ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫН ЖАНДАНДЫРУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша жиналыс өткізді. Жиынға жауапты басқарма басшылары мен осы салаға қызығушылық танытып отырған инвесторлар қатысты.
Атап айтқанда, «Казахстанские коммунальные системы» ЖШС, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС, «МРЭК» АҚ өкілдері өз ұсыныстарын жеткізді.
Жиналыста бұл саланы жетілдіру, жаңарту жолдары талқыланды. Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығын кеңейтіп, қуаттылығын арттыру мәселесі қаралды. Жыл сайын бюджеттен қыруар қаражат жұмсалуының арқасында еліміз бойынша ең төменгі тариф Кентауда екенін айта кеткен жөн. Сондықтан жылу энерго орталығына қатысты бірнеше жоба жасалған. Оның бірі – жылу орталығын табиғи газға қосу, енді бірі – жаңа жылу энерго орталығын салу. Бу-газ турбиналы қондырғылары ең тиімдісі болғандықтан бұл бағытта заманауи орталық салуға қызығушылық танытқан бірнеше инвестормен жұмыс жүргізілуде.
Еліміздің бірнеше өңірінде энергетика саласында ірі жобаларды жүзеге асырғанын жеткізген инвесторлар тарапынан орталықта сараптау жүргізілген. Оның нәтижесі 90 жылдық тарихы бар жылу орталығының тозығы жеткенін, көмір сапасының нашарлауы пештердің толуына алып келгенін көрсеткен. Сонымен қатар жөндейтін мамандардың тапшылығы мен қажетті құрал-жабдықтардың шет мемлекеттерден тасымалдауы да жұмысты қиындатып отырғаны айтылды.
Инвестор Кентау қаласында жылу орталығы базасында бу-газ станциясын салуды жоспарлап отыр. Қос тарап аталған жоба бойынша тағы да кездесіп, кеңірек талқылау жөнінде уағдаласты. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Кентаудағы жылу мәселесін түбегейлі шешу бағытындағы жобаларға қолдау көрсетілетінін айтты.
Сондай-ақ жиналыс барысында электр желілерін жаңарту, жел стансаларын салу бойынша жобалалар талқыланды.
Жылыту маусымы қарсаңында Кентауда 4 қазандық демеушілер есебінен 600 миллион теңгеге жөнделді. ЖЭО-ны күрделі қайта құру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Жаңа қазандықтарға толық көшуді қамтитын ауқымды жұмыстарды өте тәжірибелі мердігер компания атқаруда. Жабдықтарды Барнаул мен Теміртаудан жеткізген.
Бүгінде екі жаңа қазандықтың құрылысы аяқталып қалды. Жуырда оларды пайдалануға беру жоспарлануда. Жыл соңына дейін тағы төртеуін жинау жоспарланған. Жаңа қазандықтар кемінде 20 жылға есептелген. Олар көмір мен табиғи газды отын ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Сонда барлық мәселе шешіледі. Қазандықтарды қайта жаңартуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбек. Биыл жалпы 6 қазандықтың қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталады деп күтілуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі