Мөңке бидің халыққа жұмбақтап айтқан сөздері
Кермиық кеңестен қалды, шалқасқа шабысынан қалды.
Қотыр теке қой бастады, тауқұдірет ел бастады.
Ханы қайғылы болды, биі бүкірейіп болды.
Атадан бала именбей, ежірейіп тұрды,
Анадан қызы именбей, бежірейіп тұрды. Сол уақытта қамқа тон көнеріп тозды,- дейді.
Сонда келер заманды меңзеген бұл жұмбақты шеше алмаған жұртқа Мөңке би өзі былай деп ұқтырған екен:
Кермиық кеңестен қалса, ақсақалы ата діннен танған шығар. Шалқасқа шабысынан қалса, аузынан шалған шығар. Қотыр теке қой бастайды, ел бастайтын қожа-молданы Құдай ұрған шығар. Хан қайғылы болса, қарашысы халықты жеп, қарны шемен болатын шығар. Биі бүкірей болса, сөзден береке кетіп, ел азып-тозатын шығар. Атадан бала именбей, ежірейіп тұрса, әдепті білмес тексіз құл болатын шығар. Қызы именбей, бежірейіп тұрса, ханның қызы болса да, мінезі күңге лайық болатын шығар. Сол уақытта қамқа тон көнеріп тозса, сүйегі асыл қазағымнан қасиет, көлімнен қазым кететін шығар, — деген екен…