ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМ КӨЛЕМІ 140 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚТАҒАН
Сарыағаш ауданында былтыр ауыл шаруашылығының өнім көлемі 135,8 млрд теңгені құрады. Ал биыл саладағы өнім көлемін 149,4 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Бұл жайында брифингте аудан әкімі Арман Абдуллаев мәлімдеді.
«Бүгінде ауданда құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын екі жоба қолға алынып отыр. Олар «Бес қара» ЖШС-ң ірі қара мал сою бекеті мен «Saryagash keramzit» ЖШС-ң керамзит өндіру жобасы. Сонымен қатар, «Құлпынай» пилоттық жобасы аясында Жартытөбе және Төңкеріс ауылдарында 40 отбасы грант алып, 62 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Одан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы 408 құжат мақұлданып, 315 жобаға 2 млрд 81,6 млн теңге несие берілді. Ауданда былтыр 232 жаңа жұмыс орны ашылып, мүмкіндігі шектеулі 405 азамат жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, өңірде 2023 жылы 9 инвестициялық жоба іске асып, 186 адам жұмыспен қамтылды»,- деді аудан әкімі.
Аудан басшысының айтуынша, 2023 жылы 585 азаматқа жалдамалы пәтер кілті табысталған. Сондай-ақ, былтырғы жылдың қорытындысымен кезекте тұрған азаматтарға 50 пәтер сатып алынған. Биыл кезекте тұрған азаматтарға 55 пәтер сатып алуға қаржы бөлініп отыр. Бұдан бөлек, былтыр Бағыс және Нұрлыжол елді мекендерінде 300 орындық мектеп пайдалануға берілген. Ал инфрақұрылыммен қамту жұмыстары бойынша ауданда 63 елді мекеннің 49-ы табиғи газ жүйесімен қамтылып, 77,7 пайызды құраған. Сондай-ақ, былтыр аудандағы 50 ішкі жолға орта жөндеу және 10 ішкі жолға шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілген.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі