Мұқағалиға арнау

ТҮС
Боз таңның нұры еркелеп тауға асылады.
Күн күлімдейді, шағылып қарға шуағы.
Найзадай шыңы қозыбас бұлтқа қадалған,
Хан Тәңірі көктен сескеніп сауға сұрады.
Бұлқынған бұлақ бұғаусыз бұраңдап түрлі,
Сырғанай құлап, арнасын сылаң қақтырды.
Тып-тыныш тұрды тапжылмай Табиғат-Ана,
Таң атып келе жатқанда қылаңдап нұрлы.
Төңірек елге төр қылған төмен бөктерді,
Кербесті құлын көңілім елеңдеп келді.
Төскейде жатып, шалғыннан төсеніш төсеп,
Жайғасқан ақын жүрекке өлең кептелді.
Жауына ұшқыр жебедей атылған жастан,
Аһ, ұрған талай ақиық ақын — нарқасқам.
Барып ем таяп, дүниемен тілдесіп тұрған
Мұқағали ғой мұзарттай атын қар басқан.
— Ақыным мөлдір сөздерін ырғыз бұлақтан,
Жырларың құнды құралған құндыз құрақтан.
Жетісуыңды жыртып ап жамасаң жырға,
Сүйсінер сұлулығына жұлдыз жырақтан.
Қара өлең тұнған туғаннан қан тамырда ұсақ,
Қырмызы гүлдей қалдырдың қанша жыр құшақ.
Тұмшалап тұман шыңында алса да тұрып,
Таң атып қайта көріндің Хан Тәңірі ұқсап.
— Балапаным-ау жалғанға шыққан жармасып,
Аққулар ұшып келеді жұптан жалғасып,
Өзіме олар өлеңді ұққаннан ғашық.
Қауырсын қанаттарыммен көтеріп көкті,
Биіктеп бара жатырмын бұлттардан да асып.
Деді де кетті өлеңнің іздеп кенішін.
Тіркелген керуен мең болды тізбектеп ұшып.
Тізіліп жасым төгілді сіз кеткен үшін.
Көбелек жырды тірілтіп, көбесін сөккен,
Көксүңгі қатқан көңілімнің қыз көктемісін.
Арманшыл ұлға алпауыт күш берген өте,
Қиядан қиял айдынға құс келген екен.
Қолыма менің ұсынды қауырсын қалам,
Оянып кеттім, эх, шіркін, түс көрген екем.
Айбек Қали