ШАЛҒАЙ АУЫЛДА ДА ШАРУАЛАР ШЕШІМІН ТАБУДА
Аудан орталығынан шалғай орналасқан Қамқалы ауылдық округінде де шаруалар шешімін табуда. Өткен жылы бірқатар жұмыстар атқарылып, биыл да ауқымды жұмыстар жоспарланды.
Қамқалы ауылдық округінің аумағы
1 071 844 гектар жерді алып жатыр. 167746 гектары ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер. Оның ішінде, 13841 гектар шабындық, 115799 гектары жайылымдық. Сондай-ақ, 97535 гектар елді мекен жері, 333852 гектар орман қоры жерлері бар.
Ауылдық округтің құрамына Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл елді мекендері кіреді. Округ орталығы Шығанақ ауылы аудан орталығынан 200 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі таңда округ тұрғындарының саны 897 адамды құрайды. Ұлттық құрамы бойынша ауылдық округте 892 қазақ, 3 тәжік, 1 кабардин, 1 әзербайжан ұлтының өкілдері тұрады. Барлық аула саны 176.
Округке қарасты 2 орта мектеп, 1 негізгі мектеп жұмыс істейді. С. Сефуллин орта мектебінде 73 оқушы, Т.Әубәкіров негізгі мектебінде 46 оқушы, Жайлаукөл орта мектебінде 108 оқушы дәстүрлі білім алады. Мектептердің жылу жүйелері бірқалыпты жұмыс істеп тұр. Қыс маусымында сұйық отынмен тұрақты қамтамасыз етілген. Мектептер «Транстелеком» интернет жүйесіне қосылған. Мектепке дейінгі тәрбие беру бойынша, мектептер жанындағы орталықтарда 25 баладан тәрбиеленуде.
Ауылдық округтегі дәрігерлік пункттер акушер-фельдшер мамандармен қамтамасыз етілген. Бір жедел жәрдем автокөлігі қызмет көрсетеді. Жыл ішінде ана мен нәресте өлімі тіркелген жоқ. Округке жоғары білімді дәрігер қажет.
Ауылдық округ тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Аймақ бойынша қазіргі уақытта мүйізді ірі қара
2919 бас, қой-ешкі 12945 бас, түйе 151 бас, жылқы 510 бас, құс 300 басты құрады. Мал басын бірдейлендіру және «ИСЖ» базасына енгізу тұрақты жүргізіліп келеді. Ауылдық округте 16 шаруа қожалықтары тіркелген. Мемлекеттік бағдарлама бойынша, мүйізді ірі қараны асылдандыру бағыты бойынша «Рәш», «Айдар-Нұр» және «Орман-77» шаруа қожалықтары асыл тұқымды бұқа өсіруде.
Шығанақ ауылы маңындағы «Үлкен Қамқалы» көлін 2021 жылдың желтоқсан айында «Сәтті» жеке кәсіпкерлігі (жетекшісі Ринат Баушенов) 49 жылға балық өсіру мақсатында алған. Өткен жылдың қараша айында 32 мың дана балық шабақтары жіберілді. Биылдан бастап балық өндірумен айналысады.
Ауыл тұрғындарының жеке меншік жерінің нысаналы мақсатын өзгерту, шаруа қожалығын ашу т.б сұраныстарына байланысты жұмыстар аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімімен бірлесе отырып жүргізілуде. Ауыл тұрғындарына ауданның жер қорынан жер беруге байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезекте жерді мал шаруашылығымен айналысып отырған азаматтарға береміз.
Шаруашылықтар бойынша статистикалық есепке алуға байланысты шаруашылық кітабы жүргізілген.
Сарысу аудандық мәслихатының келісімімен ауылдық округ әкімдерінің ауыл тұрғындарымен кездесу кестесі бекітіліп, округке қарасты үш ауылда 12 кездесу өткізілді. Кездесуде қойылған сұрақтар мен айтылған ұсыныстар бойынша іс-шара жоспары әзірленіп орындалуы бақылауға алынған.
Округте арнайы үгіт-насихат тақталары әзірленген. Ұлттық, кәсіби мерекелерге және елімізге танымал тұлғалардың туған күндеріне арналған билбордтар тұрақты ілініп тұрады.
Өткен жылы ауылдық округте өткізілген мәдени шаралар ауданның 95 жылдығы, ұлы қобызшы Ы.Дүкенұлының 180 жылдығына арналды. Қазақстанның Еңбек Ері, композитор, жазушы, өнертанушы Илья Жақанов ағамыз 30 жылдан кейін Жайлаукөлге келді. Шығанақ, Жайлаукөл ауылдарында болып, тұрғындармен кездесті. Ауыл кітапханаларында болып, кітабын тарту етті.
Көктемгі абаттандыру және санитарлық-тазалықтың екі айлығына арнайы іс-шаралар жоспары жасалып бекітілген. Жоспарға сәйкес, сенбіліктер ұйымдастырылып, округке қарасты саябақ, жасыл белдеу алаңдары тазартылып, жаңадан сәндік ағаш көшеттері отырғызылды.
Жыл қорытындысымен мүлік салығы мен жер салығының жоспары 118 пайызға орындалды.
Өткен жылы округте қылмыс тіркелген жоқ. Ахуал тұрақты.
2023 жылы ауылдық округтегі атқарылған жұмыстарға тоқталсам:
Қамқалы ауылындағы «Жасыл белдеу» алаңшасына «Ауған соғысының ардагерлеріне арналған монумент орнатылды. Жоба құны 5 142,9 мың теңге. Жайлаукөл ауылында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ескерткіш орнатылды. Жоба құны 6 474,8 мың теңге. Жайлаукөл ауылына дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жаңадан салынды. Жақын күндері пайдалануға берілетін болады.
Жайлаукөл ауылындағы клуб үйіне ағымдағы жөндеу жүргізілді.
«Жомарт жүрек» жобасы бойынша ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Жусанбаев Нұрболат Шығанақ ауылына мешіт үйін салып берді.
Жайлаукөл ауылында 5 көшеге, Қамқалы ауылында 1 көшеге және Шығанақ ауылында 1 көшеге заманауи үлгідегі жарық шамдары орнатылды.
Сонымен қатар Шығанақ ауылынан Сарыарқа көшесіне, Қамқалы ауылынан Е.Жабалбаев көшесіне және Жайлаукөл ауылынан Орталық көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық сметалық құжаттары әзірленіп ұсынылды.
Округ аумағында көптеген археологиялық ескерткіш орындары бар. Жоспарға сәйкес, биыл екі ескерткішке «Ықылас Дүкенұлының» жерленген орнына және «Кентарал» қалашығының орнына мемлекеттік акт алынды.
Биылғы жылы да жоспарға сәкес жұмыстар атқарылатын болады.
Атап айтқанда, Жайлаукөл ауылындағы шағын футбол алаңын жөндеу, Ауылдық округтегі үш ауылға бейне бақылау камераларын орнату, Жайлаукөл ауылындағы Ықылас Дүкенұлының ескерткішін жөндеу, Шығанақ ауылдық клуб үйіне ағымдағы жөндеу жүргізу, ауылдық округтен мал өлекселерін тастайтын арнайы орын (беккер шұңқыры) соғу сияқты жұмыстар бар.
Алдағы уақытта ауылды дамытуға бағытталған жұмыстар жаласа береді.
Мақсат Төлеутай
Қамқалы ауылдық округінің әкімі