Мыңжылдықтар тұлғасы
Бүгін аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, Алаш Орда втономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туған күні.
Шығу тегі
Әлихан – ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты – Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей – осы Сұлтан Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед.
1866 жылы наурыздың 5 жұлдызында бұрынғы Семей облысының Қарқаралы уезінде, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген.
Бүгінде Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Қаратал ауылы, Шабанбай би селолық округі.
Әлиханның тегі алғашында «Нұрмұхамедов» болған деп көрсетіледі, кейіннен жоғарғы оқу орнының соңғы курсында ол өз қалауымен тегін «Бөкейхан» деп өзгерткен.
Бұл жайында ол: «Қазақтың аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «-ов, -ев», – деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!» деп жазды.
Білімі
Әлихан Бөкейханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға берген. Бірақ Әлихан молдадан оқығандардан гөрі сондағы мектепте оқып жүргендердің сауатты екенін аңғарып, қаладағы үш сыныптық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып кеткен.
Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқыған.
20 жасында Дала генерал-губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны «техник» мамандығы бойынша тәмамдап шығады.
1890-1894 жылы Ресей империясының астанасы Санкт-Петербургке барып, Орман шаруашылығы институтының экономика факультетін бітіреді.
Кейіннен Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне төтенше емтихан тапсырып, заңгер дипломына да ие болды. Бірнеше тілде еркін сөйлеп, мақала жаза алған.
Ғылымы
Оқуын бітіріп, Әлихан Бөкейхан Дала өлкесі – Қазақстанның халық шаруашылығы бойынша сарапшы маман, ірі ғалымға айналды.
Қазақ егіншілігі мен мал шаруашылығы, соның ішінде қазақтың сиыр, қой және жылқы шаруашылығы туралы іргелі зерттеулер жариялады.
«Австралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүріп келіп, Петербург базарында сатылады. Малы көшіп жүр, адамы қала болып отыр» деп жазды Ә. Бөкейхан.
Қазақ тарихы, этнографиясы, әдебиеті мен фольклоры туралы жүздеген мақалалар жазып, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» секілді халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлгілерін жинақтып, баспа бетіне шығарды.
1896 жылы «Ресей. Жалпы географиялық сипаттама» атты көп томдық еңбектің қазақ даласына арналған 18 томына автор ретінде қатынасқан.
Қазақтар туралы шынайы мәліметтер келтіріп, қазақтарды асқақтатады. Қазақтың ой-өрісі мен дүние танымы, ежелгі мәдениеті мен тарихы сияқты қасиеттері анағұрлым озық тұрғанын аңғартады.
«Қыр баласы»
Абайтанудың ғылыми негіздемесін жасаған тұңғыш абайтанушы-ғалым. Ол Абайды «қазақтың рухани ұстазы» деп бағалап, оның өмір жолы мен шығармашылығын тұңғыш рет жариялап, өлеңдерін құрастырып, баспадан шығарған.
1911-14 «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді.
«Қазақ» газетіне «Қыр баласы» деген атпен ел тіршілігінің өткір де түйткіл мәселелеріне ден қойған мақалалар жазады.
«Ұлт көсемінің» үш мінезі
Біріншісі оның турашылдығы.
Екіншісі болмысынан алдына жанның мысын басатын өзгеше жаратылыс иесі екендігі.
Үшінші қасиеті, ұлы тұлға адамдарға бауырмал, жаны ашығыш, сезімтал болған.
Әлеуметтік-саяси қызметі
Ол ғылыми жұмыспен қатар қоғамдық-әлеуметтік саяси қызметтерге де белсене араласа бастайды.
Ғалым Қазақ хандығының отарлық тәуелділікке қалай түскенін егжей-тегжейлі зерделеп шықты. Ол қазақ хандары мен сұлтандарының, ру көсемдері мен билерінің Ресей империясы өкілдерімен жазысқан хаттарын зерттей келе бірнеше келелі тұжырым жасады.
«Бұрынғының көбі, күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қылғанының бәрі зорлық-зомбылық еді. Бұрынғы билеушілердің көпшілігі күш- қуатының барлығын өзара талас-тартыс пен қырқысқа сарп етті» деп жазды ол.
«Хан баласында қазақтың қақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп серт еткен Әлихан бұрынғы хан-сұлтандардың ұрпағы ретінде туған халқы алдында өзін айыпты сезінді.
Алаш жетекшісі отаршыл империяны саяси тұрғыдан реформалап, федеративтік демократиялы мемлекетке айналдыру арқылы ғана қазақтың әуелі өзін-өзі билеп, кейін толық тәуелсіздікке қол жеткізуіне болады деп санады.
Алаш Орда
Ә. Бөкейхан бастаған топта орыс мектептерінен тәлім тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялыларынан тұрды. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді.
Сондықтан олар, ең алдымен, халықтың сана сезімін оятатын жағдай жасау керек деп білді. Бар күш қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырады.
Бірақ олардың ойдағыдай жұмыс істеуіне жандармерия басқармасының жансыздары мүмкіндік бермейді. Солардың көрсетуімен қуғынға түседі, Семей түрмесіне қамалып, кейін Самар қаласына жер аударылады.
1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самарыдан Орынбор келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады.
Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Том қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясы құрылмақ болады.
Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Алаш автономиясы жарияланып, Ә. Бөкейхан сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады.
Бірақ көп ұзамай жеңіске жеткен большевиктер Қазақ автономиясының жұмысын тоқтатып, басшыларын қуғынға салады.
1920 жылы Алаш автономиясы тарих сахнасынан біржолата жоғалып, оның мүшелері қудаланады.
Сол жылдары Алаш партиясының көсемдері мен саяси белсенділеріне «кешірім» жасалып, большевикттік қызметтерге жіберіле бастайды. Бірақ Әлихан большевиктерге қызмет етуден бас тартады. Сол үшін абақтыда жабылды.
Семей түрмесiнен босап шыққаннан кейін большевиктер оны туған елінен барынша алыс ұстауға тырысады. Сөйтіп 1922 жылдың күзінде Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылады.
Ұлттық мүддесі
«Қараңғы халықтың тұрмысын гүлдендіріп, жарыққа шығаратын – оқығандар», – деп маңайына қазақтың оқыған жігіттерін жинап, елдік, ұлттық мақсатын жүзеге асыруды көздеген.
Алаш серкесінің елдік, ұлттық мақсаты екі бағыт арқылы жүзеге асты.
Біріншісі – Әлиханның 1905-1917 жылдар аралығында еңбегі. Күрескерлік жол, азаттыққа жету жолы. Күрескерлік жолының жеңісі – 1917 жылдың 13 желтоқсанынан 1920 жылдың 5 наурызына дейін билік салтанатын құрған «Алашорда» ұлттық территориялық- автономиялық мемлекеті еді.
Екіншісі – 1920-1928 жылдар аралығындағы ғылым, білім, шығармашылық жолы. Алаш серкесі Әлихан Бөкейхан қазақ оқығандарына: «Не балаларға сабақ беріп, не жорналға, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой», – деп болашақ ұрпақтың кәдесіне жарар ғылымның іргетасын қалауды өзінің сенімді серіктеріне табыстаған.
Міне, осыдан кейін «Алқа» атты алаш ұранды азаматтардың бейресми шығармашылық ұйымы құрылып, 1920-1924 жылдары ұйымның идеясы, мақсат-міндеті жоспарланып, 1925 жылы ұйым іске кіріседі.
«Алқаның» арқасында
Ахмет Байтұрсынұлы – «Әдебиет танытқыш», «Мәдениет тарихы», «Әліпби», «Баяншы»
Міржақып Дулатұлы – «Есеп құралы»
Халел Досмұхамедұлы – «Жануартану»,
«Табиғаттану», «Адамның тән тірлігі»
Мағжан Жұмабай – «Педагогика»
Жүсіпбек Аймауытұлы – «Психология»
Мұхтар Әуезов – «Әдебиет тарихы»
Қаныш Сәтпаев – «Алгебра»
Әлімхан Ермек, Сұлтанбек Қожанұлы – математика
Елдес Омарұлы – геометрия, физика
Санжар Асфендиярұлы, Телжан Шонанұлы – тарих, тіл
Жұмағали Тілеуліұлы – медицина
Жұмахан Күдеріұлы – биология
Құдайберген Жұбанұлы,
Қошке Кемеңгерұлы – лингвистика, тарих, тіл саласына арнап оқулықтар жазды.
Отбасы
Әлихан Бөкейхан Яков Севостьяновтың қызы Ольгаға үйленген. 1903 жылы қызы Зейнеп (Елизавета), ал 1910 жылы ұлы Өкітай (Сергей) дүниеге келеді.
Ә. Бөкейханның қызы Смағұл Сәдуақасовқа күйеуге шыққан. 1957 жылы ұлы Өкітай жұмбақ жағдайда өмірден озған.
Ақтық сапар
1937 жылдың шілдесінде Бутырка абақтысына қамалған қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әлемдік деңгейдегі саясаткер және ғұлама ғалым Әлихан Бөкейхан совет үкіметіне қарсы күрескені үшін Мәскеуде 27 қыркүйекте өлім жазасына кесіледі. Үкім сол күні-ақ жүзеге асырылды.
Әлиханның қабірінің қайда екені жайлы мағлұмат тек 2007 жылы жария етілді. Ол Мәскеудегі Дон бауырластар зиратына көмілген. Биыл оның зиратына туған елінің және Qyr balasy қоғамдық қорының атынан ескерткіш-белгі орнатылады деп жоспарланып отыр.
Қанатты сөздері
Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу – аш түйенің күйсеуі сынды дәрменсіздік.
Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз.
Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда ғана орындалады.
Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы соңынан ерер еді.
Бөтен кісі қазаққа ешқайдан жақсылық әкеліп бермейді. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды.