Облыс әкімі Меркі ауданындағы бірқатар нысандарды тексерді
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапары барысында әлеуметтік және құрылыс нысандарын тексеріп, кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Меркі ауылының маңындағы 77 және 33 гектар жаңа тұрғын үй алабына инфрақұрылым жүргізу жұмыстарымен танысты. Мұндағы жұмыстар жоспарға сәйкес, сәуір айында толығымен аяқталуы тиіс.
Бүгінгі таңда аудан бойынша 5 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр.
Аймақ басшысы бұл жұмыстардың кезектегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтіп, жауаптыларға жергілікті халыққа түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізу керектігін ескертті.
Қ.Жандарбеков атындағы өнер мектебіне барған облыс әкімі ұстаздар ұжымымен және оқушылармен кездесіп, олардың ой-ұсыныстарын тыңдап, балалардың өнерімен танысты.
Өткен жылы пайдалануға берілген қосымша білім беру нысанында 600-ден астам жасөспірім өнердің қыр-сырын үйренуде. Ал, оларға тәжірибелі 40 педагог дәріс береді.
Облыс әкімі қазіргі таңда мемлекет тарапынан ауыл мен қаладағы білім сапасын теңестіру үшін кешенді шаралар іске асып жатқанын жеткізіп, қосымша білім беру ісі де сапалы жүзеге асу керектігін баса айтты.
Аудандағы жиһаз өндіретін «ZETA» зауыты жыл сайын бір мыңға жуық диван мен 15-20 мың орындық шығаруға қауқарлы. Өндіріс орнының директоры Абдуважит Аушамов кәсіпорында электр қуатының тапшылығы сезілетінін жеткізді.
Ал, 500-ге жуық адам еңбек ететін «Меркі қант» зауытының директоры Нұржан Қарғабаев құрылғыларды жаңартуға қаражат қажеттігін айтып, облыс әкімінен көмек сұрады.
Аймақ басшысы кәсіпорындардың жұмысымен жіті танысып, аталған мәселелерді шешу, қолдау бойынша жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылатынын айтты.
Өткен жылы аудандағы «Андас-1», «Андас-2» және «Андас-3» су қоймаларының бөгет құрылыстары басталған. Қазіргі таңда мұндағы жұмыстардың басым бөлігі орындалған. Жалпы, жоба құны – 366,9 миллион теңгені құрайды.
Нысанның су қорын жинақтау, сол арқылы ылғал тапшылығын шешудегі маңыздылығын тілге тиек еткен облыс әкімі жауаптыларға құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, нысандарды уақтылы тапсыруды міндеттеді.
Гранитогорск елді мекенінде ірі балық шаруашылығының жұмысы жолға қойылуда. «Bester Yard» ЖШС директоры Андрей Василенконың айтуынша, мұнда жалпы құны 250 миллион теңге болатын жоба іске асуда.
Кәсіпорын басшысы электр қуатына байланысты мәселе жиі туындайтынын, кәсіпорын жұмысын жандандыру үшін қосалқы су құбыры қажет екенін жеткізді.
Ербол Қарашөкеев балық шаруашылығын дамытуға қатысты жан-жақты қолдаулар туралы айтып, жауаптыларға тиісті көмектер көрсету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ, серіктестік аумағында балық өсірушілердің семинарын өткізу ұсынылды.
Аудандағы жұмыс сапары соңында облыс әкімі осы елді мекендегі көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған мектеп-интернатына барды. 180 оқушыға арналған білім ордасында бұл күнде 100-ден аса бала тәрбиеленуде. Оқу орнының директоры Данара Елемесованың айтуынша, 1959 жылы іргетасы қаланған ғимараттың оқу корпусына осы жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Облыс әкімі тиісті тұлғаларға ағымдағы жылдың тамыз айына дейін мектеп-интернаттың жиһаздарын толығымен ауыстыруды тапсырып, жатақхананы күрделі жөндеуден өткізу үшін жақын арада жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуді жүктеді.