Ажырасқандар

Ажырасқан ері мен әйелі кездейсоқ автобуста кездесіп қапты. Күйеу кіргенде әйел жайланып отырған. Өтірік көрмегенсудің реті келмеді, оның үстіне бұлар бала емес қой, ересек адамдар. Әрі ажырасуға екеуі де пейілді болған. Бір-біріне сынап қарады. Тіпті күлімсіреді. Болған іс болды. Не дегенмен екі жыл бірге тұрды ғой. Күйеу әйелінің құлпыра түскенін байқады. Жылдар із қалдырса да, әйел әдеттегідей сықиып киінген. Әйел ерінің шашы сирегенін байқады. Шашы азайып, төбе құйқасы көріне бастапты. Түрі аса өзгермеген. Бірақ бұрынғысына қарағанда салмақты боп кеткендей. Ері әйеліне «Қалың қалай?» деді. Ол «Жақсы» деп жауап қатты. Қалыпты жауап. «Жалғызсың ба? Әлде біреуің бар ма?» деп сұрай салды жігіт. «Үш жыл бұрын прокурорға тұрмысқа шықтым. Жақсы жігіт. Ұстамды. Жұмысы бастан асады. Өзім үйде отырамын. Пәтерді ұстау да жұмыс. Тамақ істеу бар. Бұрынғы бір бөлмелі пәтерді сатып жібергенбіз. Оның есесіне саяжай сатып алдық. Жазда демалу үшін» деді әйел. Деді де еріне бажайлай қарады, ендігі кезек сенікі дегендей. Ол да үйленіпті. Зайыбы – азық-түлік дүкенінде директор екен. Үйде тамақ көп. Қазір дүкеннің есігі қалай ашылатынын да ұмытып қалғанын айта кетті. Зайыбы қаталдау, бірақ жаны нәзік, мейірімді дегенді қоса салды. Жұмысында қатты шаршайды. Ылғи бір тексерістен соң екіншісі боп жатады. Жүйкесі тозады да жүреді. Саяжай алмапты. Бау-бақшаны күтіп-баптауға ерінген. Саяжайға да аз ақша кетпейді дегендей. Мұның бәрі артық күйбең ғой. Сол себепті жаз сайын оңтүстікке демалуға кетеді екен. Бір жылы бір елге, келесі жылы басқа елге.
Осыдан соң үнсіздік орнады. Ажырасқан әйелі бір кезде «сенің анаң жақсы адам» деді. Денсаулығын сұрап еді, «анам қайтты» дегенді естіді. Екі жыл бұрын. Екеуі де күрсінді. Әңгімелері жараспады. Көңілсіздік орнады. Прокурорды кездестіргенше не істедің деп сұрады ері. «Ажырасқанымызға өкінбедің бе?» Әйел көңілдене басын шайқады. Дым өкінбегенін айтты. «Бірақ бастапқы кезде қиын болды» деп мойындады. Ненің қиын болғанын нақтыламады. Қайтадан еріне қарады. «Сен ше?» деді. Ол да басын шайқады. Бірақ өтірік айта алмады. Қатты қиналғанын мойындады. Алайда дүкеннің директоры көңілін тауыпты. Қазір жақсы отбасы. Бала жоқ демесең деді. Тым кеш боп кетіпті.
Әйел түсінгендей басын изеді. Автобус аялдамаға тоқтады. Екеуі де шықты. Бір-біріне қарады. Бастарын изесіп, екі жаққа кете барды. Ері бөлмесіне жетті. Асүйде адам көп. Бөлмедегі пешін қосып, түшпарасын шығарды. Дәлізде жүріп, елмен сөйлескісі келмеді. Жалғыздық – қайғысын жеңуге көмектеседі.
Сол кезде – ажырасудан соң – жүрегі қатты жараланған. Жаны дерт емді. Ішіп кетті. Қарызға батты. Өліп қала жаздады. Шешесі шыдамай, қаза болды. Оның пәтерін сатып, қарызынан құтылды. Өзі енді бір бөлмеде күнелтіп жүр. Өзіне жетеді. Басқа әйелге көз салмады. Жүрегін тек бір әйел мекендепті. Неге өтірік айттым деп ойланды. Ыңғайсыз болмасын деп. Мұның жасында жалғыз қалу – бір түрлі.
Әйелі де өз пәтеріне оралды. Дәлізде мысығы қарсы алды. Аты Прокурор. Түрі өте сырбаз болған соң солай атап кеткен. Не үшін жалған сөйледім деп ойланды. Біздің болмысымызда шынайылықты өлтіретін, өтірік пен жалғандықты насихаттайтын бір пәле бар. Содан асып кете алмаймыз. Бетперде киіп аламыз да, былқ етпей өтірік соғамыз. Сәл ыңғайсыз болды. Прокурор, саяжай – сондай ұсақ қылық. Ұят.
Әйел бір бөлмелі пәтерде, ері өз бөлмесінде. Жалғыздықтан жапа шеккен тағдырлар.
Әйелге жеңілдеу. Оның Прокуроры бар. Ал еріне қиын – ешкімі де, ештеңесі де жоқ. Қолдан келер қайран жоқ. Қатпар-қатпар өтірік. Өтірік өткеннің қателігін түзеуге мүмкіндік бермей жатыр.
Георгий Жаркой
Аударған Шынар Әбілда