«БІЗ СОҒЫС ҮШІН ЕМЕС, ТЫНЫШТЫҚ ПЕН БЕЙБІТ ӨМІР ҮШІН АТТАНДЫҚ»
«БІЗ СОҒЫС ҮШІН ЕМЕС, ТЫНЫШТЫҚ ПЕН БЕЙБІТ
ӨМІР ҮШІН АТТАНДЫҚ»,- дейді ауған соғысының ардагері Серік Бекенұлы Әбілқасымов.
Ауған соғысы 1979 жылдың 25 желтоқсанында басталып, 1989 жылдың 15 ақпанында аяқталды. Кеңес әскерінің ресми деректері бойынша бұл сұрапыл соғыста 15 мыңнан астам совет офицерлері мен солдаттары қаза тапты.
35 мыңнан астам адам жараланып, оның біразы мүгедек болып қалды. Осы соғыс әрекеттері КСРО-ға 5 млрд. сом шығын алып келді. Ал осы соғыстың елге әкелген қайғы-қасіретінде шек жоқ. Бұл соғысқа Қазақстаннан 21979 адам қатысып, оның 780-і қаза тапты, ал 22 –і хабарсыз кетіп, із-түссіз жоғалды. Иә, адамзат тарихындағы қанқұйлы оқиғалардың бірі осы – ауған соғысы болғаны жасырын емес. Бұл соғысқа біздің ауданнан да ер азаматтар аттанып, өздерінің интернационалдық борышын өтеп қайтты.
Ауған соғысына елімізден 22 мыңға жуық жауынгердің 1000-нан астамы ерлікпен көз жұмды. Басым көпшілігінің елге аман оралуы – «Қара майор» Борис Керімбаев, Байғали Қоқымбаев, Николай Заколодяжный, Габиль Халафов, Тұрар Нұрғалиев, Руслан Аушеев секілді білікті командирлеріміздің арқасы. Басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерді әлеуметтік қолдау шаралары 2020 жылы қабылданған «Ардагерлер туралы» заңда қарастырылған. Оларға берілетін барлық қолданыстағы жеңілдік осы заңда бар. Қазіргі уақытта ардагерлердің тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында әлеуметтік қамсыздандыру, салық салу жеңілдіктері тағы басқа артықшылықтар, құқықтар мен кепілдіктер ескерілген. Әлеуметтік қолдаудың негізгі шараларының бірі – өмір бойы арнайы мемлекеттік жәрдемақы төлеу. Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлері үшін оның мөлшері 6,19 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) немесе 2024 жылы 22 854 теңгені, мүгедектігі бар ардагерлерге 7,55 АЕК немесе 27875 теңгені құрайды. Бүгінгі таңда бұл жәрдемақыны 19 мыңға жуық адам алады.
Мыңдаған адамның өмірін өзгертіп, қаншама қайғы әкелген ауған соғысының аяқталғанына биыл 35 жыл толып отыр. Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Кеңес Одағы әскерлерінің құрамында көптеген қазақ сарбазы интернационалдық міндетін атқарды. Солардың қатарында Мойынқұм топырағынан аттанған 59 азамат та бар. Қазіргі таңда олардың 18-і ауданда тұрса, біразы тұрмыс жағдайымен басқа жерге қоныс аударған. Соғыс зардабынан бақилық болғандар да бар. Міне, сол Отан алдындағы борышын адал атқарғандардың қатарында жерлесіміз, бірліктік Серік Әбілқасымов та бар.
Бірлік ауылында 1963 жылдың 12 қаңтарында дүниеге келген ол 1980 жылы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебін (бұрынғы С.М.Киров) бітіреді. Мектепте жүргенде Серік талантты бокс жаттықтырушысы Халық Есбаевтың бокс үйірмесіне барып, спортпен айналысады. Оның спортқа деген бейімділігі алғашқы жаттығуларда-ақ байқалады. Үздіксіз жаттығулардың, төккен тердің нәтижесінде Серік 1976-1980 жылдары аралығында аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, талай мәрте түрлі спартакиадалар мен турнирлердің жеңімпазы атанып, бокстан спорт шебері атағын сәтті қорғап шығады. 1981 жылы 18 жасында әскерге шақырылып, Ресейдің Илиск қаласында 1,5 ай дайындықтан өтеді. Содан соң Ауғанстанның Багром қаласына Отан алдындағы борышын өтеуге ауданнан шақырылған 10 бозбаламен бірге жіберіледі. Бұл кезең ауған жерінде соғыс өртінің тұтанғанына 2 жыл болып, соғыстың нағыз қызған шағы еді. Бұл қалада дұшмандардан қорғап тұрған атқыштар ротасы, артиллериялық батарея, күзет батальоны, танк және байланыс взоды бар. Қаладағы жақын жердегі асуда орналасқан әскери құрылымды күзет батальоны қорғап, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Дұшмандар қараңғылықты пайдаланып, жақындап келеді де автомат, гранатомед, минометпен атқылайды. Біздер де от жаудырып, оларды қуып тастаймыз. Алайда тұтқиылдан атқылағасын жараланғандар, кейде қаза табатындар болады. Ауғанстанға бірге барған қылышбайлық Қайрат Бөлдешев қаза тапты. Бір жерлесіміз ауыр жараланды. Командиріміз аға лейтенант Блахин деген азамат болды. Сондай шабуылдардан кейін бір-бірімізбен хабарласып, амандығымызды білеміз. Хат келгенде бір-бірімізге оқып беріп, елдің жаңалығын естіп мәз болып қаламыз. Бірде бес-алты солдатпен күзеттен келе жатқанымда дұшмандардың тосқауылына тап болдық. Екі-үш сағаттай ұрыс жүргіздік. Қосымша көмек келгенде жау кері қашып, ізін жасырды. Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін ол «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Әскери борышын адал атқарып, елге келген соң Серік Көктерек автотранспортты пайдалану кәсіпорнына жүргізуші болып орналасады. Бұл жұмысты өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тоқырау кезеңіне, яғни кәсіпорын тарағанға дейін істейді. Содан кейін әр қалада құрылған кәсіпкерлік құрылымдарда жүргізуші болады. Бүгінде Жезқазған қаласындағы «Транс Альянс Сервис» ЖШС-де Бесоба деген жерде жұмыс істейді. Ауған соғысының ардагері ретінде «Гвардия», «Кеңес әскерінің үздігі», «Ауған халқының алғысы» төсбелгісі мен мерекелік медальдарды иеленген.
Серік 1989 жылы Раушан атты бойжеткенмен отбасын құрып, екі қыз, бір ұлды тәрбиелеп өсірді.
Иә, ауғандық жауынгерлер ата-баба дәстүріне адал болып, жат жерде өздерінің әскери борыштарын абыроймен өтеді. Бүгінде ел ағасы болған азаматтардың, сол кездегі өрімдей өрендердің өлімнен қаймықпай, бастарын бәйгеге тігіп, он сегіз жасында өзге елдің мүддесі үшін соғысқа қатысып, Отан алдындағы борышын адал атқарғандары бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болары сөзсіз. Қандыкөйлек жолдастарымен бірге соғыстың тозағын көріп, ауыртпалығын арқалаған Серік Әбілқасымовтың жадында бұл соғыстың тауқыметі ешқашан өшпейтіні анық. Сұрапыл соғыстағы қайғылы шежіре жаңғырығы халықтың зердесінде бағасы артып, уақыт алға жылжыған ерліктерінің шоқтығы биіктей бермек.
Жолдыбай ДӘМЕТОВ,
«Мойынқұм таңы».
Бірлік ауылы.