздыққа алып барады.
Тәкәппар болу тек Жаратушыға ғана тән қасиет! «Ниса» сүресінде: «Негізінен Алла, тәкәппар, мақтаншақты жақсы көрмейді. …Олар сондай Аллаға, ақырет күніне сенбей малдарын адамдарға көрсету үшін жұмсайды» делінген. Ақтық дем қалғанша еркінсіп, ертеңгі күнді ойламай әрекет етудің соңы қайтпас өкінішке алып келеді. Бойдағы жаман мінезден арылып, адами қасиетті жоғалтпау абзал. Білім иелері ғана жоғары дәрежеге жетсе керек. Абыройлы, беделді болғысы келген әрбір жас, жастық шағын пайдаланып білім алып қалса және ата-анасына құрмет көрсетсе Алланың рақымына бөленер. Беделі артып, екі дүние бақытына қауышар. Олай болса, пайғамбарымыздың ﷺ дара жолымен жүріп, көркем мінезді қалыптастыру қажет. Алла Тағала барша жастарды ата-анаға, үлкенге, ұстазға құрмет көрсетіп, игі істерді жасауға мұрындық болуға жазсын. Жастарға айтарым, біліммен абыройлы, көркем мінезбен сыйлы болайық! Тәкәппарлық, мақтаншақтық, арсыздық секілді қасиеттерді бойға жуытпайық. Өйткені: «…Өзін жоғары санағандардың орны нендей жаман»,-делінген («Нахл» сүресінің 29-аятында).
Абдрахманов Ысқақ Рахымбекұлы
Теміртау қалалық орталық мешітінің бас имамы