АНАНЫҢ КӨЗІ
Кішкентай Айна ес білгелі анасының өзіне деген шексіз махаббатына бөленіп өсті. Анасы оны кәдімгі үнемі телеарналардан көрсете беретін қазақ киносының шедеврі болған «Қыз Жібек» фильміндегі Қыз Жібектен де әдемісің деп айтатын, кішкентай Айна да ол сөзге шын сенетін. Анасының айтуынша Айна беті әппақ, көзі қап-қара қарақаттай.
Бірақ Айна мектепке барған күннен бастап барлығы да басқаша болды. Балалар оны сұлу емес керісінше көріксізсің деп айтатын болды. Айна алғашында ол сөздерге сенбеді. Өйткені мектеп оқушысы болса да қыздар арасына көреалмаушылықтар бар болатын. Десе де жылдар өте келе ол шындықпен бетпе –бет келді. Анасы жас балаша мәпелейтін ақ беті әжім-әжім, қарақаттай дейтін қара көзі қыли екен. Шыңда өскен шынарға теңеп мақтайтын денесі де түзу емес, аяғы қисық, белі бүкір екен. Анасы оны көп жыл бойы алдап келгені белгілі болды.
Өзін көп жылдар бойы осылайша өтірік айтып алдап келген анасына деген Айнаның кіршіксіз махаббаты енді оны шексіз жек көру сезіміне ауыса бастады. Бойжетіп, тұрмыс құрар жасқа жетсе де өз теңдес жас жігіттерден оны елеген ешкім болмады. Оның үстіне қанша емделсе де көзі де жазылмады. Бір ретте дәрігерлердің құпия кеңесінен Айна өзінің көп ұзамай көр соқыр болып қалатынын да естіп қойды. Оған енді өмірдің еш қызығы қалмағандай болды. Ол күні бүгінге дейін өзін кішкентай қыз кезіндегідей мәпелеп, еркелетіп жақсы көретін анасын және туған үйін тастап көз көріп, құлақ естімес бір жаққа біржола безіп кетуге бекінді.
Айна үйінен кетуге бел буған дәл сол күні анасы «Мен Астанаға бір ай мерзіммен іс-сапарға жүретін болдым. Сен үйде бола тұр. Мен бір аптаның ішінде өзіңе хабарласамын» деді де жолға шығып кетті. Анасы кеткен күннің ертесінен бастап Айнаның екі көзі көруден қалды. «Өтірікші анам мені өлсе өмірем қапсын деп жападан жалғыз тастап кетті» деп ойлады Айна. Оған енді өлуден басқа жол қалмағандай сезілді. Өзі тұрған 6-қабаттың балконынан секіріп өле қалайын деп ойлап, сипалап балконға шығатын есікті аша алмады. Пластик терезелер салынған балкон есігін анасы ашылмайтын етіп бекітіп кеткен екен. Болмаған соң сипалақтап жүріп ас бөлмеге кіріп, пышақ іздей бастады. Дәл осы кезде қалта телефоны шырылдады. Аржағынан анасының жан досы Сәруар апайдың дауысы естіліп: «Айна сүйінші! Сенің екі көзің көретін болады.Дауасы табылды. Қазір барып емханаға алып кетемін. Дайын отыр» депті. Қош, сонымен Айна ауруханда ота жасатып,біраз күннен кейін күннің алтын сәулесімен жанары жарқырап төсектен тұрады. Енді Айна өзінің бұрыңғы сұрықсыз түрін қайта көруге жүрексінсе де «Түрім ұсқынсыз болса да, ешкімге масыл болмай сау көзбен жүретін болдым ғой»деп ойлады. Сосын қабырғадағы үлкен айнаға барып өзіне қарады да селк ете түсіп, артына бұрылса жанында ешкім жоқ екен.
Айнаға қайта бұрылып қарады. Айна ішінде бұл әлемдегі ең сұлу бойжеткен тұр еді. Бетіндегі безеулер жоғалып, түзу қырлы мұрын, қарақат көз, тікенектей шаштың орнында қолаң қара шаш толқындап тұрды. Бойы да бұрыңғысынан ұзарып, белі жел тербеген қайыңдай бұралып тұр екен.
Бойжеткен жанына келген қартаң дәрігерді құшақтай алып: «Мен өмірге қайта келгендей болдым. Менің барлық мүшем сондай сұлу болыпты. Сіздер маған косметикалық ота жасап па едіңіздер!» -деп сұрады.
Дәрігер ағай: «Жоқ қызым, саған біз тек анаңның көзін ғана ауыстырып орналастырдық. Ол маған көздің қажеті жоқ деп айтқан болатын» депті…
Шіркін, ананың көзі-ай деген…