ТҮРКІСТАНДА ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕН ОҚЫТУШЫЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Бүгін Түркістанда «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы – 2023» және «Үздік ғылыми қызметкер – 2023» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да өткен салтанатты іс-шарада алғашқы сөз тізгінін алған ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек көпшілікті көктемнің 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтады.
– Көктемнің алғашқы мерекесінде Қазақстанның білім және ғылым саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айту мақсатында сіздерді қасиетті Түркістан қаласында жинадық. Біздің ғалымдар күн сайын отандық ғылымның игілігі үшін жұмыс істеп, жобалар әзірлейді және тамаша нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл – қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш. Біздің міндетіміз – халықтың ғылымға, ғалымдарға және жалпы жоғары білім жүйесіне деген сенімін қалпына келтіру. Осы жолда кішкентай болса да, бірақ сенімді қадамдармен жүріп келеміз. Мәселен, 1-2 айдың ішінде «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы күшіне енеді. Сондай-ақ, сәуір айында Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы, үлкен ғылыми көрме өтеді. Біз сіздермен мақтанамыз, сондықтан еңбектеріңізді насихаттау жолындағы ортақ жұмысымыз қарқынды түрде жалғасады» деген министр қос байқау нәтижесінде үздік деп танылғандарды марапаттады.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар мен оқытушылар, білім беру мекемелерінің басшылары, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты. Айтулы жиынға 500-ден астам көрермен жиналды.
Ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді қолдауға бағытталған «Үздік ғылыми қызметкер – 2023» байқауына әртүрлі ғылым бағыттары бойынша жалпы саны 307 өтінім келіп түскен болатын. Нәтижесінде «Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар», «Медицина және денсаулық сақтау», «Әлеуметтік ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар және өнер», «Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары» және «Әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік» бағыттары бойынша 50 ғалым үздік деп танылып, 2000 АЕК көлемінде сыйақыға ие болды.
Ал «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы – 2023» республикалық байқауының мақсаты – оқытушы мамандығының беделін арттыру және оларды одан әрі кәсіби дамуға ынталандыру. Биыл конкурсқа 80 жоғары оқу орнынан барлығы 768 үміткер қатысып, комиссия шешімі нәтижесінде 43 қазақстандық ЖОО-ның 150 оқытушысы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы 2000 АЕК көлемінде сыйақы алды. Ақшалай ынталандырудан басқа, арнайы төсбелгіге ие болды.
Аталмыш байқауға Ахмет Ясауи университетінің 7 оқытушысы да қатысып, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2023» атағына ие болды. Білім-ғылым саласындағы салалы еңбегімен лайық деп танылғандарға оқу ордасының өнерпаздары шашу шашып, мың бұралған бишілер мен күйшілер өз өнерін көрсетті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі