МИНИСТРЛІК ТҰЖЫРЫМДАМАНЫ неге БҰРМАЛАДЫ?
2021 жылғы 5 қаңтарда жарияланған Сіздің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалаңызда «…Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн» деген бастамаңызға биылғы «Егемен Қазақстан» газетінің 2024 жылғы 3 қаңтарда жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» деп Ел басшысы рухани жаңаруға шақырғанына 3 жыл болыпты. Наурызға қатысты 2021 жылы ақпанда Ақтоты Райымқұлова басқарған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Наурыз мейрамын жаңаша өткізу туралы» мәдениеттанушы Серік Ерғалидың тұжырымдамасына «жиендік жасап», оны бұрмалап, министрлік сайтына жариялап жібереді. Осыған байланысты патент авторынан бұрмалауға қатысты сараптамасын сұратып алып, жариялап отырмыз.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы ақпандағы №??? қаулысымен бекітілмеген «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасының» жобасына
Сараптама
Тұжырымдама жобасымен таныса келіп, бұған қатысты төмендегідей қысқаша талдау жасалғанын баяндаймыз.
Тұжырымдаманың «Іске асыру тетіктері және күтілетін нәтижелер» тарауы бойынша 14-23 наурыз аралығында 10 күн қамтылған, мерекелеудің әр күні арнайы атаулармен аталуы орынды, дұрыс. Бұл Наурыз мейрамының мазмұнын ашуға тиіс. Алайда жобада қарастырылған атаулардың ішінде Наурыз мейрамының мазмұнын ашпайтын, бүгінгі ұрпақтың қабылдауы мен заманауи түсінік-талаптарға қайшы да күрделі, ресми науқаншылдыққа құрылған сипат бар екенін атап өту керек.
Тұжырымдаманың бұл нұсқасы ресми құжатқа тән емес стилдік тұрғыдан сәйкес түзілмеген, дәйексіз әрі айғақсыз тұжырымдарға толы, Наурыз тақырыбының аясынан тыс дүниелер келтірілген. Наурыз мейрамын мемлекеттік мерекеден гөрі санаулы күндер ішінде барлық рухани-мәдени мәселелерді шешіп тастау жағы қарастырылып, қисынсыз шешімдер мен шаралар, жұмыстар мен басы артық ұсыныстар қамтылған. Мемлекеттік мерекенің ең әуелі қазақстандықтардың рухани-мәдени әлеуетін паш ету жағы ескерілмеген.
Өрескел қате ретінде уақыт жағынан құжатты шектейтін және оның тұжырымы мен мақсатына сай емес, басқа тақырып пен тағылымға қатысты материалдарға толы екендігін атап өту керек. Оған мысал: «Биыл Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай ақынның туған жерге, елге, ерлік, өнегелік секілді жырларын дәріптеу.
Өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болған әрі елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінің есімін ұлықтау өте маңызды. Сондай-ақ, жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтуіне орай арнайы кездесулер ұйымдастыру, талқылау.
Биыл Желтоқсан оқиғасының 35 жыл толуына орай азаттықтың алғашқы қарлығаштары, тәуелсіздік боздақтары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы өте маңызды». Бұл келтірілген іс-шаралар мемлекеттік мерекенің мақсаты мен мазмұнына сәйкеспейді, өз алдына бөлек қаралуға тиісті идеологиялық саяси науқандар екені ескерілмеген. Осылайша ресми құжаттың мазмұны сыйыспайтын материалдарға толып, ауырлатылған.
Атауларға тоқталып өтсек, бұл атаулар Наурыз мейрамына тән әрі лайық емес тақырыптар мен саланы қамтыған, мейрамнан гөрі қоғамдық-саяси науқандарға тән атаулар қамтылған.
Наурыз – қоғамдық саяси науқан емес
14 наурыз – «Көрісу күні» бойынша: Көрісу – Наурыз мейрамының ғұрпы, оған бір күнді беру арқылы күннің мәртебесі мен мазмұны тарылады; Бұл күн – түркілердің мүшелдік жаңа жылының басы, Жыл басы, 90 күн қыс шығып, Көктем келер алғашқы күн, биыл Сиыр жылының бірінші күні. Мазмұнды ашатын ғұрып емес, күннің мәні. Мысалы, қыз ұзату дәстүрінде сыңсу болғанмен, ол күн «Сыңсу күні» аталмайды, ол ғұрып қана.
15 наурыз – «Жайлау күні». Мал шаруашылығы мен этнологиялық салаға қатысты бұл атау азаматтарды тағы да архаистік көзқарас пен дағдарысқа тірейді, қалалықтарды тұйыққа тірейді; бұл атау тіпті бүгінде ауылдықтарды да мерекеге жұмылдырмайды, өйткені Наурыз мерекесінде бүгінгі жайлау маңызды емес, ол өз алдына рухани-этнологиялық құндылық ретінде қарастырылуы керек;
16 наурыз – «Шежіре күні». «Шежіре» ұғымы бүгінде генеологиялық тарихи тақырып ретінде ұғылады, бұның да Наурыз мейрамына қатысы мүлдем жоқ, архаистік тақырыпты мейрамға телу, оның өзектілігі мен сипатын әлсіретеді, шатастырады;
17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні». Наурыз мейрамына тарих ғылымын, пәнін, тәлім-тәрбие мәселесін бұлайша тықпалау, бұрынғыша қасаң науқандарға жол ашпақ, бұл да аталмыш мерекеге қатысы жоқ концепт;
18 наурыз – «Игі істер күні». Жылдағы 365 күннің бәрі де игі істердің уақыты, ал 14-22 наурыз аралығы – Наурыз мейрамының мезгілі, игі істерден мойын босатып, соның игілігін көріп, мәз-мейрам болуға тиіс салтанатқа толы күндерге бұл жалпылама атау мүлдем лайықсыз;
19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні». Бұл да мейрамды науқандыққа бұрмалайды, спорт пен қолөнерді, бір-біріне қабыспайтын екі саланы бір күнге зорлап біріктірудің қисыны келмейді, мерекені ашпайды, басқа саланы мейрамға қосып, жасанды дәстүрге жетелейтін науқандық бағыт болады. Спорт пен қолөнер бұйымдары Наурыз мейрамын ашуға тиіс қосалқы мазмұндар ғана және оны бір күнмен шектеу тағы да науқандық сипатқа итермелейді. Бұл шаралар күннің мазмұнына кіргенмен, атауына кірмеуі керек, сонда мерекеге басымдық болады.
20 наурыз – «Зияткерлік күні». Бұны қарапайым түсінікпен айтқанда, ақыл-ой, парасат күні деп ұқсақ, бұндай күндерді Наурыз мейрамын күтпей-ақ ұйымдастырып паш етуге болады; Зияткерлік тақырыбын Наурыз мейрамына әкеліп әспеттеу артық жүк, мереке мазмұнын басы артық салаларды қамтумен ауырлату болмақ. Орысшаға аударғанда: «день интеллектуальности», бұл тіркестер азаматтардың қабылдауына ауыр әрі түсініксіз.
21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні». Бұндай күн 1 Мамыр мерекесіне тән болатындай мазмұны бар атау, өйткені бұл күн Қазақстан халқының бірлігі, енді бұл мазмұнды Наурызға телу арқылы халықты шатастырамыз. Және де Наурыз мейрамының өз дәстүрлі тағамдары бар, осы күнге арналған басқа этностардың да тағамдары жеткілікті, олар насихатталмай, көлеңкеде қалады.
22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні». Бұл тіркес негізінде «ұлы істің ұлы күні» ұғымынан туындаған, осылай аталуы керек. Өйткені, Наурыз мейрамы ғарыштық деңгейдегі жаңару мен астрономиялық өзгерістерге қатысты. Халқымыз бұл күнді сол себепті «ұлы іс» атаған да, ауызекі тілде бірігіп «ұлыс» болып айтылып кеткен. «Ұлы іс оң болсын!» деген тілек осы тұжырымды ашып тұр, ұлыстың оң-терісі болмайды, істің оң-терісі болады. Алға басатын істі «оңға басу» тіркесімен білдіреді. Іс дегенде, халқымыз орысша «дело» ұғымын ғана емес, «явление» ұғымын да осы сөзбен ұққан: великий день великого явление.
23 наурыз – «Жоралғы күні». Аталмыш күннің Наурыз мейрамына қатысы жоқ, артық күн. Бұл күнгі демалысты 14 наурызға «Мүшелдік жыл басы» атап ауыстырған абзал. Бұл үшін 2009 жылы 22 сәуірде «Мерекелер» туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес түрде өзгеріс енгізілгені мақұл. Осылайша Наурыз мейрамының күндерін қазақ ұғымындағы киелі 9 санымен шектеу дұрыс болмақ. Бұл тарихи ақпарат көздеріне де сәйкес.
Наурыз мейрамының белін қайыстыратын жүктер
«Мейрамның міндеттері» тарауы біршама қасаң да жауыр жолдарға толы. Мемлекеттік мейрамға міндет жүктеудің өзі орынсыз, бірақ күтілетін нәтиже белгілеуге болады. Келтірілген міндеттердің ішінде Наурызға қатысты бір ғана сөйлем жеткілікті: жалпықазақстандық рухани құндылықтарды нығайтатын қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, ынтымақ-бірлікті арттыру.
Қалған міндеттер Наурыз мейрамының белін қайыстыратын артық жүк:
• мейрам кезінде әр адам отбасына, ата-анасына барып, хал-жағдай сұрасу арқылы отбасы институтын күшейту – бұл міндет мерекенің емес, Адам капиталының даму көрсеткіші, ұлттың, қазақстандық халық мәдениетінің қалыптасу мен дамуы арқылы көрініс табуға тиіс сапалар, мейрамның міндетіне жатқызу мүлде жарамсыз.
• азаматтық бейбітшілікті сақтау, әлеуметтік әріптестікті және қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту – бұның барлығы қоғамды дамыту арқылы келетін нәтижелер мен дәстүр болуға тиіс, бұлар ішкі саясаттың барысында күтілетін нәтижелер, ал мейрам кезінде бар болғаны соның көрініс ғана болуы жеткілікті.
• этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту – бұл кем дегенде 1 Мамыр мерекесінің «міндеті», дәлірек айтқанда, Наурыз мейрамының емес, Қазақстан халқы Ассамблеясының тікелей міндеті;
• Қазақстан табиғатының бірегейлігін, табиғатқа ұқыпты қарауды ұғыну, экологиялық мәдениетті және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру бойынша қоғамдық бастамаларды дамыту – бұл елдің экологиялық саясаты мен өнеркәсіп мәдениетінің көрінісі болуға тиіс, азаматтық бастамалардың көрінісі, қалалардың сәулеттік жағынан қалыптасуы мен дамуына қатысты атқарушы биліктің қарастыратын міндеті. Мейрамды желеу етіп экология мәселелерін қолға алу қоғамда қайшы резонанс туғызатын болады.
Жалпы мейрамға міндет қою деген сөз, оның субъектіге айналдырып, ол мерекеден әлгі міндеттерді талап ету деген сөз. Мейрамның субъектісі – халық, оны мерекелейтін де, тұтынатын да азаматтар, сонда оларға қалай міндет жүктеп, оның орындалуын талап етуге болады?! Мемлекеттік мереке – сол мемлекеттің ішкі саясатының көрінісі, нәтижесі, барысы. Сол себепті міндеттің кімге қойылатыны, субъект мен объект анықталуы қажет.
Наурыз рухани құндылық ретінде қаралуы керек еді
«Үздік ұйым ауласы» мен «Үздік мектеп ауласы» секілді байқаулар (сенбілік өткізу, ағаштар мен гүлдер отырғызу), Наурыз мерекесі болмаса да басқа да шаралар мен науқандар аясында өмірімізді қамтуы тиіс. Ал мереке елге бірлік пен береке шабытын әкелуге тиіс рухани құндылық ретінде қаралуы керек еді.
Тұжырымдамада аталған «Аналар күні», «Әкелер күні», сондай-ақ «Отбасылар күнін» мереке ретінде кең көлемде атап өту және мерекенің құндылығын балалар санасына жастайынан сіңіру қажет» деген тұжырым Наурыз мейрамын тағы да мазмұн жағынан жалпақшешейлік сипатқа бұрмалайтын, оның мазмұнын рәсуә етіп, мерекелік фокусты жоятын жаңсақ тұжырымдар. Бұлардың барлығы Наурыз мейрамының рухани таным мен тарихи құндылық ретінде зерттелмегендіктен болмаса бар зерттемелерді тұжырымдамаға кірістіре білмеуден туындап отыр.
Мерекеге тән нақтыланған атрибуттың айқындалмауы да аталмыш тұжырымдаманың көпсөзділік, шынайылықтан алшақтататын әлсіз тұстары. Тұжырымдама жобасы ғылыми зерттеу нысаны болғандығы байқалмайды. Жаңалығы мен аргументі осал. Сондықтан да құжаттың дәйегі мен дәлелі барынша бұлдыр, ресми де қасаң міндеттерді тізбелеу қамтылған; халық тарапынан қолдауға тұратын әрі жалпыазаматтық дәстүрді қалыптастыра алатын тұжырымдамаға тән мазмұн мен сипат керек.
Жалпы алғанда, Тұжырымдама жобасы Наурыз мейрамына өз мазмұнын қайтару мен дамытуды толық қамтымайды. Бастысы – ғылыми негіздеме мен айғақтар әлсіз, аргумент жоққа тән. Ұлттық құндылықтар мен этнологиялық материалдарды, қоғамдық түсініктерді жапатармағай жапсырып қойғандай әсер бар.
Мерекеге азаматтық мазмұннан гөрі, әкімшілік тараптан ұйымдастырылуға тиіс науқаншыл шараларды қамтитын дәйектемелер мен тізбелер келтірілген. Аталмыш мемлекеттік мерекенің бұған дейінгі кемшілігі де осы болатын, жалпықазақстандық, жалпыадамзаттық мазмұн мен түрге жетелейтін, тарихи этнологиялық бай материалдарды ұқсата жымдастырған тұжырым қажет.
Тұжырымдама қазақ халқының бұл мерекеге қатысты танымдарын, Уақыт пен Кеңістікті меңгере білген далалық этноқұндылықтар, этнографиялық сипаттан гөрі, жалпыадамзаттық өркениетке қосылған рухани үлес ретінде, еркін де кең тынысты азаматтық бастамаларға жол ашатындай, рухани жаңғырудың көрінісі болатындай жұмыс жоспарының нобайын қамтуы тиіс. Бұлай нақтыланбаған тұжырымдама тағы да мерекенің көрінісі мен дәстүрін қалыптастыруға бөгет болумен бірге, жауабы дүдәмал сауалдарды тудырады.
Аталмыш тұжырымдаманы қарастыра келе, оның Наурыз мейрамын ойдағыдай қалыптастыратын құжат боларына күмән бар. Тұжырымдаманы басы артық, бөгет болар материалдардан тазарту керек, жалпыхалықтық сипат аларлық және Наурыз мейрамына ғана тән дүниелерді жаңғыртып, жарқын материалдар мен танымдарды, жаңа әрі тың зерттеулерді негізге ала отырып, қазақ халқының бірнеше ғасырды қамтыған рухани құндылығын заман талабына лайықтап, жаңаша қалыптастыратындай, дамытатындай, заманауи сипат алатындай құжатқа айналдырған абзал. Бұл күйінде аталмыш Жобаның жүзеге асырылуы дүдәмал құжат деп атап өтеміз.
«Elsana Amanat» қорының
президенті,мәдениеттанушы,
«Наурыз мейрамын жаңаша ұйымдастыру»
тұжырымдамасының авторы