ТЕКТІЛІК…

Ата-бабаларымыздың көнеден келе жатқан салты «атастыру». Көзкөрген қариялардың пайымына сенсек, бұл ешқашан өз құндылығын жоймаған игі дәстүр. Бабаларымыз бағзыда әке-шешесімен ежелден таныс, тәрбиелі отбасының қызына шыр етіп дүниеге келгеннен-ақ көз салған. Сөйтіп, ата-ана сөз байласқан. Өсе келе, ұл қыз баланың қыз бала ұлдың көз алдынан кетпеген. Қазақ көшпенді ғұмыр кешіп, дала кезсе де кемеңгер болғанын осыдан көреміз. Болмаса бала дүниеге келгенге дейін екі жақ сөз байласып «бел құда» атанған.

Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл туралы: «Жар таңдауда төрт нәрсеге көңіл аудару керек: байлығына, атағына, сұлулығына және дініне. Сен үшін ең абзалы дінді ұстанатын қыз, егер де керісінше болса, сен ұтыласың» деген. Оған алатын қалыңдықтың ең басты қасиеті имандылығына қоса, сұлулығы мен мінезінің биязы, көркем болуының да мәні зор екені қоса айтылған. Жар таңдау кез келген ер-азаматтың басына түсетін іс. Қыз мінезінде ұяңдық пен әдеп бір кездессе – бірін-бірі жасырыңқырап тұрады да, ашықтық пен абайсыздық кездессе – бірін-бірі асырыңқырап тұрады. «Қамшы сабындай» десек те, ғұмырыңның аяғына дейін өзіңмен бірге болып, тұрмыс-тіршілік кешетін, үрім-бұтағыңды жақсы үлгі-өнегеге баулып өсіретін от анасын таңдау оңайға түспейді.

«Жақсы әйел алғанның үйінен ырысы кетпейді, жаман әйел алғанның үйінен ұрысы кетпейді» дегенді бұрынғылар бекер айтпаған. Қыз күнінде қырмызыдай жайнаған арудан ертең қандай әйел шығатынын бірден дөп басып тану қиын. Бір қарағанда, көзге көркем, жүрекке жылы, жақын көрінгенмен, оның жан дүниесінің қаншалық сұлу екенін қалай танырсың?! Ал, жан сұлулығы жоқ жерде отбасының болашағы бұлыңғыр.

Сондықтан болар, біздің қазақ әуелі қыздың тегіне қараған. Тектілік дегеннің өзі қанмен біткен кішіпейілділік, ибалылық, имандылықтан бөлек атадан – балаға, анадан – қызға отбасы арқылы берілетін тәрбие. Ойлап қараңызшы, бұрынғылар қалың малы қанша қымбат болса да, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой айдатып, текті жерден қыз алған. Әрі қазақтың алдын ала айттыруы мен текті жерге құда түсіп, қыз алуы тұқымының тәрбиелі, иманды болатынының кепілі.

Өз дәстүрін құрметтемеген халықтың ертеңі не болатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ойланатын, зерделейтін заман әлдеқашан келді. Бала балиғат жасына жеткенше ата-ана қарауында яки, ата-ана бала тағдырына жауапты. Ал қазір бақылаусыз қалған бала балиғат жасына дейін өз қалауын, өз таңдауын жасайды. Кейін өз ішінен шыққан перзентіне ата-ананың қарсы шығуы неғайбыл. Сөйтіп, кездейсоқ неке құрылады. Әлбетте, екі жас сезімсіз бас қосады деп айту қиын. Бірақ, қазіргі жастардың сезімі де селдір.

Себебі, оларды жеңіл жүріске жетелейтін факторлар жеткілікті. Бұдан ұтылатын тек қазақ қана. Мынау ұланғайыр кең сахараны келер ұрпаққа тұтастай аманат етпек үшін қазақтың саны артуы керек. Қазақтың қарасы тек тұрақты отбасы, көргенді ұл мен қыз жарасымды ғұмыр кешкенде ғана көбеймек. Бүгінгі қазақ қоғамына жанарына мұң, көзіне жас ұялаған жетім мен жесірдің қажеті шамалы. «Отан отбасынан басталады», – десек, киелі шаңыраққа күйе жақпаудың қамын ойлайтын сәт келді, замандас!

ЖАҚСЫ ӘЙЕЛ – ЫРЫСЫҢ…

Ибраһим пайғамбардың ұлы Ысмайыл алыста жүріп үйленіпті. Бұл хабарды естіген әкесі бір күні ұлын іздеп келеді. Келсе, үйінде ұлы жоқ, жас келін бейтаныс ақсақалды есік алдынан қарсы алады. Бірақ ол үйіне келіп тұрған өзінің қайын атасы екенін білмейді. Ыстық күнде, шөл қысып, әбден жол азабын тартқан қарияға келіні: «Жолдан шаршап келдіңіз ғой, үйге кіріп шәй ішіңіз», — деп ишара-ізет білдірмейді. Көңіліне кірбің ұялаған пайғамбар одан тұрмыс жағдайларының қандай екендігін сұрайды. Келіншек «жоқтан» өзгені ауызына алмайды. Сырт көзге сыр білдірмей, үнсіз тыңдаған қария аттанарында: «Күйеуіңе айт, үйдің босағасын ауыстырсын, сонда ғана тұрмысы түзеледі», – деп кете барады.

Сөз астарын түсінбеген ақылсыз әйел күйеуіне көрген білген жайдың бірін қалдырмай баяндап береді. Ысмайыл келіп кеткен өз әкесі екенін, оның келініне көңілі толмай, ренжіп қайтқанын іштей түсінеді. Үйдің босағасын ауыстыр дегені әйеліңді ауыстыр, дегені екенін ә дегеннен ұға қояды. Арада жылға жуық уақыт өтеді. Ибраһим пайғамбар ұлын тағы да іздеп келеді. Баласы тағы да үйінде болмай шығады. Бұл жолы әлгі ақсақалды бейтаныс келіншек күтіп алады.

Асқан көрегенділік танытып, өз әкесіндей құрмет көрсетіп, сыйлайды. Жол соғып, қалжырап келген қарияны төріне шығарып, дәм-тұзын ортаға салады. Тұрмыс-тіршілігі жайлы қойылған сұрағына көп ойланбастан: «Құдайға шүкір, Алланың бұйыртқаны болып жатыр», – деп жауап береді. Күйеуінің қандай адам екенін сұрағанда, оның иманды, еңбекқор, адал азамат екенін айтып, ризалығын білдіреді.

Мынадай жауапқа жаны жадыраған Ибраһим пайғамбар аттанарында: «Күйеуіңе сәлем айт, үйдің босағасын берік ұстасын», – деп жүріп кетеді. Діни әдебиеттерде жиі айтылатын бұл аңыз-әңгіменің ғасырлар өтсе де, мәні мен маңыздылығы жойылған емес. Жақсы жар таңдау мәселесі бүгінгі қазақ қоғамында да өзекті тақырыпқа айналған. Өзгелер сынды жар таңдау, үй болып, отау құру мәселесіне келгенде дана халқымыз салғырттық танытқан емес. Жан-жақты жаһандану қыспаққа алғанымен, қазақтың қазақилығын сақтап қалудың қаншалықты маңызды екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Ел болып, есігіміз әлемге айқара ашылғалы өскелең ұрпақ арасында «батыстың былдырына» ілесу жиілеп кеткенін аңғарамыз. Онсыз да еліктегіш келетін қазекем, қазір жақсыны да, жаманды да бойына бей-берекет сіңіріп жатқанын жиі айтамыз. Мұның барлығы қазақтың ұлы мен қызын ұлттық салт-сана, мәдениетімізден тым алшақтатып барады. Бұл болашағы бұлыңғыр бағытты таңдаған жас буын ертең ел тізгінін ұстап қалады деуге сену қиын! Өмірде немқұрайлылыққа жетелейтін осындай жеңіл жүріс салдарынан соңғы жылдары неке қиған қазақ жастары арасында ажырасудың жиілеп кеткенін байқаймыз.

Отбасын құруға ынталы қазақ жастарының бүгінгі аяқ алысын сараласақ, басым бөлігі жар таңдауда қандай да бір өмір қағидаттары мен салт-сананы ескере бермейді. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, бұл өмір ақиқаты.

Индира БЕГАЛЫ,

Түркістан облысы,

Шардара ауданы