ЖАМБЫЛДА ЖАСӨСПІРІМДЕР ЖАРЫСТЫ

Бірінші байлық-денсаулық, денсаулық адамның ең қымбат қазынасы. Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Біздің ата-бабаларымыз «Тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Әрине, мектепте дене тәрбиесі пәні жүргізіледі. Спортпен шұғылданған адам денсаулығы мықты, бойына қуат күші мол, шымыр, шыныққан, жан-жақты дамиды. Бұл туралы ұлы ойшыл Ибн Сина да өз шығармаларында айтқан. Ол сондай-ақ спортты мағынасына қарай жеңіл, ауыр, ұзын, қысқа сияқты бірнеше түрге бөлген. Денсаулық пен өмірді дамыту үшін кем дегенде спорттың 33 түрінен жаттығу жасау керектігін айтқан. Спорттың адам өміріне маңыздылығын ескере отырып, жастардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Спорт – сенің серігің» атты жасөспірімдер арасында волейболдан жарыс өтті.
Аталмыш жарыста «Қызылотау-1», «Қызылотау-2», «Жамбыл», «Қызылтал», «Бірлік» сынды 6 команда бақ сынасып, өз араларында шын мықтыны анықтады.
Жастарды спортқа баулу, өзара достық қарым-қатынас орнату, пробация есебінде тұрған жастарды қолдау, оларды қоғамдық өмірге бейімдеуді көздеген іс-шара өте белсенді өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша: «Кызылотау-2» командасы І орынды иеленсе, «Қызылотау-1» командасы ІІ орынды, ал «Жамбыл» құрамасы ІІІ орынды еншіледі.
Іс-шара соңында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мәди Күнту жарысқа қатысқан жастарға ризашылығын білдіріп, жеңімпаз командаларды арнайы дипломмен, бағалы сыйлықтармен және медальдармен марапаттады.
Нұршат СЕЙДОЛЛА,
аудандық «Жастар ресурстық орталығының» Жамбыл ауылдық округі бойынша инспекторы.