«БӨГЕН» СУ ҚОЙМАСЫНДА ҚАУІП ЖОҚ

«БӨГЕН» СУ ҚОЙМАСЫНДА ҚАУІП ЖОҚ
Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы сыйымдылығы 370 млн. м3 болатын «Бөген» су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген. Су қойма 67,8 мың гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етеді.
Су қойманың негізгі су көздері – «Арыс» магистральды каналы және Бөген өзені. Су қоймадан егістік жерлерге ағын су Түркістан магистральды каналы (су өткізу қабілеті – 45 м3/сек) және Бөген қашыртқысы (су өткізу қабілеті – 80 м3/сек) арқылы босатылады. Қазіргі таңда су қоймада 317 млн. м3 су бар. Кірген су – 54,6 м3/сек, шыққан су – 25 м3/сек. Су қоймада төтенше жағдай қаупі төніп тұрған жоқ.
Жағдайды бақылау мақсатында 2024 жылы, 17 ақпанда «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы, «Тұран су» ШЖҚ МКК және аудандық төтенше жағдай мамандарымен зерделеу жұмыстары жүргізіліп, акт түзілді. Су қоймада жағдай тұрақты.
Айта кетейік, 2021-2022 жылдары су қоймада төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында көпфакторлы зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесімен, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Жобаға мемлекеттік сараптама қорытындысын биыл маусым айында алу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, су қойманың беріктігін арттыру мақсатында 2022 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда су қойма апаттық жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті құралдармен (700 м3 қой тас, 50 м3 құм, 100 м3 қиыршық тас, 10 тонна цемент және 1000 дана қап) қамтамасыз етілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі