Тіршілікте сыйласып жүрейік
Қазақ күнтізбесі мерекелік даталардан кенде емес. Бірақ, осыдан бес жыл бұрын күнтізбеге енген «Алғыс айту күнінің» жөні бөлек, жосығы ерек.
Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні.
Бірінші наурыз – Қазақстан Республикасындағы Алғыс айту күні. Иә, елімізде өмір сүретін барша халық үшін көктемнің алғашқы күні «рахмет» сөзімен басталады. Мұндағы әрбір этностың бастан кешкен тағдыры ежелгі қазақ жерінде тоқайласып, ортақ құндылықтар мен мұраттарға бірікті.
Жалпы, біреуге алғыс айту, біреуден алғыс алу, құлаққа жағымды ізгі тілек тыңдау көңілге шуақ сыйлайтын жақсы амал. Бүгінде қазақстандық қоғамның өзіндік ерекшелігінен туындаған мерекенің аясы кеңи түсіп, жалпыхалықтық сипат алды.
Бұл күні баршасы бір-біріне барынша алғыс-ризашылығын білдіруге тырысады. Кіші үлкенге, дос досына, ұжым мүшесі барша ұжымдасқа дегендей, ақжарма тілектер айтып, құрметін көрсетеді.
Осы жерде кейде көпшілік арасында «мерекенің әу бастағы мақсат-мүддесі өзгеріп кеткен жоқ па, өзге ұлт емес, өзімізге өзіміз айтып жүргеніміз қалай?» деген кереғар пікірлер де айтылып қалады.
Бұл орайдағы ойымыз, кім кімге, қалай айтып жатса да, білдірілген ақ алғыстың артықтығы жоқ қой. Бір-бірімізге ризашылық танытқанның еш оғаштығы бола қоймас. Мұндай күн көптеген мемлекеттерде кездеседі, олардың өзіндік ерекшеліктері бар. Ал, Қазақстандағы Алғыс айту күні – өзімізге ғана тән айтулы күн.
Бізде бұл күнді өзге ел ұлттарының қазаққа алғыс айту күні ретінде атап өтілу ұсынылған болатын. Десе де, жақындарыңызға, айналаңыздағы адамдарға алғыс айтудың артықшылығы жоқ. Себебі мерекені сезіну және сезіндіру өз қолымызда.
Осы орайда бүгін Тараз қаласы Полиция басқармасы 2-ші полиция бөліміндегі ұжымның ата-аналарын құттықтадым.
Аналарымыздың құшағы гүлге, жүздері күлімдеген нұрға толды. Дүниеде қуаныш сыйлау, әсіресе перзенттері туралы жақсы сөздер естуден асқан бақыт жоқ шығар, сірә…
Асхат Алметов,
Тараз қаласы Полиция басқармасы
2-ші полиция бөлімі бастығы полиция подполковнигі