КЕЙУАНАНЫҢ АҚЫРҒЫ АМАНАТЫ…

Жуырда мешітке бір 82 жастағы әже келді. Ата-бабаларына құран хатым шығартқысы келіпті. Құран хатым түсіріп бердік. Бағыштадық. Қабыл болсын.
Айтпағым бұл емес еді. Ол кісі құран бағыштап болған соң бір күрсініп алды да әңгімесін бастады.
Алты перзентінің үлкені қайтыс болыпты. Қалғандары шүкір бар екен. Бір ұлы Атырауда, бірі Ақтауда енді бір ұлы Алматыда тұрады екен. Қыздары да басқа қалада тұрады. Өкінішке орай, төрт құбыласы тең болуы тиіс болған апа Ақтөбеде бір өзі қалған.
Балаларым тіпті, халімді сұрап хабарласпайды да деп ренжиді. Тек бір қызы ғана хабарласып тұратын көрінеді. Жалғыз өзі үш бөлмелі пәтерде тұратын апа тамақ істеуге әзірге шамам жетеді, өз пенсиям өзіме жетеді дейді. Әлі шүкір ширақ көрінеді. Алла өмір берсін. Алайда, жалғыздықтан осы кезде түнімен өз-өзіммен сөйлесетін болып жүрмін дейді. Алжыған жоқпын, тек жалғыздықтан. Намаз оқимын, сол намазым жалғыздықты жеңуге мүмкіндік беріп жатыр. Шағымымды Аллаға айтам, енді басқа мені кім тыңдайды дейді.
Қысқасы, жападан жалғыз қалған.
Сөз соңында апа маған қандай аманат айтқанын білесіз бе?
«Балам, мен шайтан емеспін ғой. Олай-бұлай боп кетіп жатсам мені арулап жуатын әйел адам тауып, соңғы сапарға шығарып салыңдаршы
Ана балаларыма сенбеймін.
Мына кемпір еш нәрсе білмейді екен ғой демесін деп ақыреттік матамды тағы басқа керек заттарды алып қойғанмын. Тіпті, өз жаназам мен көмуіме де пенсиямнан жинап жүрмін. Тек шариғатқа сай шығарып салсаңдар болғаны», — деді. Еріксіз көзіме жас үйірілді.
Алла-ай, Аллай!!! Перзентпен Құдай ешкімді сынамасын. Үш ұлы бар ана сол үш ұлының арасында жүруге лайық кісі еді. Амал нешік. Қатыннан аса алмаған заман болды. Бір кездері түн ұйқысын төрт бөлген анасына төрт бұрышты үйінің бір бұрышын бере алмады. Жүрегінен орын бөле алмады.
Айналайын жігіттер, ата-анаңызды бұлай қорламаңыздаршы. Еркек болған соң еркек болып қалу керек. Әйеліңді емес, әуелі анаңды аяла. Көңіліне қаяу түсірме. Әйеліңнің де енесін ренжітуіне жол берме. Жұбайыңды жөн-жосықсыз ұрып-соқ деп айдап салып жатқан жоқпын. Бірақ, мінезді бол! Айналайын келін-жеңгелер. Енеңізді өз анаңыздай көріп қызмет етіңізші. Өз келініңізден құрмет көргіңіз келсе, қазірден ата-енеңізге лайықты түрде қызмет жасаңыз. Сонда қалай өзіңіз жақсы көретін күйеуіңізді дүниеге әкелген анасынан айыруға тырысып, оған қызмет етуден қашасыз.
Қазақ: «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ», — деген. Бірақ, бұл кісі ондай жындыға яки беймаза адамға ұқсамайды. Егер беймаза не алжыған болса да қызмет ету перзенттің міндеті. Бұның хикметі де осында. Аллаға жағатын іс жасау оңай емес. Бұл жолда табандылық қажет. Шыдам керек. Нәпсіні тізгіндей білу керек.
Я, Раббым!!! Ата-анамыз бізге кішкентай кезімізде қалай мейірімділік танытқан болса, бүгінде қауқарсыз күйге түскенде оларды Сен де өз мархаметіңе бөлей гөр. Бізге ата-анамызға лайықты түрде қызмет етуді нәсіп ет. Күнәларымызды кешіре гөр.
Бұл кейуананың бізге табыстаған аманатын өз перзенттері орындайтындай оларға мейірім бере гөр. Әрине, біз оны орындаудан қашпаймыз. Алайда, перзенттері өз міндеттерін орындап, аналарының алғысын алса екен деп тілеймін..……………
Төлеби Оспан