Қараусыз қалған қарашаңырақ
«Қара кемпір» әніндегі зарлы үн кім-кімді де тебірентпей қоймайды. Бұл ән бүкіл қазақ, бүтін бір ұлттың, соғыс өрті тұтанған сайын даланың қайғысын қозғаған трагедия еді. Сұм соғыстың қасіретін шерткен жыр Жексенқұл мен Қосшықұл есімді қос ұлын соғысқа аттандырып, өмірінің соңына дейін қос перзентін сарғая күткен Қали ана жайлы екенін естіп өстік.
Кейін келе Қали апа Меркі ауданы, Қызылсай ауылының тұрғыны болғанын, сол ауылдағы қарашаңырағының әлі де орны бар екенін білген соң, атбасын Қызылсайға бұрған едік.
Ауылдың шеті көрінді. Қызыл сай десе, қызыл сай! Дала төсі қып-қызыл жауһар! Мүмкін, бұл дала төсіне төселген гүл емес, қос құлынын іздеп, дала кезіп кеткен Қали ананың жерге тамған көз жасының белгісі ме?
Алқаракөк аспанмен астасқан қара жол жүрекке түскен қара сызық іспетті жанымызды сыздатып барады… Алыстан әйгілі әнші Алтынбек Қоразбаевтың әуеніне жазылған сол қара кемпірдің зары құлағыма келді.
Оу-у-у, дүние-ай!
Қызыл сай қырат-қырат белесі көп,
Белесте қос боздақтың елесі көп…
Мына төбеде тай-құлындай тебісіп өскен ағайынды Жексенқұл мен Қосшықұлдың асық ойнап, доп теуіп, құлдыраңдаған уақыты тұр. Бұл – бақытқа, махаббат пен мейірімге толы отбасының шырағы сөнбеген шуақты шағы еді. Осы бір мамыражай көріністі соғыс тас-талқан етті.
Сағындым Жексенқұлым, Қосшығұлым,
Өзекті жарып шыққан қос шыбығым.
Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның,
Зарына құлағыңды тосшы бүгін, –
деген өлең жолдары Қали әженің жандүниесін ашып көрсетті. Айтулы ақын Жақсылық Сәтібековтің сөзіне жазылған ән қан майданның қасіретін дәл берді.
Қали апаның үйіне де жеттік. Қақпаны ашып, ішке кірдік. Ағаштан тұрғызылған шағын екі бөлме екен. Көненің көзі болған ескі үй сықырлап тұр. Аңғал-саңғалы шыққан тағдырындай болып, қирауға шақ қалған қара кемпірдің қарашаңырағы бұл. Бойы пәс, шаңырақтың шатыры шұрық тесік, опырылып қалардай. Жақтаулары тік, әлі де жермен-жексен бола қоймапты. Қарт ананың көз жасы сіңген іздеу-сұраусыз қалған қабырғалары қисайған. Қырғыз қызы Қали ана туралы сұрастыру үшін көзкөрген көршілерімен де жүздестік.
Көрші әжейдің есімі Нұрбүбі екен. Қақпаны аша сала жақтауына сүйеніп: «Апа, біз келдік. Қара кемпір-ау, көзіңіздің тірісінде кете алмаған қарашаңырағыңызды айналшықтап, кете алмай әлі жүрген шығарсыз?! Мына балалар сізді сұрап келді. Рұқсатыңызды беріңіз», – деді. Үлкендердің жаны асыл ғой. «Әжейдің әруағынан аттап кете алмаймын», деп іштей әлденені күбірлеп, бет сипады.
– Көзінің тірісінде туысым еді деп бір жанның іздеп келгенін көрмедім. Бұл кісінің шын аты – Қали еді. Қырғыздың қызы. Жалғыздан жалғыз, ұлдарын аңсап- сағынумен, іздеумен ғұмыр кешті. Біреуді көрсе жүгіріп барып: «Балаларымды көрдің бе?», – деп сұрайтын. Әсіресе, әскерден келгендер: «Көрмедім», – десе: «Қалай көрмейсіңдер? Олар да әскерге, соғысқа кетті ғой. Бірде-бір рет кездеспедіңдер ме?», – деп бірде кейіп, бірде расымен таңданатын. Ақшасын балаларым келгенде алар деген ниетпен шөптің арасына, әр жерге жасырып жүретін. Кейін қартайып, малын игере алмай қалды. Бір бөлмеде өзі, екінші бөлмесінде қойлары мен қозы-лағы тұрған екен. Әжеге қарттық жетіп, қуат кеткен соң ауыл адамдары ұрлыққа түсіп, малын иеленіп кеткен, – деді Нұрбүбі әжей.
Жексенқұл, Қосшығұлмен шырақтарым,
Малыңды алсаңшы кеп санап бәрін.
Анаңды «жынды» атаған бұл ағайын,
Әкетер көзім жұмсам талап бәрін…
Қара шаш аппақ бүгін қырау болды-ау,
Дүние шектігі жоқ сұрау болды-ау…
Әр күнім тойға арнаған малын бағып,
Әр түнім ағыл-тегіл жылау болды-ау.
Қызылсай қырат-қырат белесі көп,
Белесте қос боздақтың елесі көп.
Білемін, өлім бар ғой, өле алмаймын,
Өйткені мал-мүлкімнің егесі жоқ…
Әрбір қыр, әрбір сайды қара кемпірдің зары тербеп тұрғандай. Күнұзақ ауыл сыртына шығып, қырат, белестерді, ой- адыр, қырды аралап, ұлдарын тосып жүретін ана балаларының келмейтініне ешқашан сенбеген. Оны ешкім сендіре де алмаған.
1993 жылы ауыл маңына Қара кемпірдің ескерткіші орнатылған. Ағаш таянып, қолын қусырған мұңды ананың бейнесі қылаң берді. Тас мүсінге айналған шерлі ананың басына қара тақта орнатылып, «Қара кемпір» деп жазылыпты.
Ескерткіште:
Қараймын Батыс жаққа келе ме деп?!
Анасын ғаріп болған көре ме деп.
Сұраймын өткеннен де, кеткеннен де,
Хабарын қос қозымның бере ме деп? – деген жазба тұр.
Ел мен жердің апшысын қуырған өртті жылдардың таңбасы талай жүректерді сыздатқаны мәлім. Баладан ананы, анадан баланы айырған тағдыр тауқыметін арқалағандардың жас жуған жанарын ешкім, ешқашан құрғата алмасы анық.
Ел ішінде Қали әженің сол үйін мұражайға айналдыру керек деген әңгіме бар. Бұл – дұрыс бастама. «Соғыс өртіне қарамай, соңғы демі шыққанша ұлдарын тосудан, сағынудан арылмаған жанның үйі бүгінде неге қараусыз қалды?» деген сұрақ та мазалайды. Расында, музей ашылса, Қара кемпірдің қолданған бұйымдары мен әскери жәдігерлерді тауып бере қоятын адамдар ел ішінен табылары сөзсіз. Бұл да бір тарихтың таңбасы болып қалатыны ақиқат.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ