ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСУШЫЛАР ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Түркістан облысында жасанды жолмен балық өсіру саласының потенциалы өте жоғары. Балық шаруашылығы инспекциясының мәліметіне сәйкес, 2021 жылы – 5706,9 тонна, 2022 – 6120 тонна, 2023 жылы – 6660 тонна тауарлы балық өндірілді. Мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілуде. Мәселен, 2023 жылы облыстық бюджеттен акваөсірудің өнім сапасын арттыру мақсатында 31 кәсіпкерге 500,0 млн. теңге, республикалық бюджеттен инвестициялық салымдар кезіндегі балық шаруашылығы субъектілерінің шығыстарын өтеу бойынша 7 кәсіпкерге 123,8 млн. теңге субсидия берілді. Сонымен қатар «Түркістан ӘКК» АҚ-на 14 кәсіпкермен 5,4 млрд. теңге көлемінде несие алуға құжаттар ұсынылып, 5 кәсіпкерге 3,7 млрд. теңге несие беру мақұлданды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, облыс әкімдігімен «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілді. Яғни, 2030 жылға дейін, 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20,0 мың тоннаға, балық өнімдері экспортының өсімін – 2 есеге, 7,0 мың тоннаға, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін – 100% дейін жеткізу көзделген.
Бағдарлама аясында, кәсіпшілік балық аулауды жүргізу үшін бекітіліп берілген 2 балық шаруашылығы су айдындары балық өсіруді (акваөсіруді) жүргізуге арналған балық шаруашылығы су айдындарына ауыстырылды.
Сондай-ақ бағдарлама бойынша биылғы жылы 24 тоғандық балық өсіру шаруашылығы тіркеліп, 68 жұмыс орны ашылды.
Конкурстық негізде резервтегі көлде-тауарлы балық өсіру мақсатындағы 2 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдыны бекітіліп берілді.
2023-2024 жылдарға облыс аумағындағы орналасқан кәсіпшілік балық шаруашылығы су айдындарына 3070 тонна квота бөлініп, балық аулау жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасының балық шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 35 кәсіпкерге 249,5 млн. теңге жеңілдетілген несие берілді. Жасанды балық өсіру шаруашылықтарын құру бойынша қызығушылық танытқан бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларға шаруашылық құру алгоритімін түсіндіру жұмыстары жергілікті атқарушы орган және балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп, тұрақты жүргізілуде.
Айта кетейік, облыста республикалық және жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының саны – 112 бірлік. Оның ішінде 25 су айдын кәсіпшілік балық шаруашылығы үшін және 69 су айдын көлде тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі